Ауған соғысының жазылмас жарасы

1866

0

Ауған соғысы 1979 жылы басталып 10 жылға созылды. Сандарға сүйенсек, Ауған жеріне сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық, оның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметін өтеді. Жат жерде 924 қандасымыз ерлікпен қаза тапса, 21 жас жауынгер хабарсыз кетті. Ал, Қызылорда облысы бойынша Ауған соғысына 822 жерлесіміз атанды, 18 боздақ қыршыннан қиылды. 30-дан астамы елге мүгедек болып оралды. Сұрапыл соғыста, ұрыс қимылдарында батылдығымен ерекше көзге түскен сарбаздар «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да жауынгерлік төсбелгілермен марапатталды.

        1989 жылдың 15 ақпанында ауған соғысына қатысушы жауынгерлер Отанға оралды. Содан бері бұл күн Ауған соғысы аяқталған күні ретінде аталып келеді. Осы күні «Мәңгілік алауға» интернационалист жауынгерлер, әскерилер мен офицерлер ұрыста қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Сыр өңірінде қазір  ауған  соғысының 640 ардагері бар. Оларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып келеді. Облыстық «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігі ардагерлер құқығын қорғайды. Отбасына қолдау көрсетеді. Ардагерлер арасында түрлі  спорттық шаралар ұйымдастырады. Отан үшін от кешіп ерліктің үлгісін көрсете білген жауынгерлерімізді ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.

       Бүгінде жастық шағын жат жерде, от жалынында өткізген жандардың алды алпысты алқымдап, жетпістің желкеніне мінді. Омар Тұрманов 1982 жылы әскерге шақырылып, азаматтық борышын өтеу үшін Өзбекстанға аттанды. Онда  сарбаздарды даярлайтын арнайы оқу орнында тәлім алып, қызметін атқарды. 1983 жылы оларды Ауған жеріне өткізді. Омар жаяу әскер құрамында шайқасты. Майдан кезінде батылдығымен көзге түсіп, тапсырылған операцияны сәтті аяқтағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Қанқұйлы шақта бір ажалдан аман қалды. Кезекті ұрыста мина басып, ауыр жарақат алып, госпитальға жатқызылды. Бір аптадан соң Ташкентке жіберді. Онда ота жасалып, бір аяғынан айырылды.  Арада қанша жыл өтсе де, Омар үшін Ауған жеріндегі соғыс жүрекке түскен жара іспеттес. Кейде түсінен шошып оянады.

    Ер сыналар шақта құрбан болған ержүрек батырларымыз әрдайым ел есінде. Бүгінгі ұрпақ оларды ұмытпауы тиіс.

Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<