Cталинге телеграмма салған майдангер

972

0

Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардақты азамат, екі соғыстың ардагері Қалибек Бекетовты Жалаңтөс Баһадүрдің ұрпағы ретінде ауданы халқы жақсы танитын еді.

Қ.Бекетов 1924 жылы Қазалы ауданында туған. Жасынан зерек өрен жақсы оқығандықтан 1941 жылы мектеп бітірісімен еңбек жолын өзі оқыған Абай ауылындағы бастауыш мектептен бастайды. Ол кезде мұғалімдердің жетіспейтін еді. 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, жаяу әскер училищесінде оқып, старшина шенімен майданға жіберілді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген, ол Курск доғасындағы әйгілі шайқастың ортасынан дін аман шығады. Майдангер соғысты Берлинде аяқтады. Сонан соң Қиыр Шығысқа жіберіліп, жапон басыншыларын талқандауға қатысты. Әскери қызметтен 1947 жылы босап, елге оралады.  

Майдангер Қазалыға келгенде анасы сотталып кетіпті. Айымжан егістіктен қайтарда үйдегі ашқұрсақ балаларына қуырып беру үшін жерде қалған бидайды біртіндеп теріп, қос уыс болғанда жаулығының ұшына түйіп, алып келе жатқанда егіс бригадиріне ұсталып қалыпты. Тәртіптің қатты кезі, сонан 10 жылға сотталып кете береді. Мұны естігенде ол есінен танып қала жаздады. Орысша сауаты анасын құтқарып алуына септігін тигізді. Дереу почтаға барып: «Шұғыл. Москва. Кремль. Сталинге» деп телеграмма салды.  Онда өзінің екі соғысқа қатысқаның, ерлігі үшін екі орден, бірнеше медальдармен нагартталғанын, Жоғары Бас қолбасшысыдан алған екі алғыс хатын алға тартып, соғыстан соң 2 жыл бойы Забайкаль әскери округінде әскери қызметте болғаның жазып, анасына рахымшылық жасауын өтінді. Қуанышты хабар 1 айдан соң келді. Осылайша анасы Айымжанды сонау Сібірден босатып алды.

Ол аудан орталығындағы № 67 (70) мектепте ұстаздық қызметін атқара жүріп Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай оқып бітіріп алды. Қалибек ағай саяси сауаттылығының арқасында бірнеше рет НКВД-нің құрығынан аман қалды.                                     

Елу жылға жуық шәкірттеріне білім нәрін сеуіп, тарих, география, құқық, математика, сурет,сызу, ән, дене тәрбиесі пәнінен сабақ берумен қатар қолынан қаламы түспеген ақын болды. Өлеңдері мен шежірелері баспасөз беттерінде жарық көріп тұрды. Өзі ақындық нағашымнан дарыған деп айтып отырушы еді.

Анасы Айымжанның ағасы Нұржан белгілі ақын болған, басшылық қызметте жүргенде «халық жауы» деген жаламен 1937 жылы ұсталып кеткен. Баһадүр бабасы Жалаңтөс туралы ел аузынан жүйелі түрде жинаған мол шежіресін естігендіктен, 1991 жылы республикалық теледидардың «Атамекен» бағдарламасының журналистері әдейі келіп сұхбат алып кетті.

Ақтөбе қаласында тұратын кенже ұлы Уран әкесінің мол шежіресі мен өлеңдерін жинақтап «Қазағымды, Қазалымды жырлаймын» деген атпен кітап шығарды. Майдангер Қ.Бекетовке Жеңістің 70 жылдығына орай Әйтеке би кентінде көше атауы берілген тұста ұлы осы кітапты екінші рет шығарып, елдің алғысын алды. Қ.Бектов аудандағы мәдени шаралардың барлығына қатысушы еді, домбыра, мандолина, сырнай, пианинода ойнайтын. Пианино ол кеде бұзаулы сиырдың бағасымен бірдей еді, екінің бірі ала бермейтін, «жазғы еңбек демалысымның ақшасы жетіп тұрғасын, балдарым үйренсің деп алдым» деген еді.

Дархан жүректі азамат әуесқой актер де болды. Қазалы халық театры қойған драматург Корнейчуктің «Платон Кречет» спектаклінде теміржолшы В.Карпов екеуі басты рольде ойнады.1965 жылы Ә.Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» спектаклінде басты рольде ойнады. 1978 жылы Ақмола  қаласында Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығының 1-ші фестивалінде Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы бойынша қойылған спектаклінде

Құдайменді болыстың ролін шынайы сомдағаны үшін лауреат атанды.

Ақкөңіл, дархан мінезді азамат 1992 жылы 68 жасында дүниеден өтті. Замандастарының алды болып «сегіз қырлы, бір сырлы» атанған ұстаз, жары Әлифа екеуі 3 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, қоғамға қосты.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<