ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ЕРІ

370

0

Жаңақорғандағы Қожакент ауылында ауданның құрылғанына 90, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің туғанына 95 жыл толуына орай «Тарих. Тұлға. Қожакент» атты танымдық шара өтті. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Ғалым Әміреев жұртшылықты құттықтады.

– Әр ауылда, әр елді мекенде ауданымыздың 90 жылдығына орай елдің еңсесін тіктеп, ынтымағын ұйыстыратын шаралар өткізіліп келеді. Міне, бүгін қоғам және мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімов ағамыздың 95 жылдығы оның кіндік қаны тамған жері – Қожакент ауылынан басталып жатыр. Ауылдан шығып, соншалықты биіктерге көтерілген ардақтымыздың  бағасын халқы біліп еске алып жатса, кейінгі ұрпақ үшін тәлімді іс болады деп ойлаймын, – деген Ғалым Махмұтбайұлы Жаңақорған ауданының өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу бойынша облыста алғашқы орынға шыққандығын айтып, осы жетістіктерді әлде де жалғастыру үшін толымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде күні кеше ғана Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының мән-жайына тоқталды. Мұнда барлық сала жан-жақты қамтылғандығы айтылды.

Көрермен көпшілік белгілі айтыс ақыны Әбілқайыр Сыздықовтың Исатай Әбдікәрімовтің 95 жылдығына арналған толғауын сүйсіне тыңдады. «Исатай боздаланың Құлагері, Мына ел шабысының куәгері. Еңбектің майданында ер атанған, Марапат биігінің мұрагері», деп өлең жолдарын төгілткен ақын азаматтың ел алдындағы еңбегін жыр жолдарымен әдемі өрнектеді. Ал ҚР еңбегі сіңген қайраткер, белгілі журналист Ержан Уәйістің сөзі де барынша әсерлі шықты. Ол өз сөзінде Исекеңнің жұрт біле бермейтін қасиеттерін алға тартып, оның озық өнегесін жұртшылыққа шебер жеткізе білді. Социалистік Еңбек ері атағын алған қайраткер Сыр бойының бірнеше ауданында басшылық қызмет етіп, кейіннен облысты 6 жыл басқарып, Қазақ ССР Президиумының төрағасы лауазымына тағайындалады. Ал тарих ғылымдарының докторы Хазірет Тұрсынов қоғам қайраткерінің ел алдындағы парызын адалдықпен орындағанын атап өтті. Қайраткердің туыстары атынан сөз алған қарындасы Қалдыгүл Әбдікәрімова осы шараны ұйымдастырушы аудан әкімдігі мен жергілікті ауыл басшыларына алғысын білдірді.

Осы күні Исатай ағамыздың тұл­ға­сын айшықтай түскен айтыс өтті. Оны Манап Көкенов атындағы мек­теп­тің директоры Уәли Ибрагимов шебер жүргізіп, жұртшылықты ри­за етті. Онда қызылордалық Жұма­бай Шерниязов, сырдариялық ақын Төрехан Совет, қармақшылық Тұрар  Бекмұрзаев, Түркістан облысының өкілі Тұрар Тілеулі және шиелілік Бекжан Ержігіт пен Әбілқайыр Сыздықов­тар сөз сайыстырды. Бұл айтыста қатысушы ақындардың бар­лы­ғына бағалы сыйлық табыс етілді. Ауыл әкімі Асылбек Айтжановтың ұйым­дастыруымен ауылдағы мекемелер, кәсіпкерлер мен шаруа қожа­лықтары хал-қадірінше шараға демеушілік көрсетіп, мерекенің биік дәрежеде өтуіне атсалысты. Бұл ауыл тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің көрінісі екендігі анық. «Исатай атамыз – елінің адал перзенті, бақ қарап, қыдыр дарыған қадірлісі. Осындай алып тұлғаның біздің қарапайым ауылымыздан шыққандығына қуана­мыз әрі мақтанамыз» деген ауыл әкімі тау алыстаған сайын биіктей бере­тіндігін еске алып, тағылымды тойдың ардақтысын алқалаған ағайынға ғибрат болып қалар өнегесі қымбат екендігін  ақ жарыла баяндады.

Осы күні спорттық жарыстарда оза шапқан үздіктерге де Исатай Әбдікәрімов атындағы жүлде беріліп, өнерпаздар да марапатталды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<