Екінші дүниежүзілік соғыста бүкіл қазақстандықтармен бірге қызылордалық жауынгерлер де Отанға берген антын адал орындап, ел басына түскен сын сағатта өз борышын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылды. Мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша майданға 150 мың ер-азамат аттанған болса, олардың 30 мыңы елге оралмады.
Соғыс кезінде майдандағы ерліктері үшін 20 мыңнан астам қызылордалық жауынгер КСРО орден-медальдарымен марапатталса, ерлігі мен қаһармандығы үшін 22 қызылордалық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Еңбек даласында жұмыс істеген әйелдер, жасөспірімдер мен қарттардың ерен еңбектері Жеңіс күнін жақындата түсті.
Ендігі біздің парызымыз – ардагерлерді қамқорлыққа бөлеу, олардың майдан даласы мен тылдағы ғажайып ерліктерін болашақ ұрпаққа ұлықтап, үлгі ету. Осы орайда, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі от кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар мен аты аңызға айналған ерлердің ерлік істерін келер ұрпаққа дәріптеп отыр. Музей қоры мен экспозициясында олардың суреттері мен жеке құжаттары, соғыс кезінде оларға берілген ордендер мен медальдар, мадақтамалар, түрлі деректер мен мәліметтер сақтаулы.
Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Ленинград қаласын қорғауда көзсіз ерлігімен үлгі болған, бірнеше медальмен марапатталып, 4 рет Жоғарғы Бас қолбасшыдан алғыс алған, үш мәрте «Даңқ» орденінің иегері Кәкім Әбдіқадыров атамызды еліміз мақтан тұтады.
Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыста жауынгерлер жаумен шайқасса, елде қалған азаматтар тыл жұмыстарын ұйымдастыруда, майданға қаржы жинауда қыруар істер тындырып жатты. Майданға ерікті түрде көмек көрсету майдан мен тылдың арасын жақындата түсті. Осындай Отанға адал қызмет еткен азаматтардың бірі – Қазалы ауданы, «Қызылту» колхозының төрағасы Қашақбай Пірімов. Өз дәуірінің алға қойған міндеттерін орындауда табандылық, жігерлілік, қабілеттілік таныта білген Қ.Пірімов «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасауға қаржы жинау барысында өзінің еңбекпен тапқан қаржысынан 100 мың сом көмек беріп, замандастарына үлгі болды.
Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қиын күндерде елден жолданған әрбір хат жауынгерлерге рух беріп, қайраттандырып отырды. «Туған жерді қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз» деген сенімін шыңдады. Туған елге деген сағынышқа толы мына хаттар сол қиын күндерден сыр шертеді.
Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған 101-атқыштар дивизиясының политругі Сүлеймен Сейітов – Отан қорғауға өз еркімен аттанған алғашқылардың бірі. Майдан даласында ерлік үлгісін көрсеткен оның фотосуреті мен құжаттары музей төрінде сақталған.
Жарты әлемді жайлаған алапат соғыс қаншама шаңыраққа қасірет әкелді. «Қара қағаз» алмаған отбасы қалмады. Сол зұлматты күндердің куәсіндей болып сақталған, майданда қаза болған Қара Арысбаевқа келген «қара қағазды» көрген сайын жүрек сыздайды.
Бұл соғыста Сыр елінің талай боздағы жеңісті жақындатуға атсалысты. Соғыстан екі қолсыз оралып, елге келген соң бейбіт өмірде еңбек майданының алғы шебінде болған асыл азаматтарымыздың бірі – панфиловшы Пернеахмет Ерденовтің фотосуреті мен құжаттары, мемлекеттік наградалары музей қорында сақтаулы.
Соғыс жылдарында ақшаның шығарылмауына байланысты халық қажетті тауарлардың барлығын есепті карточкамен алғаны тарихтан белгілі. Сол кезеңдерде халықтың пайдаланған азық-түлік карточкасы (прикрепительный талон, продуктовая карточка на продовольственные и промышленные товары), сонымен бірге ақша реформасы мен карточканың тоқтатылуы туралы 1947 жылғы СССР Министрлер Советі мен Орталық комитеттің шешімі музей залының экспозициясына қойылған. Бұл құнды құжаттардың барлығы өткен күндерден мәлімет береді.
Майдан мен тылда ерлік көрсеткендер күн өткен сайын азайып барады. Бірақ олар жасаған ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Жаумен шайқаста аға ұрпақ қол жеткізген Жеңіс кейінгі ұрпаққа аманат болып жетпек.
Эльзира САҒИТЖАНОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<