Ізгілік алауын жаққан қаламгер еді

430

0

«Жаңа ғана Қазақстан Жазушылар ода­ғының инстаграмынан Айжарық Сәді­бекұлының дүниеден өткенін оқыдым. Аға әріптесіңіздің қазақ руханиятының қадірлі бір азаматы, көненің қадірлі көзіндей болмыс екенін өзіңіз менен артық білетін боларсыз.

Газеттеріңіздің қоштасу бетінде менің де көңіл айтуымды  берулеріңізі өтіне­мін. Мүмкін болса, қысқарт­пасаңыздар.

Өзіңізге, ұжымға амандық, шығармашы­лық табыстар ті­леймін» Құрметпен, Әлия Бө­пежанова» делінген хатта. Біз бел­гілі себептермен хатты газеттің сол нөміріне бере алмадық. Бүгін толық мәтінде назарға ұсынылды.

«Ай көңілді Айжарық ағатай, иманыңыз саламат болсын, жаныңызға жәннаттың төрінен орын бұйырсын деп тілеймін.

Сіздің дүние-жарықтан өт­кеніңіз туралы хабарды естіп, қайғырып отырмын. Өзіңізбен ешқашан көзбе-көз жүздесіп, әңгімелесудің орайы келмесе де қадірлі бір ағам едіңіз. Телефонмен айтатын пікір­леріңіз, хатпен жолдайтын орнықты ойларыңыз, әлдебір түйсікпен ғана сезінуге болатын қамқорлығыңыз жанымызды жы­лы­татын. Асекең, Асқар Сүлейменов туралы 1999 жылы жарық көрген «Па­расат падишасы» жинағы туралы эссеңізде, жалпы Асқар дос-замандасыңыз туралы естеліктеріңізде қаншама мейірім, ізгілікке деген махаббат бар. Бұл қасиеттеріңіз шығармашылығыңызға да тән екенін жақсы білемін.

Сіз туған ел,  жер тарихы, әлеуметтік ортаңыз бен замандастар өміріне сонша­лықты сергек және осы ұғымдарды мағына­ландыра түскен қаламгер болдыңыз. Осы асыл қасиеттеріңіз ұрпағыңыз бен шығар­маларыңыз жарығымен жалғасуын тілейміз.

Айжарық ағаның отбасына, туған-туыс, қаламдас достарына, Қызылорда жұртшылығына  қайғысына ортақтасып, кө­ңіл айтамын.

Айжарық аға сияқты өзінің туған жерінде өмір кешіп, өнер жасаған, ізгілік алауын жаққан қа­лам­герлеріміздің ел  рухания­тындағы орнын тани білу,  салиқалы пайымдаулар жасаудың уақыты келген сияқты… Аман болыңыздар, елдегі Ағалар».

Әлия Бөпежанова,

сыншы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Алматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<