Капитан

157

0

Құқық қорғау саласына келгеніне 15 жыл уақытқа жуықтаған Гүлназдың әріптестері алдында абыройы озық.

Әуелде отбасындағы жалғыз бұрымдысын ауыртпалығы мол мамандыққа жібергісі келмеген марқұм әкесі Темірбек кейін талабын қайтармады. Тіпті, қайсар қызының өжеттегіне сүйсініп, батасын беріп, осы салада жұмыс істеуіне өзі бастап ниеттес болды.


Қызылорда қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының аға инспекторы Гүлназ Сарбасованың шені – капитан. Ерлерге бергісіз еңбек етіп жүрген оның оқушы күнінен «полиция боламын» деген арманы ойынан бір шықпапты. Осы мақсаттың жетегімен мектепті жақсы бағамен бітіріп, жоғары оқу орнына қабылданды. Сыр бойындағы белді білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдап, білікті маман атануға қадам бас­ты.


– 2006 жылдан бастап құқық қорғау саласында жұмыс істеймін. Отбасында екі ұл, сосын мен ғана. Шыны керек, үйдегілердің дәл осы салада ешқайсысы қызмет атқармаған. Әкем Темірбек зауытта жұмыс істеді, сонда зейнетке шықты, анам Алтынай балабақшада тәрбиеші болды. Қарапайым отбасыда қазақы тәрбие алып өстік. Жалпы қыз бала әкеге жақын болады ғой, өзім әкемді әлі де үлгі тұтамын. Ол кісінің әр сөзі мен үшін қағазға түскен заңдай қалыптас­қан, – дейді капитан Гүлназ.


Иә, Темірбек ақсақал жалғыз қызын о баста тәртіпке, жауапкершілік пен досқа адал болуға үйретіпті. Әсіресе, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтыны, бүгінгі істі ертеңге қалдырмау сынды қасиет­тер Гүлназға әкеден жұққан.


– Өзі қыз бала әрі жалғыз болса, қандай ата-ана да қарсы болары анық. Өйткені, ішкі істер жұмысы – өте күрделі әрі қиындығы мол сала. Бірақ, бала күннен армандағаным «полиция қызметкері» атану болды. Ата-анам да қайтпас табандылығымды байқап, батасын берді. Осылайша, өжеттігімнің арқасында сүйген мамандығыма келдім, – деп күлді ол.


Қызметте қайсарлығымен танылған Гүлназ – өз отбасында адал жар, ибалы келін, қос бүлдіршіннің анасы. Жұмыс ауыртпалығын үйде білдірмей, отбасы тіршілігін қатар алып жүрген біздің кейіпкер «қызметтік көңіл-күйді үйге әкелмейтіннің» қатарында.


– Өсіп-өнген әулетке келін болдым. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Қызметтегі жетістігім сол кісілердің арқасында шығар, өйткені, әр бастамама қуанып, қолдап отырады. Өзімнің де қолым қалт етсе, бар уақытымды осы кісілерге арнап, бабын жасау­ға тырысамын – дейді ол.


Бүгінде Гүлназ қала көлемінде орналасқан бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылық пен қылмыс­тарды анықтап, дер кезінде ауыздықтау­ға себепші болып келеді. Ол 14 жылдан аса қызмет барысында екі мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтапты. Ал былтырдың өзінде 30 шақты қылмыстың алдын алған. Антына адал, жауап­кершілік жүгіне мығым капитан Гүлназдың бар тілегі біреу-ақ. Ол – ел тыныштығы мен бейбіт өмір.


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз