Өткенге хат (майдангер атама)

1955

0

   « Соғыс өрті шарпыса да тәніңді,

От жалыны өртемеді жаныңды.

Жеңіс күнін жақындатқан жайсаңдар

Басымды иіп, құрметтеймін барыңды!..

     Өткен шаққа хат жазу оңайлыққа соқпасы анық. Ардақты Нәби ата, Сізге қолыма қалам ұстап хат жазу көптен ойымда жүрген еді. Биыл сіз сыйлаған ұлы Жеңіс сәтіне 75 жыл толуы бұл ойымды жүзеге асыруға серпін берді.

     Бір ғасырдың үш ширегіндей уақыт сол күн мен бұл күннің арасын жалғастырып жатыр. Сол күн дегенім – 1418 тәулікке ұласқан сұм соғыстың соңғы нүктесі қойылған ұлы Жеңіс күні. Сұрапыл майданда оқ пен оттың ортасында дұшпанмен шайқасып, денесін тескен жау оғымен жаралы күйде елге оралып, ұзақ жыл абыройлы қызмет жасап, бақуатты ғұмыр кешіп, абыз ақсақал шағында мәңгілікке сапар шеккен анамның әкесі, яғни нағашы атам Нәби Беркімбайұлы, Сізге хат жазбаққа бекіндім.

Сәлем бердік, майдангер абыз Атам!

     Атажан, сіз сексен жастың сеңгіріне шығып, жұмақ мекенге аттанып кеткеннен жер шары алып күнді үш айналып шыққан соң өмір есігін ашыппын. Қазір жасөспірім, балауса қыз баламын. Аралдағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқимын. Сіздің ең кенже қызыңыздың тұңғышымын, жиен немереңіз боламын. Оң-солымды танып, дүниеге көзқарасым кеңи түсіп келеді.

     Ұлы Отан соғысы деп тарихта орын алған оқиғаның да, жалауын желбіреткен Жеңіс күнінің де маңызы мен мәні ерекше екендігін де түйсігімізбен түсініп келеміз.

     Сіздің асыл бейнеңізді, ақ шалған жүзіңізді суреттерден көріп, қайсар мінезіңізді көз алдыма елестетемін, жүрегіңіздің жылуын сезінгендей боламын. Сол бір көктен оқ жауған ойран заманда кеуделеріңізді отқа қарсы төсеп, отанды жау табанында таптатпау үшін жасаған ерліктеріңізге тәнті боламын. Өрімдей жас шағыңызда өзіңіз секілді сан мыңдаған жас сарбаздармен бірге бір ту астында жауға төтеп бердіңіздер.

     1943 жылғы Сталинград шайқасы кезінде Мамай қорғаны түбінде фашистерді ойсырата жеңіп, көзсіз ерлік жасаған солдаттардың қатарында орден-медальдармен марапатталдыңыз. Аталмыш Сталинград шайқасының жеңісіне биылғы ақпан айында 77 жыл толыпты. Алайда, осы ұрыста ауыр жараланып, госпиталь төсегіне таңылып, бірнеше отаны бастан өткеруіңізге тура келген екен. Дегенмен, Сіз үшін ең бастысы денеге түскен жарақат емес, жауды жеңген жеңісіңіз рух-жігер бергенін анық сеземін.

     Ұлы Отан соғысы кезеңінде одақтас елдердің азаматтары жұмыла жұдырық болып, төтеннен төнген фашистік зұлматқа тойтарыс берді. Қазіргі бейбітшілік орнаған дәуірдің жас ұрпақтары үшін сіздердің ерен ерліктеріңіз біздің жүректерімізде мәрмәр тасқа қашалып жазылғанын біліңіздер. Майдан даласында қаны төгіліп, жеңіс сәтін көруге жазбаған жаужүректердің морт сынған ғұмырын біз жалғаудамыз. Демек, Ата, сіздердің кескілескен ұрыстағы шайқастарыңыздың, суша аққан қандарыңыздың, оқ тескен сүйектеріңіздің өтеуі болды деген сөз. Соғыс алаңында батырлар жанын шүберекке түйіп жауға шапса, тылда тынбастан еңбек еткен аналар мен жас баладан бастап таяққа сүйенген қариялар да жеңіс сәтін жақындатуға үлестерін қосты.

     Ұлы Отан соғысының қаһарлы кәріне тайсалмастан тіке қарай білген барша жанның өлшеусіз ерліктеріне солардың аманат нәтижесіндей, салауатты ғұмыр кешіп жатқан жас ұрпақтарының атынан шынайы Алғыс айтамын.

   Рас, соғыс шығынсыз болмады. Миллиондаған жауынгер мерт болып, «үшбұрыш хат» келген сансыз отбасы қайғыдан қара жамылды. Қара далада қанға бөгіп құмға көміліп, хабарсыз қалғанында есеп жоқ. Жарақат алып жарымжан күйде еліне жете жығылғандары қаншама. Ата, сіздің көрер жарығыңыз бар екен, жаралы болсаңыз да, шаңырағыңызға аман оралып, ұрпақ тәрбиелеу бақыты маңдайыңызға жазылыпты.

     Анамның айтуынша, денеңізде соғыс салған таңбадан сау жер жоқ екен. Дәрігерлер көкірегіңізден алуға дауаламағандықтан, алпыс жыл денеңізде жүрген оқ жарқыншағын өмірден өтеріңізде өзіңізбен бірге ала кетіпсіз.

     Жетпіс бес жыл бұрын тәмәмдалған соғыстың жай-жапсары мәңгіге ұрпақ жадынан өшпеу үшін  ел ағалары қажетті іс-шараларды жыл сайын атқарып келеді. Өскелең жастар да соғыста ерлік көрсеткен батыр бабаларының естелік мұраларының сақталуына өз үлестерін қосуда.

     Өзім тарапымнан да, Ата, сіздің қаһармандық болмысыңыз туралы өлең шумақтарын жазып, жыл сайын анамызбен бірге сіздің кеудеңізге орден-медаль толған портретіңізді биік ұстап, жеңіс шеруінде құрмет көрсетеміз. Мектепте Ұлы Отан соғысы, Жеңіс күндері тақырыбында ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене араласып, зерттеулер жасап, мектепішілік тәрбие сабақтарында баяндамалар жүргіздім. Әлеуметтік желілерде Ұлы Отан соғысының оқиғалары жөнінде достарыммен пікір алмасамыз. Жеңіс күні қарсаңында отбасымызбен бірге Сіздің қабіріңіздің басына барып, дұға бағыштаймыз. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, тебіреніп еске аламыз.

     Қадірлі, Ата! Сіз еш алаңдамаңыз, ұрпақтарыңыз сіздер көрген зұлматқа енді ешқашан да куә болмайды. Мамыражай ғұмыр кешіп, сіздер аңсаған бейбіт әрі бақуатты елді одан әрі көріктендіре түсуге өз үлестерімізді қосып, адал қызмет қыламыз. Ұрпақтарыңыз аман-есен, жапырақтай жайқалып өсіп келеді. Бұл күнде өткен дәуірді келешек елдің есінде сақтап, бейбіт заман сыйлаған майдангерлердің ерліктерін еш ұмытпай, дәріптеп, әрі кие тұтып жүреміз.

     Еліміздің қатпарлы тарихында бұдан әрі соғыс деген тараулар орын алмайды, Сіз бұған кәміл сеніңіз.

Жан-жағынан зәрлі оқ қарша борап жатса да,

Қарсы алдынан сұм фашист зеңбірекпен атса да,

Снарядтың сынықтары сүйегіне батса да,

Шейіт кеткен жауынгердің қаны мұз боп қатса да,

Зұлымдықтың заһар дәмін еріксізден татса да,

қас жауын хас батырлықпен жайрата жеңген барша қаһарман ардагерлеріміз еліміздің ең жоғарғы құрмет-лебіздеріне лайықты!

     Пейіштің бағында нұрыңыз шалқып, бізді желеп-жебеп жүре беріңіз, қадірменді Атам! »

Хат жазушы –

жиен немереңіз Нәзгүл БАЛТАБАЙ

           Арал қаласы, Т.Г.Шевченко атындағы

           №13 орта мектебінің 8«В» сынып оқушысы

…………………………

   Қосымша ақпарат:

Жауынгер Нәби Беркімбайұлы (1922-2002жж)

1942 жылдың қаңтар айында соғысқа аттанған. Сталинград шайқасына қатысып,

1943 жылы Мамай қорғаны түбіндегі ұрыста ауыр жараланады. Госпитальда бірнеше ай ем қабылдап, 1943ж күзінде елге оралады. Ерліктері үшін бірқатар орден-медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі бейбіт заманда зейнетке шыққанша қоғамдық тұтыну салаларында абыройлы қызмет еткен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<