Он сегізінде от кешкен

316

0

Екінші дүниежүзілік соғыс­тың оты сөніп, Жеңіс туының жел­бірегеніне 74 жыл толды. Қан майданнан аман орал­ған санаулы ғана сарбаз қалды. Олардың әрқайсысын қадір­леу, құрметтеу, оған қоса жас­тығы мен денсаулығын  соғыс даласында қалдырған, бүгінде өмірден өтіп кеткен арда­гер­лерді еске алу – бейбіт күннің бесігінде тербелген әрқай­сы­мызға парыз. 

Менің әкем Әби Қа­мысбаев соғыс бас­тал­ғанда 18 жас­та екен. Соғыс оты өршіп тұрған 1942 жылы әскерге алын­ған. Қазір тарихтан қарасақ, бұл жыл со­ғыстың ең ауыр да қанқұйлы кезеңі болыпты. Қызыл Армия Ржев, Харьков, Новгород түбіндегі ұрыстарда орны толмас шығынға ұшы­раған.

Әкем алдымен Семей қала­сындағы 3 айлық курс­тан өт­кен соң, Калинин майданына жі­берілген. Калинин май­даны – Жеңіс жолындағы ше­­шуші шайқастардың бірі бол­ғаны белгілі. Осы майданда қарсыластар батысқа қарай шегініп, Мәскеу, Калинин және Тула облыстарының он­­да­ған қалалары мен жүз­деген селолары бас­қыншылардан азат етіл­ді. Қиянкескі ұрыс­тың ор­та­сына түскен жас жігіт ерліктің үлгісін көр­сетті. Елге қалайда аман оралуды, бір атадан жал­­ғыз бол­ғандықтан от­басын құ­руды ойлады. Қайсарлық пен табан­ды­лықтың үлгісін көр­сетті. Жау оғынан жараланып,  1945 жылы жеңіспен орал­ды.

Соғыстан кейінгі тұ­ра­лаған шаруа­шы­лықты қалпына кел­тіру, қам­көңіл жандарды жұ­бату жолында талмай еңбек етті. ПМК партия ұйымын бас­қарып, Сырдария аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды. Кейін қалалық партия комитетінде, од­ан соң об­лыстық партия комитетінде ең­бек етті. 1974 жылдан бастап өмі­рінің соңына дейін об­лыстық кәсіподақ ұйы­мының салалық төрағасы қызметін атқарды.

Отбасында ағайынды же­теумізді тәрбиелеп өсірді, бар­лығымыздың жоғары білім алуы­­­мызды, орнымызды таб­уы­мызды өз өмірінің басты мақ­сатына балады. Прин­цип­теріне адал, бә­рімізден шын­дықты, тия­нақтылықты  талап ететін. Ұл-қыздарын ең­бекпен есейтті. «Өзіңе арқа сүйеп келген адамнан көмегіңді аяма. Үл­кенді сыйлай білмесең, ер­тең үлкейгенде сый-құрмет көр­­­­мейсің» деген ақылды көп ай­татын. Он сегіз жасында от кешкенмен, бойындағы  мейі­­рім­ділігі, кісіге деген ша­пағатын жоғалтпаған жан еді. Жақын-жуықтан қолынан келген көмегін аямайтын.

Әкемнің соғыс жылдарында және бейбіт өмірде жа­са­ған еңбегі «За боевые зас­луги», тағы бірнеше медаль­мен, «Халықтар дос­тығы» орде­ні­мен мара­патталды. «Зейнетке шық­қан соң, балаларым мен немерелерімді бағып, қылық­тарын қы­зықтап отырсам» деп армандайтын еді. Бірақ тым ерте 58 жасында дүниеден озды. Жеңіс күні жақындағанда жер жаһанның жартысын шар­­пыған соғыс туралы, оның же­ңімпаздары ту­ралы көп айтамыз. Сол жеңімпаздардың ара­­сында  әкеміз Әби Ах­мет­ұлы Қа­мысбаев та болғанын ұрпағы мақтан етеміз.

Салтанат ҚАМЫСБАЕВА. 

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<