«Ортақ үйіміздің тазалығы өзімізге керек»

798

0

Қала көшелеріндегі қарбалас тірлік. Құмырсқадай құжынаған халық, ағылған көлік. Бұл көрініс кейіпкеріміз Баянсұлу Сқақованың он шақты жылдан бері көз алдында.

«Қызылорда тазалығы» ­се­рік­­­тестігінің қыз­­­­­­меткері ап­та­­­ның алты кү­нінде таңның аты­­­­­сынан кештің ба­­ты­сына дейін далада жүреді. Сыпырғышы мен күрегі қо­лынан түскен емес. Өйт­кені қала тазалығына үлес қосу – міндеті. Қыстың қытымыр ая­зына, жаздың аптап ыстығына шы­дағаннан басқа амал жоқ. Оған Қызылорданың азынаған шаңды желі қосылғанда тіпті қиын. Бірақ тазалық сақшылары солай екен демейді. Беттерін бүр­кеп алып тырбанып жүргені. Тір­шіліктің қамы.

– Көп адамға тән кемшілік – жинаған жеріңді артынша бүлдіріп кетеді. Қоқысты жәшік­ке апарып салу керегін айт­сақ, өзімізге дүрсе қоя береді. «Шаруаң болмасын!» деп. Кей­бі­реулер келеке етеді. Ауасын жұтып, суын ішіп отырғасын бұл жер бәрімізге ортақ емес пе?! Біз міндетімізден қашпаймыз. Бі­рақ халық шашылмаған жер таза бола­ты­нын білуі тиіс, – дейді кейіп­керіміз.

Баянсұлу апа – 13 баланың анасы. Іргетасы сыз тартқан, қа­бырғасы көгерген үйде қазір 17 адам тұрып жатыр. Тұрақты табысы бары – осы кісі. Қолына тиетін 70 мың теңгеден астам жалақы коммуналдық төлем мен ішіп-жемнен артылмайды.

– Баспана тарлық етіп отыр. Оның үстіне, қауіпті. Қанша жамап-жасқағанмен пайда жоқ. Балалардың тұрақты жұмысы болмағасын үй алуға шамамыз жетпейді. Ешкімге алақан жайып көрген емеспін, мені қинайтыны – осы ғана, – дейді кейіпкеріміз.

Баянсұлу апаның өзі сияқты батыр аналар қоғамдық көлікте тегін жүрсе деген тілегі бар. «Көше сыпырып жүргендерді курорт-санаторийге жіберіп тұрса, тіпті жақсы» дейді тағы. Өйткені ыстықта да, суықта да далада жүру кез келгенді қажытып жіберетіні рас.

Ол кісі күрегіне сүйеніп тұрып «Аллаға шүкір» дегенді жиі қайталады. Ұл-қыздарын бағып-қағып, аяққа тұрғызудың ауырт­палығын әлі көріп келе жатса да тәу­башылдығына тәнті болдым. Әңгімеміздің соңында Баянсұлу апа әйел-аналарды мерекемен құттықтады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<