Қазине қыз

6654

0

Торғай өңіріндегі Сарыторғай өзенінің «Екі дің» елді мекенінің тұсында таяқ тастам жерде қысы-жазы өрттей алаулап, көзге ыстық көрініп тұратын қызыл күмбезді кесене бар. Қызғалдақтай қысқа ғұмырын ел бірлігі жолында құрбандыққа шалған аруға арналған бұл мазарды Батпаққара халқы «Дала Тәжі-Махалы» деп атайды.

– Бір жолы Сәбит Мұқанов осы ауылда М.Қаратаевпен бірге болғанында әлгі қызыл кесенені көріп, керемет таңғалыпты. Ақкөңіл Сәбең жанарына жас алып: «Мынау менің халқым сүйген Сұлушашымның мазары ғой. Мен Сұлушашты бекер жазбаған екенмін» деп кесененің қасында ойға шомған қалпы, үн-түнсіз ұзақ отырып қалыпты.

Сарыторғайдың кәусар суына шомылып өскен баламыз. Ауыл ақсақалдарынан бұл әңгімені талай естігенбіз. Көшекбай атамыз тәрізді шежіре көкірек шалдар айтатын: «Сол күні-ақ дастарқан басында ақсақалдармен бас қосып, әңгіме-дүкен құрғанда Сәбең кесененің тарихын сұрап, кеш бойы оның сырын шерткен едік» деп. Бұл өзі бір үзік сыр, – дейді естелік-жазбасында Мақсұтбек Сүлеймен.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі С.Мұқанов «Сұлушаштың мазары» деп бейнелі түрде қабылдап, тәу еткен кесене – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қос батыры Ділдәбек пен Мырзабектің туған қарындасы Бәтиманың бейіті еді. Оны Төлек руынан Бейсен деген кісі салған болатын.

Төлек руынан Алыстың үлкен қызы Бәтима, Наймандар ішінде Құтаннан тарайтын Сұлтан есімді ерге бесікте жатқанда-ақ айттырылып қойған екен. Қыз бойжетіп, енді ұзатылғалы отырғанда қайтыс болады. Қазақта қалың малы төленіп, құйрық-бауыр жеп, мыңжылдық құда болдың ба, ол – ар-намысқа сын. Апасы қайтыс болса, оның орнына сіңлісі ұзатылуға тиіс. Мұны «Бодау болып барды» дейді. Наймандар «өздерің мыңжылдық құда боламыз деп айттыңыздар. Бір қызыңыз шетінесе, екіншісі бар. Қалың малын төлеп қойдық қой. Құда қалпымыздан танбалық» дейді.

Алыс аталы сөзге не айтарын білмей қатты сасады. Өйткені кіші қызы Қазиненің мінезі өзіне аян. Жүрегі қаламаса, күшпен қоса алмайсың. Бірбеткей, алған бетінен қайтпайтын қайсар қызының ерегіссе, өзін-өзі жазым етуі мүмкін.

Парасатты Алыс бай қызымен оңашада ақылдасып: «Қандай тілек-талабың болса да орындаймын» деп өтініш айтады. Алыс тәрізді арыстың айтқаны – заң. Мұны жақсы білетін қызы туған-туыстарын жинап алып, сөз бастайды.

– Мен, Бәтиманың орнына бодау болып барайын, тек менің үш шартымды ата-анам мен ағайын-туыстарым орындайтын болсын, – дейді.

– Үш шартыңның үшеуін де орындаймыз, – дейді Алыс пен Төлектің жақсы-жайсаңдары.

– Онда тыңдаңыздар, – дейді Қазине қыз. Менің бірінші шартым: Бәтима бұл өмірде қандай қуаныш-қызық көрді?! Аруағы риза болсын, ауыл іргесіне қызыл кірпіштен өріп, айшықты қызыл кесене тұрғызыңдар.

Екінші шартым: Жәуке, Жәмеңке бір әкенің баласы болса да екі елдің адамдары бір-бірімен араз. Сондықтан да елді татуластырыңдар.

Үшінші шартым: Жабайы көңінің тұсына 100 үй тігіп, бүкіл Төлек баласы болып, тойымды жасаңдар. Туған-туыстың татулығын көзбен көріп кетейін. Ағайыннан алыста жүргенде көңілім алаңдамасын. Мінекей, менің осы үш шартым орындалса, мен Бәтиманың бодауына баруға ризамын.

Сірә қызының айтқан сөзі өзін терең толғандырып жіберсе керек, Алыс көпке дейін өз-өзіне келе алмапты. Сосын «Елдің басын біріктірейік» деп айтуға осы уақытқа дейін бүкіл ағайын-туыстың арасынан бір адамның шықпағанына қатты налып:

– Елімнің ер азаматы айта алмаған сөзді қызым, сен айттың. Мен саған ризамын, – депті. Іле орнынан тұрып келіп қызының маңдайынан сүйіпті.

Сол күннен бастап Алыс ақсақал айшықты қызыл кесене тұрғызуға кіріседі. Мұны көрген ағайын-туыс кірпішін алып берсек те, Алыстың төңірегіне жиналайық деп, көмек көрсетеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Көп ұзамай ауыл іргесінде бұрын-соңды сол маңда болмаған күмбез-кесене бой көтереді. Алыс семіз ту бие сойып, Бәтиманың аруағына бағыштап ас береді. Араз бол, тату бол, аруақтарға ас бергенде барлық ағайынның бір шаңырақ астында бас қосатыны ата-бабамыздан қалған салт емес пе?! Астан кейін Алыс ақсақал Жәуке, Жәмеңке ұрпақтарының жақсы-жайсаңдарын жанына жинап алып, мәжіліс құрады. Ағайынды арадағы өкпе-ашуды ақылға жеңдіріп, басы бүтін, іргесі мықты ел болуға шақырады. Бір атаның баласында бөле алмайтын не бар?! Жәуке, Жәмеңке ұрпағы төс түйістіріп, қайта татуласады. Келесі күні олар Жабай көңінің тұсына 100 киіз үй тігіп, Қазиненің ұзату тойын жасайды.

– Қазине анамыз Бағаналы елінің Ақтаз аталығына, оның ішінде Құтан тармағына келін болады. Келін болып түскен ортасы әкелі-бабалы, белгілі кісілер Шегір мен Әбәйбілданың ұрпағы Сұлтан деген әкеміз еді. Сұлтан мен Қазине анамыздан Бибіш пен Сұханбетқали болса, олардан өрбіген ұрпақтар Жақыпбек Маханбетов ауылында көптеп тұрақтаған. Ақылды да данышпан, ер кісілермен деңгейлес Қазине шешеміз 1964 жылы дүниеден өтіпті, – деп Жөнбайдың Мырзабегі де жазба қалдырған екен.

Ақсөңке сүйектеріне дейін сыр жасырған Сыр жағасы тарихтың көмбесі секілді. Тектілік пен тәрбиенің асыл үлгісін көрсеткен ана бейнесі ел жадында. Дегенмен ұрпаққа үлгі боларлық қайсар қазақ қызының есімін жаңғырту мақсатында Қазине қызға көше атауы берілсе, орынды болар еді. Осындай танымға толы тарихты естіген есті жастар ойға шомып, бой түзері сөзсіз.

А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<