Қолдан жасалған бұйымдар қолданыста

2708

0

«Тұлға» айдарының бүгінгі таңдаулы кейіпкері – қолөнер шебері Жәнібек Маханбет.


Оның қолынан шық­қан туындылары Америка, Қытай, Польша, Ресей, Түркия мен көршілес елдерге жеткен. Тұрмыстық заттар мен кәдесый жасайтын шебер соңғы уақытта этноөнер туындыларын жасауға ден қойыпты.


Алғашында ағаштан түрлі бұйымдар, кәдесыйлар, құрал-жабдықтар жа­сап, көрмелерге қатысты. Түрлі халықаралық, республикалық, об­лыстық байқау­ларға қа­тысып, жүл­делі орындар­ға ие болды. Ол 1987 жылы Мәскеуде өткен қолөнер шеберлерінің фес­тивалінде КСРО Су­рет­­шілер одағының дипло­мын иемденді. Шебер­дің қолынан шыққан бұ­йым­дары Американың Аризона штатында, Канаданың Калгари, Ұлыбританияның Лондон қаласына да тап­сы­рыспен жіберілді.


Сонымен қатар «Алтын сапа» конкурсында бас жүлде, облыстық «Қолөнер – сырлы өнер» атты ІІ республикалық конкурста бірінші орынды еншіледі. Ағаш ұстасының жеткен жетістігі аз емес. Қолөнер мәдение­тінің жандануына елеулі үлес қосып жүрген шебер ою-өрнектің ерекше үйлесімділігіне мән береді. Жаңа, тың туынды жасау­ға әуес. Ата-бабамыз­дан келе жатқан құнды өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасу үшін шәкірт те тәрбиеледі. Ұмытылып бара жатқан тұрмыстық құралдарды қайта қолданысқа енгізу үшін күбі, астау жасауды қолға алды. Осы бағытта 10-нан аса жобасы да­йын тұр. Шебер негізінен еңбегіне қарағаш, қайың мен жергілікті ағаштарды қолданады. «Әрбір шебердің өзіндік қолтаңбасы болуы тиіс» дейтін Жәнібек аға қайталанбас туындыларын ерекше ықыласпен дайындайды.


– Соңғы кездері қол­өнерге деген қызығу­шылық артқан. Жұрт қолдан жасалған дүниелерді қолдана бас­тады. Қолданыстан шығып қалған тұрмыс­тық құралдар қайта кәдеге жарады. Мәселен, астау, кесе, күбіге тапсырыс берушілер көбейді. Бұрын біз кәдесыйларды көрмелерге қойсақ, енді көпшілік мұны қайта тұтынуда. Бұл – қолөнер шеберлерінің жетістігі деу­ге болады, – дейді шебер.


Расында, қазақ өне­рін, мәдениетін дәріптейтін шеберлер барда ұлттық мұрамыз жандана береді. Жәнібек Маханбет секілді шебердің туындылары арқылы келешек ұрпақ өз өткенін, тарихын ұмытпайды. Ағаш ұстасының өнерін дә­ріптеу мақсатында был­­тыр аудандық мәдениет үйі шығармашылық кешін ұйымдас­тырды. Енді облыстық деңгейде жеке көрмесін өткізуді жос­парлап отыр.


Сара АДАЙБАЕВА,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<