Шойын жолда шыңдалған

1876

0

Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Ондағы жетістіктерді қолымен жасаған еңбек адамдары ерекше құрметке лайық.

Торқалы тоқсан жасқа толып отырған, өзінің саналы ғұмырын осы салаға арнаған Социалистік Еңбек Ері, Құрметті теміржолшы Оразбай Әбішев – сондай тұлғалардың бірі, тіпті бірегейі. Бүкіл Сыр елінің мақтанышы десек болады, өйткені, шойын жолда Еңбек Ері атанғандар санаулы.

Ол кісіні бұрыннан жақсы білемін. Барлық жетістігіне адал еңбекпен жеткен жанның қай кезде, қай ортада болмасын барынша қарапайымдылығы  тәнті ететін. Мұндай ой жалғыз менде ғана емес, оны білетін, кездесіп, сөйлескен адамның барлығында қалыптасқан деп ойлаймын.  Редакция тапсырмасы бойынша жүздескен сәтте де сол қарапайымдылығынан айнымай, өзі туралы қинала сөз бастады.

Сырдария ауданының Бірқазан ауылдық округіне қарасты «Қызыл егінші» колхозында дүниеге келген ақсақалдың балалық шағы соғыс кезіне тура келді. Ел басына қиын-қыстау күн туған шақта балалар майданға аттанған үлкендердің орнын басты. Сол кезде 11 жасқа толған Оразбай қатарластарымен салыстырғанда ұзын бойымен, шымыр денесімен ерекшеленетін. Оны колхоздың толыққанды мүшесі етіп қабылдап, үлкендермен бірдей жұмыс істеді. Солармен бірге бидай, күріш, тары, жүгері егіп, оны жинауға атсалысты. Егін егетін жерді ат не өгіз жегілген соқамен жыртады. Соқаға жегілген мал  асау болса, оны жетектеп жүру үшін қайратты ересек адам қажет. Әйелдерге, әлсіз адамдарға бой бермейді. Бала Оразбайға  осындай қиын жұмыстар жүктелді. Таңдау жоқ, қай жерге  жұмсаса сол жерге барады. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұран аясындағы қауырт жұмыстың бел ортасынан табылды. Сондықтан болар, майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуде тынымсыз еңбек еткен Оразбайдың бала болып, алаңсыз ойнаған кезі есінде қалған емес. Тылдағы ерен еңбегі үшін өзіне медаль табыс­талғаны есінде қалды.

1949 жылы колхоздың жалпы жиналысының шешімімен оны Қызылорда қаласындағы №11 теміржол училищесіне оқуға жіберді. Бұл  еңбекпен есейген жас жігіттің бүкіл өмір жолын анықтап бергендей болды. Училищеде екі жыл оқып, бітіргеннен кейін Қызылорда теміржол депосындағы еңбек жолы басталды. Алғашқы күннен  ол еңбекқорлығы, өзгелерді құрметтей білуі, өтірікке жаны төзбейтіндігі секілді қасиеттерімен көзге түседі.  Қанаты қатайып, тәжірибелі мамандармен иық тіресе еңбек етті.

Оразбай аға алғаш жұмысқа кіріскен кездегі тәлімгері болған Есмағамбет Үсенов, кейінірек тепловоз жөндеуде бағыт-бағдар берген цех мастері Евгений Зарин секілді тәжірибелі тәлімгерлерді еске алды. Олардың өз істерінің нағыз шебері, сауатты мамандар болғанын атап өтті.

Ол алғашқы бес-алты жылда Қызылорда локомотив депосында слесарь, кейін паровоз бен тепловоз қозғалтқыштарын жөндеу слесарі  болды. Кейін оны дайындау цехының бригадирі етіп тағайындайды. Ол 37 жасында 6-разрядты слесарь-жөндеуші дәрежесін иемденеді. Шойын жолда шираған маманға басшылық тепловоздың электрлі қозғалтқыш құрылғыларын жөндеу­ді  сеніп тапсыр­ды.  Бұл істі де еркін еңсеріп, электроцехтан көтерме цехына ауыс­ты.

Ардагер ақсақал депо бастығы болған Корякиннің өзіне айрықша көзқарас танытқанын еске алды.

– Ол кісі өте талапшыл, қарамағындағы барлық мамандардың мүмкіндігін, қарым-қабілетін елеп-екшеп, зерделеп жүретін адам болатын. Бірде таңертең шұғыл шақыртты.  Сөйтсем, түнде жұмыс атқарған бригада жолға шығатын тепловозды жөндеп бітіре алмапты. Ал бір сағаттан кейін  жолға шығуға дайын болуы тиіс. Бұл паровоздарды тепловоздар алмастырып жатқан кезең еді. Соның алдында ғана деподан он екі адам тепловозды жөндеудің қыр-сырын үйрену үшін Ташкентте үш айлық курста оқып келген болатынбыз. Түнгі ауысымда сол курс­ты бітіріп келгендер де бар еді. Содан қасымдағы серігіміз екеуіміз жедел жұмысқа кірісіп, жарты сағаттан кейін тепловозды іске қосып, жолға шығуға дайын еттік. Бастығымыз қатты риза болды. Содан бастап, қандай да бір өте жауапты жұмыс бар, мүмкіндігінше бізді жұмсап, сенім артатын болды. Одақтың қай түкпірінде болмасын тепловоз жөндеушілердің біліктілігін арттыруға арналған қысқа мерзімді оқу курстарына мамандар жіберілетін болса, сол тізімге міндетті түрде мені қосып отырды, – дейді Оразбай аға.

Еңбекқорлығының арқасында аз уақыт ішінде 6-санатты тепловоз жөн­­деуші-слесарь атанып, рационализа­торлық ұсыныстарын ұтымды пайдаланған Оразбай Әбішұлының аты бүкіл одақ теміржолына тарады. Ізденгіш те іскер маман дайындау цехының бригадирі, тепловоз жөндеудің аға слесарь-сынақшы мамандықтарын мінсіз атқарып, өндірісте еңбек өнімділігін арттыруға тікелей әсер еткен 50-ден астам рационализаторлық ұсыныс енгізді. Экономиканың күретамыры саналатын салаға сіңірген еңбегі үшін Оразбай Әбішев 1981 жылы  КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталды.

– Маған бұл жоғары атақтың бері­луіне сол уақытта Қазақстандағы Батыс теміржол бөлімінің, оның ішінде Қызылорда локомотив депосының жақсы жұмыстар атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі тікелей әсер етті. Сондықтан, мұны менің ғана еңбегім емес, көптің еңбегі деп санаймын, – деген ардагер өзі жұмыс атқарған ұжымына деген ризашылығын жеткізді.

Ғұмырының 52 жылын теміржолға арнаған маман иеленген марапаттар қатарында екі «Ленин» ордені, «Октябрь революциясы» ордені, «Қызыл­орда қаласының құрметті азаматы»,  «Құрметті теміржолшы» атағы, Қазақстан Респуб­ликасы Инвестиция және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі бар. 

Еңбеққор жан қоғамдық жұмыс­тардан да тыс қалмай, белсене араласты. О.Әбішев үш рет қалалық, бір рет облыс­тық кеңестің депутаты болып сайланып, сол кезеңдегі өзекті мәселелердің шешімін табуға үлесін қосты. Аға ұрпақ өкілдері одақ кезінде қоғамдық тәртіп сақтауға еңбек ұжымдарындағы жасақшылар топтарының айтарлықтай үлес қосқанын жақсы біледі. Оразбай аға теміржолшылардан құралған жасақшылардың алдыңғы шебінен табылатын. Осы орайда ағамыздың Батыс теміржол бөлімінен түрлі деңгейге сайланған депутаттардың және барлық жасақшылардың төрағасы етіп бекітілгенін айта кету керек.

О.Әбішевпен қызметтес болған үзеңгілестері, кейінгі ізбасарлары ол туралы «Адалдық пен адамгершілікті бірінші орынға қоятын, парасатты еңбек иесі» дегенді айтады. Оразбай аға Сыр елі теміржолшылары үшін ерен еңбектің символына айналды. Содан да болар, оған деген құрмет шексіз.  Депо музейінде ол кісіге арналып арнайы бұрыш ашылуы құрметтің дәлелі болса керек. Қызылорда локомотив пайдалану депосында Социалистік Еңбек Ері, Құрметті теміржолшы Оразбай Әбішев атындағы «Жыл машинисі» республикалық байқауы өткізіліп тұруының өзі не тұрады?! «ҚТЖ-ЖТ» АҚ мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ демеушілігімен және ұйымдастыр­уымен өткізілетін байқауда жылдың ең үздік, білімді, кәсіби білікті машинисін анықтайды. Республикалық дәрежеде ұйымдас­тырылып, машинистер арасында өткізілетін конкурстың шын мәнінде берері, пайдасы мол шара екені белгілі. Жан-жақтан келген машинистер де өзара тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауда мұндай сайыс­тардың қажеттігін жоққа шығармайды.

Ол құрметті демалысқа шаққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Он жылдан аса уақыт Қызылорда локомотив депосы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде зейнеткерлер қоғамының жұмысын алға бастырды. О.Әбішев «ҚТЖ» ҰК» АҚ консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін шараларға ұдайы қатысып, қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғап, теміржолшылардың еңбегін жақсарту және тұрмыстық мәселелерінің шешімін табуға жұмыс істеп келді. Кездесулерде кейінгі буынға өнегелі әңгіме айтып, ізбасарларына бар білгенін үйретуге тырысады. 

– Қазір барлық сала заман ағымына сай жетіліп келеді. Жаңа техникалар адам жұмысын жеңілдетуде. Жастарымыз осы техникаларды жақсы меңгеруі үшін жақсы білім алып, біліктілігін жетілдіріп отыруы тиіс, – дейді ардагер.

«Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен көрікті» дегендей, Оразбай ағамыздың жеңгемізбен бірге тәрбие­леп өсірген ұл-қыздарының алды немере көріп жатыр. Ұлы Сәрсенбай мұнай саласында қызмет атқарса, қыздары Рахия, Сәрсенкүл және Сайлаукүл теміржол саласына қатысты құрылымдарда еңбек етті. Ардагер ақсақал бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көруде.

Бар деп тасымайтын, жоқ деп саспайтын, арзан атаққа мастанбайтын, адалдық пен қарапайымдылықты өмірлік қағидасына айналдырып, бүгінде тоқсан жастың төріне келіп отырған ардақты ақсақал Оразбай Әбішевтің өнегелі өмір жолы көпке үлгі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<