Тұлға тағылымы

1104

0

Осыдан үш жыл бұрын қазақтың біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі болған Сыр елінің аяулы перзенті Ұзақбай Қараманұлы Қараманов өмірден озды.

Арада жылдар өтсе де, Ұзақбай ағаның орны ойсырап тұр. Замандастары мен ізінен ерген інілері əлі күнге сағына іздесе, бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған арда азаматын халқы да қадір тұтып, есінен бір сəт шығарған емес. Тəуелсіздіктің елең-алаң шағында, еліміздің ес жиып, қиын кезеңдерден шығуына бар күш-жігерін сала еңбек еткен тұлғалардың бірі де бірегейі болатын Ұзақбай аға.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі дүркін депутаты болған, өмі­рінің соңына дейін қоғам­дық қызметтен де қол үзбей, елге аянбай қызмет еткен Ұзақ­бай ағаның өмірі мен еңбек жолы кім-кімге де үлгі-өнеге болатындай ғибратқа толы.

Үзеңгілес замандасы, бірі Премьер-Министр болса, бірі орынбасары болып халыққа бір дəуірде, бір уақытта қызмет еткен, мемлекет жəне қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков Ұзақбай аға туралы былай деп ой толғапты:

«Барлап қарасам, бойын жасырып жүретін тұлпар се­кілді кісі екен. Біздің Ұзе­кең білмегенін терең бі­лу­ге құштар, ненің де болса байы­бына барып, қай істің де түбіне терең үңілетін ас­пайтын, саспайтын, жер қоз­­ғалса қозғалмайтын, сабырлы, салмақты, артық сөзі жоқ кі­сі болып шықты. Үкімет­­тің қаулы-қарарлары елдің тағ­дырлы мәселелеріне арнала­тын­дықтан дайындалған, қа­ғаздың қай-қайсысына да аса жауапкершілікпен қарады. Өн бойынан кісілігі мен кішілігі айқын көрініп тұрды. Асығып аптықпайды, мақтанбайды, жел­пінбейді. Бір ғажабы Ұзе­кең әр істі егжей-тегжейлі бі­луге құлшынуымен қатар, мі­незінде көп адамда кездесе бер­мейтін бір қалыптан айнымайтын қасиет бар. Ол қасиет мен көріп жүрген басшыларда кездесе бермейді».

Сырлы да сырбаз сабырлы қалпынан бір танбайтын, үлкенге ізетті, кішіге қамқор ағаның болмысын, кісілік келбетін үзеңгілес əріптесінен артық жеткізу мүмкін бе?!

Елім, жұртым, ұлтым деп қандай қызметте жүрсе де халқын құрметтеп, ұлтын ұлықтаған азамат кіндік қаны тамған жер, тағдырына бүкіл ғалам алаңдайтын Арал теңізін сақтап қалу жұмыстарының басы-қасынан табылды.

Замандастары текті тұлға еді деп тебірене еске алатын Ұзақбай ағаның бойына тектілік бір кездері асау тол­қындары буырқана көкке шапшып жататын Арал те­ңізінің жағасында өскені мен қарапайым балықшы, зиялы қауыммен етене араласқан, кө­кірегіне түйгені көп əке тəлі­мінен еді.

Ұзақбай ағадан ел үшін атқарылар шаруаларды шешуде ақыл-кеңесін тыңдап, үйренгенім көп болды. Туған жерге келген сайын елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан кел­генінше шешілуіне қол ұшын созатын. Елдің мəселе­леріне өз мəселесіндей қарап, шын жан ашитын елінің жанашыры болған еді. Даналығы, қарапайым болмысымен хал­қының ыстық ықыласына бө­ленді. Ұзақбай ағамыздың есімі жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырап, ес­ке алған сайын еселі еңбегі көп­тің көңіліне шуақ болып қайта орала берері сөзсіз.

Жатқан жеріңіз жайлы, мəңгілік мекеніңіз пейіште болғай, жаны жайсаң жақсы аға!

Болатбек ҚУАНДЫҚОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<