Туған топырағын түлеткен

1228

0

Туған топырағын түлетуге маңдай терін сіңірген азаматтардың қай-қайсысы да құрметке лайық. Алған білімі мен өмірлік тәжірибесін өзі атқарған жұмыстың өрге басуына жұмсаған жандардың қатарында  Шыназбек Бисембаев та болатын.

Ол жастайынан алғырлы­ғымен, елгезектігімен көзге түсті. Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдағы мек­тепті бітірісімен сол кез­дегі астана – Алматыдан бі­лім алуға аттанды. «Еңбек Қы­зыл Ту» орденді ауыл­ша­руа­шылық институты – аты айтып тұрғандай ауыл ша­руа­шылығының әр тармағына ма­мандар даярлайтын үлкен мектеп. Ата-анасы ерте жас­тан еңбекке баулып өсір­ген, Жер-Ананың қадірін ұғын­дырған. Бел жазбай еңбек ет­сең, жомарт жердің ризық-не­сібені молынан төгетінін тү­сіндірген. Агрономия фа­культеті үлкендер берген тәр­биені теориямен бекітті. Оқу­ды 1976 жылы «ғалым-аг­роном» мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Жас маман Қармақшы ауданының сол кездегі Ча­паев атымен аталатын, қазіргі Ақтөбе ауылында тұқым жө­ніндегі агроном болып ең­бек жолын бастады. Ол тұста жо­ғары оқу орнын бітіріп келген жас жігіттердің комсомол, партия қызметіне араласуына мән берілетін. Сенім жүгі Шы­назбектің иығына да ар­тылды. Қармақшы аудандық комсомол комитетінің екінші және бірінші хатшылық қыз­меттерін атқара жүріп, мем­лекеттік қызметте, жастардың басын біріктіру ісінде мол тә­жірибе жинады. Мұнан кейінгі баспалдақ партия қызметіне қарай өрлетті. Ақжар совхо­зы партия комитетінің хатшы­лығы да – өмірінің бір белесі.

Ақжар атакәсіп – егін мен мал шаруашылығы қатар өр­кендеген мекен. Сол тұстағы тоқырау шаруашылықтың шыр­қын бұзғанмен, берекесін кетіре алмады. Мұндайда ел ерге қарайды емес пе? Ал  Шыназбектей азаматтар бас қосып, күш біріктіріп алдымен ауылдың айрандай ұйыған берекесін сақтап қалуды ой­лады. Мамандығы бойынша сол уақытта құрылған өндіріс бригадасының бригадирі,  ке­йін «Ораз ахун» толық серік­тестігінің бас агрономы бол­ды.

Ауыл шаруашылығы сала­сында алған жоғары білімі мен тәжірибесін ескерген бас­шылық оны  Қармақшы ау­дан­­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне та­­­ға­йындады. Кейіннен мем­ле­­кет­тік қызметтің түрлі са­­­ты­сында жұмыс істеуге ұсы­­­ныс жасалды. Аудан­дық мәс­­лихаттың жұмы­сын ұй­ым­­дастыруға оның үйлес­­тіру­ші­лік қабілеті көп көмегін ти­гізді. Осы құрылым­ның қа­за­­нында қайнап, жауап­кер­­шілік пен ұқыпты­лық­тың үлгісін көрсетті. Зейнет жа­сына жеткенше аудандық мәслихатта жауапты қыз­мет­тер атқарды.

Ағаға құрмет, кішіге жол көрсетіп, жөн сілтеген  Шы­назбек Сатанұлы айықпас дерттен келместің сапарына ат­танғалы оны білетіндер мен ағайын-туыс азаматтың ең­бекқорлығын, іске адалдығын үлгі етіп келеді. Іскерлігі мен табандылығының арқасында жастайынан ел алғысына бө­ленгені, сол үшін түрлі ма­ра­паттарға ие болғаны да – өнеге. Ұрпақтарының әке жо­лымен ел ісіне араласып, өз міндеттеріне адалдық таныт­қаны – көңілге медеу.

Қосжан ЕШЖАНОВ,

еңбек ардагері.

Қармақшы  ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<