Ұйыса алған ұлт ұтады

988

0

Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны, келешегіміздің кемел болу жолында сәулесін шашып, құлдырап кетуден сақтап тұратын мәңгілік шамшырағымыз. Өзін қазақпын дейтін әр пенде «Мен өз елімнің ұлттық жауһары тілімді терең меңгере білдім бе? Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өз деңгейінде сақтап жүрмін бе? Ұлттық аспаптарымды, ұлттық киімдерімді лайықты құрметтеп жүрмін бе?» деген сыни сұрақты өзіне қоя білуі керек. Осы сұрақты шынайы қоя отырып, еш жасандылықсыз адал жауап бергені игі. Халқымыздың гүлденуі, ұлттық құндылықтарымыздың сенімді бойтұмарымыз болып, ұрпақтан-ұрпаққа күн сәулесіндей шашырап, мәңгілік ғұмыр кешуі бізге байланысты. Жер шарында өмір сүріп отырған миллиардтаған адамдардың ішінде 9-10 миллионы ғана қазақ деген ұлттың өкілі. Саны жағынан аз болса да, рухани қуаты басым ұлы халқымыздың ұлттық жәдігерлерінің жоғалмай, өсіп-өркендеуі үшін әрбір қазақ жүрегінде ұлтқа деген шексіз құрмет пен сүйіспеншілік алауын өшіріп алмауы тиіс.

XXI ғасыр адам санасын жаңа сатыға көтеріп, үлкен жаңалықтар тасқынымен таңғалдырған дәуір шымылдығын ашып келеді. Осы ақпарат ғасырында ұлт­тық рух, қазақы құндылықтар бүкіл болмысының өзегі болмақ. Қазақ хал­қының түп тамырында бір кездері әлемді аузына қаратқан жауынгер сақ, ғұн тайпаларының қайнаған қаны мен өршіл рухы, қайтпас қайсарлығы тасқындап тұр емес пе? Халқымыздың тарих сахнасынан жоғалмай, қаншама азаптарды көрсе де сынбай, өз ұлттық келбетін сақтап, жаңа ғасырға абыроймен, үлкен мәртебелі қадам басып келе жатқандығы осы қайсар ата-бабамыздың біздің санамызға сіңірген батырлығы болар. Қанмен бойға сіңген тектілік пен кемеңгерлік, даналық қазақтың мол әдеби мұраларында дариядай тасқындап жатыр емес пе? Ұлттың ұлылығының ең елеулі өлшемі – тілі, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті.

Құнды деп танитын дүниелер біздің өмірімізде өте көп. Алайда, адамдар көбіне құнды дүниелер деп материалдық заттарды көбірек құр­меттейтін кезеңге аяқ басты. Құнды дүниеміздің ең елеулісі, ол – рухани құндылықтарымыз екенін ұмыта бас­тады. Бірақ ұлтымызға қорған болған, жаһандану сияқты алпауыт үдерісте өзіндік келбетімізді сақтап, өмір тер­белісінде алып елдердің ығында жұ­тылып кетуден сақтаушы күш міне, осы рухани құндылық екені айдан анық.

«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты

шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу»

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды, өйткені «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Елбасы Н.Ә.Назарбаев осылай деген болатын.

Осы ретте «ұлттық код қайда?» деген сұрақ туындайтыны рас. Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Біздің, яғни, қазақтың мәдени-руха­ни болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қара­пайымдылықпен шыңдалған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, әдеп, ақыл-парасаттылық кеңінен өріс­теген, молынан қамтылған.

Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Қорқыт ата, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Иасауи, Абай мен Шәкәрім, Тұрмағамбет пен Нұртуған, Балқы Базар мен Шораяқтың Омарының шығармашылығы арқылы халыққа дәріптелген, астары мен арқауы мықты оралымды сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкеннің өзіне сыйластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғыртуымыз қажет. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен жауыздықтың арасын ажырата білуге үйретіп, мінезін қалыптастырған. Жауыздықпен күрес пен жақсылықты дәріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түсетіні сөзсіз.

Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың кемелдене дамуы үлкен мәселе, оның екі қырын атап өтсек: ұлттық сананың көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Бұл ретте, қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатерінің де жоқ емес екенін ескерген жөн. Ол қандай қатер болуы мүмкін? Дұрысы, өзгенің ұлттық даму үлгісі жұрттың бәріне ортақ әмбебап үлгі бола алмайды.

Демек, өзге ұлттың даму үлгісінің бәрін көшіріп ала беруге, өз еліміздің ерекшелігін, халқымыздың ділін, мі­незін, рухани және материалдық құн­ды­лықтарымызды ескермеуге жол бер­меуіміз керек.

Елбасы болашаққа бағдар болған мақаласында: «Мен халқымның тағы­лымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәс­түрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық ба­суын, болашаққа сеніммен бет алу­ын қалаймын» – дейді. Расында да, жаһанданған қоғамға жұтылып кет­пеуіміз үшін ұлттық тамырдан нәр ал­уымыз қажет.

Рухани даму бастауы

Әрине, мәңгілік елдің болашағы ұлт тұтастығында екенінде дау жоқ. Осы тұрғыдағы негізгі мәселе ұлтымыздың негізгі рухани тірегіне байланысты. Бұл – тіл мәселесі. Әлемдегі тілдер арасында ең бай тіл өкілінің бірі бола тұра өзге тілде сөйлеуге әуестіктің бары өтірік емес.

Рухани қайта түлеу ана тілсіз мүм­кін емес. Ұлы ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Бай­тұр­сыновтың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі осының бір айғағы. Өйткені тіл ұлттың бар құндылығын тасымалдаушы құрал. Бұл мәселенің әлі де күрмеуі шешілмей келе жатқанына бір кінәлі адам болса, ол да – сіз бен біз. Дәлірек айтқанда, біздің немқұрайлығымыз. Ұлттық дең­гейдегі маңызды мәселеге атүсті қарауымыз. Жанашырлықтың жоқтығы. Тіл мен дін – ел-жұрт болып шешетін мәселе. Қарапайым күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімізбен қазақша сөй­леспейміз. Отбасы дастарқан басында бір тілде сөйлемейінше және бір шаңырақ астында мұсылманшылық жо­ралғысы бірдей болмайынша, мемле­кеттік деңгейде руханият мәселесінің шешімін табуы қиын. «Отбасы – шағын мемлекет» деген осы.

Өнер – өріс

Қазақтың күмбірлеген домбырасын естігенде, киіз үйін көргенде ата-бабаның бойымызда ғасырлар бойы қалыптастырған ұлттық түп-та­мырымызға қайта оралғандай сезім­де боламыз. «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да, қадірлей біл! Себебі, баланың бо­йына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халқының жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да бола алмайды, жеміс те бермейді». Қазақ халқының маңдайына біткен біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы осындай ұтымды пікір білдірген екен.

«Табиғаттың туындылары көп. Бі­рақ қазақтың киіз үйіне тең келер табиғи туынды жоқ» депті енді бірде Жақау Дәуренбеков. Шын мәнінде, табиғаттың адамға жеткізгісі келген ең асыл сырларын жанмен түсіне білген дана халқымыздың ұлттық мұралары табиғат секілді таза, мәңгілік, риясыз кемелдікке толы.

Ал «Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кі­рер денең» деген ұлы кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлы асқан шеберлікпен суреттейді емес пе?! Бала іңгәләп дүние есігін ашқаннан әнмен, жырмен қарсы алатын қазақ шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, үйлену салт-жоралғыларын асқан сән-салтанатпен, әдеппен атқара білген. Қазақ халқы болмысынан әуенге, жырға жаны құмар.

«Жалпы әлемді аузыңа қарату үшін – рухани ерлік керек, жалпақ әлем­ге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек» деп халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айт­қандай, қазіргі заман рухани ерлік көрсететін шаққа келіп тұр. Ал оның жолында жұмыла білу, әрбіріміз үшін құндылыққа айналды.

А.ЕСЖАНОВ,

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<