Ұлтын ұлықтаған азамат

1526

0

Мына бір кісі кісі жадымда қалыпты: «Бір өзіне жеміс ағаштары бар зәулім үй сатып алады. Ал ескі үйде қызғаншақ көршісі тұрады. Ол үнемі жаңа көршісінің ауласына қоқыс төгіп, ренжітуге тырысады. Бір күні адам көтеріңкі көңілмен сыртқа шықса, лас су толы шелек алдында тұр екен. Ол шелектегі лас суды төгіп, ыдыс ішін жарқыратып тазалап, ең ірі, тәтті алмаға толтырып, көршісінің есігін қағады. Есік қағылғанын естіген көршісі «Қолыма түстің бе, бәлем!» деп жанжалдасуға дайындалған жаман оймен есікті ашқанда, бейтаныс адам қолындағы шелек толы алманы ұсынып: «Әркім өз байлығымен бөліседі!» деген екен.

Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері сенатор Нұртөре Жүсіп те тура осындай жан. Ол өзін ренжіткен адамның өзін қуантуға тырысып жүреді. Оның түрлі басылымдарға берген сұхбаттарын, мақалаларын, пікір­лерін оқысаңыз, ґрқайсысы адам­зат үшін алтынға айырбас­тамайтын асыл сөз, пайымы мол пікір. Ертеректе бабаларымыз айтқан «Аталы сөз» деген де осындай-ақ болар.


Бірде «Абай-Ақпарат» пор­­талынан Нұртөренің бір ма­қаласын оқыдым. Аяз би туралы ертегіден басталған әңгіме арасында ол: «Көбіміздің жүрісіміз – құр далбақ, құр сандалу. Кісі есігінде құл­шылықта жүргендер қа­тары қазір кез келген қалада кездеседі. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласындағы Сейфуллин көшесіне көз салыңыз. Әлекедей жаланған жігіттер кез келген қара жұмысқа тіленіп, көшеде тұр…
«Жетім бұрыш» жағалап, пәтер іздеп «ағалап» жүрген де біздің қаракөздер. Түрмеге тоғытылып жатқандар да біздің бір туғандар… Тір­лігіміз – шала, тілегіміз – ала. Ал ала сауысқанның өзі анау! Бірігіп ұшады. Бірігіп қонады. Сауысқан құрлы сақтығымыз жоқ, асық­қаны­мызбен апты­ғы­мыз көп, бірде араз, бірде дүрдараз, ойлағанымыз – қастық пен қысастық, жасағанымыз – кесірлік, жүргеніміз – есірлік, жеткеніміз – жесірлік; қазақты қазақ қорлайтын, намысын тап­тап зорлайтын, бір-біріне бо­лыс­пайтын, болмайтын, бар тірлігі оңбайтын осындай қа­лыпқа қалай түстік?!
Біреу қараса – бетінен алатын, зәрлі сөзді айта салатын, өкпелесе – өңешке пышақ салатын, өшіксе – өлтіре салатын кер заманға қалайша кез болдық? Басқаға келгенде – баладай тату, қазаққа келгенде – қабағы қату қоғам тұр. Құстың жаманы азайып, қазақтың жаманы көбейгені ме расында?» – дейді.


Бұдан қалай сабақ ал­май­сың? Саудың тамағын ішіп, жындының сөзін сөйлеп жүр­ген­дерді кейде қол­дай­тындар бары қоғамда Нұр­төренің сөзі мірдің оғы емес пе? Шын мә­нінде есалаңның да ес жия­тын кезі келді. Ендеше қазақ неге қалғи береді, бас шұлғи береді?
Драматург С.Балғабаев – Нұртөрені барлық қырынан зерт­теп көрген қаламгер. Ол бір мақа­ласында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп дарынды жаңа толқынның ең алдыңғы қатарынан орын алатын қайраткер қаламгерлердің бірі екенін айта келіп, әріптес інісі туралы: «Нұртөре Жүсіп – ұйымдастыру қабілеті мықты басшы ғана емес, қаламы жүйрік, ойы алғыр дарынды қаламгер де. Оның бүгінге дейін «Біз кімнен кембіз?», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық шығармалар жинағы жарық көрген. Әрине, кітап жазып шығару еріккеннің ермегіне айналған қазіргідей заманда Нұртөре Жүсіп сынды қарымды қаламгердің екі-үш жинақпен ғана шектеліп қалуы – таңғаларлық жағдай. Бірақ, сөздің қадірі мен киесін білетін кісіге осы екі-үш жинақтың өзі де аз емес. Осы тұрғыдан келгенде, Нұртөре Жүсіптің аз жазса да айрықша қолтаңбасымен көзге түсетін шебер қаламгер екендігіне ешкімнің де күмәні болмауға тиіс» дейді.


Шын мәнінде Нұртөре Бай­тілес­­ұлының өмір жолы өнеге. Сыр өңірінің саңлақтары қата­рына қосылған оның туып-өскен жерінің өзі киелі. Қызылорда облысының Шиелі ауданы – киелі жер. «Ең­бекші» – жыр мен әннің небір дүлдүлдері түлеп ұшқан ауыл. Небір атақтылар дүниеге келген топырақта Нұртөренің тегін емес адамдар қатарынан орын алуы заңды. Арман арқалап, Алматыдағы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқуы қадамына құт бітірді. Жас маман Павлодардағы «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») атты облыстық газетте қызмет істеп, алты жыл армансыз тәжірибе жинады. Облыстық газет редакторының орынбасарлығына дейін көте­рілді. Ал ел газеті саналатын «Егемен Қазақстанның» табал­дырығын аттауы, экономика бөлімін басқаруы, бас редактордың орынбасары болуы жылдар бойғы еңбегінің жемісті болғанын айғақтады.


Нұртөре Жүсіп 1996 жылдың мамыр айында «Жас Алаш» газетіне Бас редактор болып бекітілді. Жасыратыны жоқ, бұл кезең өте бір ауыр еді. Жұрт газет оқымақ түгілі жан бағуды бірінші орынға қойған. Сондай бір қиын жылдары «Жас Алаштың» жұлдызын жарқыратты. Алты жылда азулы журналистерді әзірледі. Тың тақырыптарды, өзекті де өткір мәселелерді көтерді, жанын сала жұмыс істеді. Сөйтіп, еліміздегі белгілі бас редакторлардың қатарына қо­сылды. Жастарға дем берді, қарттарға қамқор болды. Бүкіл ғұмырын осы газетке арнаған ардагер, сурет өңдеуші Б.Жандосайдың өмірбаяндық кітап жазуына дәнекер болды. Терімші, журфактың түлегі Сәлиманың жеке кітабының жарық көруіне ықпал етті. Нұртөренің тұсында «Жас Алаш» тұңғыш «Алтын Жұлдыз – 2000» сыйлығымен марапатталды.


Кейінгі жылдарда Н.Жүсіп «Ақжол Қазақстан», «Астана хабары» газеттерінің бас редакторы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бас директоры қызметін атқарды. Ал 2008 жылы «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетіне басшылыққа келді. Ол бірден газеттің көркемдік сапасына назар аударып, таралымын көбейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Оның шебер ұйымдастырушылық қабілеті, журналистерге көр­сеткен өнегесі бірден көзге ұрып тұратын.

Нұртөренің қала­мының желі бар, ойға жүйрік, жеткізуі нақты. Бас редактордың өзгелерден артық­шылығы сонда, ол қатардағы журналистермен жарыса жазатын. Таласа мәселе көтеретін. Оқырман тілшілерден бұ­рын телефонның арғы жа­ғында тұрып, Нұртөренің жазу шеберлігін сөз ететін. Қоғам­ның кемшіліктерін дөп басып, диагнозын нақты қоятын.

Публицистикалық шығармалар жинақтарын оқып отырғанда осы сөзімізге дәлелді молынан табасыз.
«Біз кімнен кембіз?» – ұлтты оятатын, ұятты оятатын кітап. Публицистикалық пайымдардың барлығы рухани саладағы ұлтымыздың ең өзекті мәселелері. Ақыл айтуды жек көретін мына заманда Нұртөренің ақылы, пікірі, уәжі жүректің емі десек те болады. Тіпті өзге қаламгерлер тың тақырыптарды тура осындай етіп бере алмауы да мүмкін-ау. Оны айтасыз әрбір мақаласының тақырыптарының өзі ойға жетелейді.

Айталық, «Құлдан құл туады», «Тіл төңірегінде түйткіл көп», «Бұл қазаққа тойдан гөрі ой керек», «Қазақы қамсыздық» «Мәртебелі мырзалар мелшиіп отыр», «Қалғыма, қазақ!» «Үйге үндемей кірген бәле», «Кеңкелес ұрпақ көбейді» деген секілді тақырыптар тура іздеген олжаңыздай көрінеді. Сондықтан қолында билігі бар азаматтар осы кітапқа бір көз жүгіртіп қойса теріс болмас еді.


Нұртөре Жүсіптің журналистикамен қатар қаламгер ретінде танылуына себепші болған осы жанр – публицистика. Ол нені айтса да, не мәселе көтерсе де өмірдің өзінен ойып алады. Оған әділ бағасын береді.

Қоғамның күнгейі мен көлеңкесін көре білген қаламгер. Жазу зертханасында өмірдің өзін зерттеген журналист.
Қазақстан ­Республикасы Президенті сыйлығының лау­реаты, Б.Бұлқышев атын­дағы және «Алтын адам» сый­лықтарын алған азамат Қазақстан Гуманитарлық ака­демиясының және Журналис­тер академиясының мүшесі. «Құрмет» орденінің иегері. Қызылорда облысының және Шиелі ауданының Құрметті азаматы.


Адал еңбектің өтеуі деген осындай-ақ болар. Ол бір мақаласында: «Қазақтың арғы-бергі тарихында «тірі жетім» жасау деген жоқ еді. Қазір бәрі бар. Тыныш заман. Соғыс жоқ. Жаугершілік жоқ. Ер-азаматтар қынадай қырылып жатқан жоқ. Бірақ, жетім көбейді. Тағдырдың жазуымен «жетім» атанса бір жөн, көзі тірі әке мен шешенің кикілжіңінен, керіскен, ұрысқан, түсініспеген, ұғынысуға ұмтылмаған қа­тардағы пендешілік тұтас бір ұрпақты пұшайман күйге түсірді. Кім кінәлі? Ұшын да, ұшығын да таппай қаласыз…


Жақында бір танысым осы тақырыпқа орайлас әңгіме айтты. «1-сынып оқулығында «Әке мен шеше құстың қос қанатындай» деп жазыпты. «Қос қанаты жоқ» балаларға бұл сөз қалай әсер етеді?! Сабақта «тірі жетім» балалар отырады. Оларға қалай ұғындырамыз? Жан жарасын тырнаудан арыға бара алмаймыз ғой».
Бастауыш сыныптың бір мұғалімі «күң» дегенді бала­ларға түсіндірудің қиын бол­ғанын айтты. «Өз біл­генімше, «күң» деген байларға жалданып, күнін көретін жан» деген болдым», – деді ол.


– Сыныпта отырған бір бала «менің анам бір байдың үйінде тамақ пісіреді, сонда менің анам «күң» болғаны ма?» дегенде не дерімді білмей қалдым…».
Расында, не деріңізді білмей қаласыз.
Бар мәселе – ұлттық тәрбие мен рухани құндылықта. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген заман туғанда өзімшілдіктің өктемдігі білінбей тұрмайтын да шығар. Тек қана өзінің қара басын ойлау етек алып барады. Ердің де, әйелдің де жүйкесі жұқарды. Шыдам, төзім, сабыр, шүкір деген ұғымдар ұраның астында қалғандай. Төзбес, көнбес, ұқпас, ұғынбас пиғыл күшейіп кеткендей. Соның сал­дарынан отбасы, ошақ қа­сындағы екі адамның мойнынан жауапкершілік деген талап ысырылып түскендей».
Иә, заман күн санап өзгеріп барады. Әлде адам өзгеріп бара ма, түсініксіз. Осы түсініксіздікке тойтарыс беретін қаламгерлер десек, еш қателеспейміз. «Ата қазақ ұрпағы үшін бәріне барды. Ұрпағы үшін құрбан да болды. Ұрпақ үшін махаббатын да қиған аналар аз емес…» деген Нұртөре Байтілесұлының пікірінде жан бар.

Сол ұрпақ қамын ойлауда қолына қалам ұстаған әрбір қазақ жаппай күреске шыға алмай отыр. Рухани құндылықтарды сақтауда самарқаулық басым. Ұрпақ тәрбиесінде тәлімгерлік же­тіспейді. «Ешкім ештеңеге жауапты емес. Жауаптан жал­тару көбейген» тұста не істе­уіміз керек? Бұл тұрғыда қа­ламгер «Мемлекеттің ше­шетін нәр­селері болады. Эконо­ми­калық, әлеуметтік салаларда жетістіктерге қол жеткізеді. Отбасы мәселесін мықты деген еш Үкімет шеше алмайды. «Құстың қос қанатындай – әке мен шеше» шеше алмаған мәселе – келер ұрпақтың көзіндегі – жас, көңіліндегі – түйткіл, көмейіндегі – өксік, жүрегіндегі – дық» деуінің жөні бар.


Қазақ журналистикасының қайраткері, қаламның қадірін білетін азамат Нұртөре Жүсіп Сенат депутаты болғанда да тілекшілер көбейді. Мәселенің майын тамызып айтатын қаламгердің қасиетті жерде де қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтарына жұрт кәміл сенді. Бұл енді күні кешегі Шерағаңдардың Мәжілісте шы­рылдаған шындықты айт­қан сағынышты сәттерін еске түсіреді.


Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі Қ.Олжай әріптесі туралы былай дейді: «Нұртөре – өзін оқитын аз ғана қаламгердің бірі. Иә, алдымен ақ қағазға жаңа түскен мақаласын қайта оқиды. Бөлім меңгерушісінің көзімен. Үтір мен нүкте орнына келіп, артық-ауыс сөздер түзеледі. Адамдардың аты-жөні тексеріледі. Қысқартылады. Болды ма? Жоқ! Сәл суып барып, тағы оқиды.

Енді Шерхан Мұртазаның көзімен. Бас редактор болып. Бұл жолы мақала мәтіні тақырыппен қиыса ма, басы сәтті басталып, аяғы қисынды біте ме, бәрі айтылды ма, әйтпесе артық кеткен жері жоқ па, осының бәрін қамтып оқиды. Сосын тағы қысқартады. Міне, өз мақаласын өзі үш рет түзеп, үш рет күзеп барып Нұртөре оны редакторға ұсынатын. Бұл үшін үш күн емес, үш сағат та жетеді. Жедел. Бірақ, жауапты. Сосын мақала газетке шығады. Енді Нұртөре өз мақаласын …тағы оқиды. «Мына жерін одан да ширатып жазу керек еді» деп ой түйеді. Келесі жолы солай ширата жазады. Одан тағы ширатылады. Ақыры небір асаудың өзінің мойнына түскенде тырп еткізбес қыл арқан есетін шеберге айналып шығады. «Бір ауыз сөз» жанр ретінде «Егемен Қазақстанда» Шерағаң, Нұртөре, Темірхан, Әмірхан арқылы қалыптасты. Сосын Нұртөре мен Әмірхан осы жанрды «Жас Алашта» жалғастырды. Бұдан соң бұл жанр Нұртөренің қанжығасына бөктеріліп, «Айқынның» бет­теріне шығып жатты. Осылай қапысыз жазылған мақа­ла­лардың мәні жылдар өткен са­йын жарқырай беретіні ғажап», – деп бір тоқтайды.


…Өмір өз жолымен дөң­гелеп барады. Бәріміз жолаушымыз. Бірақ, бәрімізге Алла бірдей бой да, ой да бермеген. Талантымыз да, талғамымыз да бөлек. Сөзіміз де, өзіміз де ұқсамаймыз. Тек мықтыларды мойындаймыз. Мұның өзі де бүгінгідей заманда ерлікпен пара-пар. Өйткені, бірін-бірі мойындау орнына, бір-бірінің мойын омыртқасын үзуге даяр отыратындар жет­кілікті. Ал, адам жанының инженері, хи­рургі, көріпкел көзімен бола­шақты болжай алатын қа­ламгер Нұртөре секілді мық­тылар қазіргі қоғамға көбі­рек керек. Ол өткен жылы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенттерімен кездесуде әңгімесін кітап оқу мәдениетінен бастады. Се­бебі сантүрлі. Кешегі буын кітап­құмар еді, бүгінгі ұрпақ ғаламторға икемделген, ертелі-кеш бас алмай үңіледі. Айыр­ма­шылық жер мен көктей. Бұл тұрғыда сенатор: «…Кітап оқу мәдениетін жоғалтып алға­ны­мыз рас. Бірақ, ол қасие­тіміздің қайта түлейтініне сенемін. Әлем елдерін көп аралаймын. Еуропада қоғамдық орынның әр тұсында кітап, газет оқып отырған адамды көзім жиі шалады. Шетел халқымен араласқанымда сұрап білгенім, олар да кезінде кітап оқу мәдениетін жоғал­тып алған кезеңді бас­тан өткер­ген. Бірақ, кейін бұл мәде­ниетті жаңғыртқан. Кітап дүкен­дерін, кітапханаларды жаңа форматта жұмыс істеуге кө­­шіруге ықпал еткен.

Адамдарды оқуға ынталандырған. Меніңше, біздің елде де қазір осы ынталандыру жүріп жатыр. Ендеше оқу мәдениетін қайта қалыптастыруға сенемін. Өйткені, адамның дұшпаны кітап оқымаған адам», – деді.
Әңгіменің бір тұсында «Шерағаңның шекпенінен» шығу қазір де, ол тұста да зор бақыт, бедел еді деген мәселе көтерілді. Нұртөре сол мектептен өткен. Қаламының желі бар журналистерді де өз мек­те­бінен өткізді. Көрген-біл­генін үйретуден жалықпады.

Бұл тұрғыда: «Жазудан жа­лық­паңдар. Мықты журналист жазғанда өзін аямай жазуы керек, жиі жазуы керек. Сонда ғана өзіндік стильдерің қалыптасады. Америкалық әлемге әйгілі жазушы, журналист Джек Лон­донды бәрің білесің. Сол кі­сінің алғашқы кітабын бас­па­дағылар 600-рет қайтарып тастап отырған екен. Бірақ, оның сонда да беті қайтпаған көрінеді. Мұндай қайсарлық, жанкештілік сіздерге де тән болсын! Сонда ғана журналистік машықтарың ұшталады, өре­леріңіз өседі. Екінші бір айтарым, танымал адамдар туралы досье жинауға әдеттеніңдер. Ол жүйелі түрде болуы керек. Досьеге қарап отырып, терең талдау жазуға машықтаныңдар. Досье ол бір мәліметі мол дереккөз ғой. Ауқымды, іргелі іспен айналысуға жүрексінбеңіздер. Жас кезде батыл болыңыздар. 13 жасында елге билік етіп, төрелігін айтқан Қазыбек би қаперіңізде болсын. 13 жасында ол Тайкелтір би бастаған қазақ елшілері құрамында қалмақ ханы Қонтажыға барып, батырлығымен, шешендігімен көзге түскен. Мотивацияны көп айтасыңдар ғой. Нағыз мотиватор – Қазыбек би» деген тәжірибелі журналист жастарға жаңа серпін берді.


Соңғы кездері Нұртөре Бай­тілесұлы Парламент тө­рінен де жиі бой көрсетіп, өзінің батыл байламдарын айтып жүр. Мәселен, «Қазақстандағы эт­но­саясаттың өзекті мәсе­лелері: Сарапшылар пікірі» атты дөңгелек үстелге қатысқан ол Қордайдағы қақтығысқа қатысты пікірін ашық білдірді. Бұл керек пе, керек. Бәріне терең көз жеткізу қажет.


«Этносаралық қарым-қа­тынасты сөз еткенде бірінші кезекте қазақ елінің ұлт­тық құндылықтарын қалып­тастыру мәселесіне көңіл бөлсе екен дейміз. Бірінші, мем­­лекеттілік, тәуелсіздік, от­ба­сы құндылықтары, адами құндылықтар, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарау, қазақтың тілін меңгеру. Көшіп кеткен немістердің өзі қазақ­тың салт-дәстүрін әлі ұмытпай отыр. Өйткені, олар елдік қасиетімізге деген терең құр­метті көрсетіп келеді. Екінші мәселе, ақпараттық тұрғыда сауаттылық керек. Айталық, бір қылмыстық оқиға болса, дереу азаматтың аты мен ұлты көрсетіледі.

«Кінәсіздік презумпциясы» деген талаптар қатаң сақталуы тиіс. Сосын «оқиға, кикілжің, қақтығыс, қырғын» деген анықтамаларды бергенде барынша абай болған дұрыс. «Қордай қырғыны» деп жазылды мәселен. БАҚ өкілдеріне осындай төтенше жағдайларды жазып көрсету дағдыларын үйрету артық болмас еді», – деді сенатор.


Бұл – ащы шындық. Оқиға өтіп кеткен соң сарапшылар, конфликтологтар, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар дүр ете қалады.

«Бұған дейін солар қайда болды?» деп сұрақ қойғым келеді. Зерттеулер қайда? Қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар қанша? «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» деген сөз бар. Яғни, мәселенің алдын алу, терең зерттеу, ушықтырмай шешуде мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді іс-әрекет жетіспей тұрғандай көрінеді. «Көрші институты» деген ұғым бар. Америкалық киноларда жаңадан көшіп келгендерге көршілер тәтті бәліштерін алып, танысуға келеді. Біздің ерулік беру дәстүрімізге ұқ­сайды. Бұл жай ғана та­ныстық емес, бұл – көршіні анықтау, барлық жағдайын білу, тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп қарастыруға да болады. Егер көрші өз баласына қысым жасайтын болса, дереу тиісті орындарға хабар беріледі. Қазақстанда қазір ішкі миграция, урбанизация процестері күшейді. Бізде біреудің біреу­мен ісі бар ма? Көрші институтын неге дұрыс пайдалана алмай отырмыз деген сұрақ туындайды. Демек, бірінші мәселе әлеуметтік оқшаулану белгілері байқалады. Әр ұлт пен ұлыс өкілі өз бетінше өмір сүріп жатқандай. Тәжік ауылы, өзбек ауылы дегеннен басқа не білеміз? Әр ауылдың өз мектебі, өз мешіті, тіпті өз моласына дейін бар. Олар қазақ ортасына қайдан кірігеді? Кіріктіру мен біріктіру механизмдері іске қосылмай жатыр» деген депутат түйткілдердің шешуін тарқатып берді.

Осы орайда ол өз ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, елдегі жетекші оқу орындарында Конфликтология факультеті ашылса, артық болмас еді. Ел-жұртпен тікелей жұмыс істеу, сөйлесу, тыңдау, даулы мәселелерді реттеп шешу үшін конфликтолог мамандар қажет. Әсіресе, аймақтардағы ішкі саясат басқармаларында қазақ тілді конфликтолог мамандар болуы тиіс деп есептеймін.


Екінші – қазақ мәдениеті шеңберінде өмір сүру. Қа­зақс­танды мекендеп отырған ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ мәдениетін, мемлекеттің мә­дени кеңістігін қабыл алуы тиіс. Айталық, биыл әл Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлық ұлыстың 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдығына айтулы мәдени-рухани шаралар өтіп жатыр. Этнос өкілдері біздің тарихымыз бен мәдениетімізді қаншалықты біледі? Мәдени құндылықтар негізінде бірлесу – кез келген Қазақстан азаматына пайдалы болар еді.


Үшінші – ортақ түсіністік – ортақ тіл арқылы қалыптасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айнал­дыру қажеттігін айтты. Осы тұрғыда терең түсіністік керек.


Төртінші – мемлекеттік қыз­метшілерге мемлекеттік тілді білу талабын қатаң міндеттеу қажет. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, елдегі балабақшаның бәрін мемле­кеттік тілде тәрбие беретін орта­лықтарға айналдыру – өте маңызды.


Бесінші – Левшин, Гумилевтерден бастап, қазаққа қызмет еткен тұлғалар бар. Григорий Потанин, біздің мың әнімізді хаттап кеткен Александр Затаевич, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Борис Ерзакович, кешегі Герольд Бельгер сияқты өзге ұлт өкілдерінің адал еңбектерін неге насихаттамасқа? Осындай тұлғалар туралы деректі, керек болса көркем фильмдер неге түсірмеске деген сауал тастағым келеді.


Алтыншы – қазақтану дәріс­тері мен үрдістерін жалғастыру. Осыдан 4-5 жыл бұрын, ҚХА бір жиынында неге басқа ұлт өкілдері қазақтың тұсаукесер, тілашар сынды жақсы салт-дәстүрлерін қабыл алмайды деп сұраған едім. Қазір қазақтану шаралары арқылы тұсаукесер жасайтын өзге ұлт өкілдері көбейді. Бұл – жақсылық.


Жетінші – өз өмірін қуатты Қазақстан Республикасымен байланыстыратын кез келген азаматтың мемлекеттік тілді білу талабына қолдау білдірген абзал. Яков Федоров, Максим Споткай, Максим Рожин сынды қазақ тілінде таза сөйлейтін азаматтар мемлекеттік мүддені терең түсінгені қуантады. Біз осылай, бауырластық қағи­датын қалыптастыруымыз керек. Кешегі Максим Рожиннің қазақ тілін үйрететін еріктілер қатарын көбейту туралы бастамасын қолдаймын.


Сегізінші – дін бауыр­ластығын күшейту. Қазақстан халқының басым бөлігі – негізінен мұсылман. Ораза, Құрбан айт мерекелерін тиімді пайдалану тетіктерін іздес­тірген дұрыс. Наурыз сынды ұлттық мерекелерді жал­пы­ха­лықтық ету. Қазақ халқы сырттан келгендерге алдымен дәмін ұсынған ел еді. Бір қап ұннан бес қап бауырсақ пісіруге болады. Наурыз көжені әр қазақ өз көршісіне ұсынып, дәмін татқызсын. Сонда бұл елімізді біріктіретін шынайы және үлкен шараға айналады.


Міне, осыдан кейін ұсақ-түйек сөз айтып, бәлен-түген деп көлгірсудің өзі артық болар. Әділеттілік болмаған жерде әлеуметтік қайшылықтар туындай береді. Түсіністік болу үшін не істеу керек? Қандай амал қыламыз? Мемлекет деген ұғымды бас­ты басымдыққа айналдыру үшін не жасаймыз? Қазір кез келгеніміз өзімізге «Қазақстан маған қымбат па?» деген сұрақ қойып көрсек. Қымбат дейтініміз даусыз. Қымбат бір затыңызды жоғалтып алсаңыз не болады? Жан-жағыңызға алақтайсыз. Сипалана бересіз. Қайта-қайта қарағыштайсыз. Әйтеуір, жаныңыз байыз таппайды.

Қазір бәріміздің басымызда сондай жағдай тұрған сияқты. Бәріміз үшін ең қымбат құндылық – Қазақ елін, қазақ мемлекеттілігін жоғалтып алмауды ойласақ. Осы қаперде тұрса!». Бұл да Нұртөренің мінберден айтқан сөзі.
Береке мен бірлік – Мем­лекеттің мемлекеттік тілінде! Бірлігі мен берекесі – терең достықта жатқанын айтқан азаматтан ел, бүгінгі қоғам да рухани шаршамауды талап ететін секілді.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қызылорда қаласының,

Сырдария ауданының

Құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<