Өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері

4

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келген Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунды, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековті, Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданы, Түрікменстанның Ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыровты және Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатовты қабылдады.

Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік, экстремизммен және басқа да қазіргі сын-қатерлермен күрес мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы ықпалдастықты арттыру өңірде тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтауда маңызды екенін атап өтті.

– Ұйымдасқан трансұлттық қылмыс тамыр жайып, аясын кеңейте түсті. Киберқылмыс табысы жоғары жаһандық индустрияға айналды. Бұл адамдарды миллиардтаған доллар шығынға ұшыратады. Цифрлық жүйені қылмыстық топтар өз қызметтерін үйлестіруге, табыстарын жылыстатуға, ешбір мемлекеттің шекарасына қарамайтын шабуыл жасауға жиі қолданады. Маңызды көлік және сауда бағыттары түйісетін Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары. Осы орайда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам саудасына қарсы тұру мәселесі өзекті болып отыр. Күш-жігер біріктіру, ақпарат алмасу, институционалдық ықпалдастықты нығайту және заманауи технологияларды енгізу арқылы ғана бұл сын-қатерлерге қарсы тұра алатынымызға сенімдімін.

Қазақстан қауіпсіздік саласындағы өңірлік және халықаралық ынты­мақ­тастықты тереңдетуді дәйекті түрде қолдайды. Біз азаматтарымызды қорғау мен елдерімізді орнықты дамыту бағытындағы ашық диалогқа, үздік тәжірибелерді алмасуға және бірлесіп шешім қабылдауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақ­тылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.

– Қазақстан заң үстемдігін қам­тамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стра­тегиялық басым бағыты ретінде қа­растырады. Біз «Заң мен тәртіп» тұжы­рымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конс­титуциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғы­шарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан транс­ұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстре­мизм идеяларының таралуын, лаңкестік топ­тардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн. Айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп бере аламыз. «Орталық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және экономикалық тыныс-тіршіліктің онлайн кеңістікке ойысуы кибер­қауіпсіздік мәселесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді деп санайды.

– Ақпараттық технологиялар сала­сындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды. Азаматтарымызға, биз­неске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни «фейк» тарату құралы ретінде қол­данылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструк­тивті элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетік­терін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңір елдерінің экономикалық ынтымақтастығын ны­ғайту мен дамыту, бірлескен инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыру қауіпсіздік мәселесімен тығыз байланысты екенін айтты.

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты еуразиялық логистиканың стратегиялық элементіне айналып келеді. Жаһандық сауда тізбегінің транс­формациясына және геосаяси қысымның күшеюіне сәйкес оның маңызы еселеп артты. Сонымен қатар жүк тасымалын ұлғайтудың белгілі бір қауіп-қатерлері бар. Әңгіме трансұлттық қылмыс, соның ішінде контрабанда, есірткі, қару-жарақ тасымалы туралы болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді.

– Менің ойымша, ішкі істер ми­нистрліктері бір-бірімен ынты­мақ­тас­тықты күшейтіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты ақпараттармен бөлісуге тиіс. Бұл халық­тарымыздың арман-тілегіне толы­ғымен сай келеді. Жұртшылық мемле­кеттер басшыларынан өз елдерін тәртіпке келтіріп, қалыпты әрі қауіпсіз өмірге қолайлы жағдай жасау үшін аса шұғыл, тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. Балаларымыз, жалпы халық ел басшыларының, ішкі істер министрлері мен басқа да ведомство жетекшілерінің заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қабылдап жатқандарына көздері жетіп, өздерін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның Қытай Халық Республикасымен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзара сенім, тату көршілік, ортақ жауап­кершілік негізіндегі ынтымақтастықты ілгері­летуге ерекше мән беретінін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар өзара бай­ланыстарды жолға қоюға, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби қарым-қатынастарды дамытуға және құқық қорғау орган­дарының қызметіне заманауи техно­логияларды енгізуге ниетті екендерін растады.

Президент аталған жиынның Орта­лық Азия мен Қытай аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша серіктестік пен ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.