Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. Аудан орталығындағы «FLY» Самғау мейрамханасы жанынан заман талабына сай жабдықталған 5 жылжымалы қонақ үй пайдалануға берілді.
Кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған бұл маңызды жоба аймағымызда алғаш рет ашылып отырған ерекше форматтағы қонақ үй кешені болып табылады. Жоба аясында келушілерге барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Аталған нысанды «Мун» жеке кәсіпкерлігі ашып отыр. Кәсіпкердің бұл бастамасы ауданымыздағы туризм мен қызмет көрсету саласының дамуына тың серпін бермек.
Жоба мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып, кәсіпкер жеңілдетілген бағдарлама арқылы 120 миллион теңге несие алған. Бұл өз кезегінде өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау тетіктерінің тиімділігін көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков кәсіпкерді жаңа жобаның ашылуымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту – өңір экономикасының басты қозғаушы күші екенін атап өтіп, мұндай бастамалар халыққа қолайлы орта қалыптастырумен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретінін жеткізді.
Айта кетейік, соңғы 4 жылда аудан экономикасына 262,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім көлемі 140 пайызға артқан. Бүгінде аудан бойынша 5757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, нәтижелі жұмыс жүргізуде.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






