Қазақстандағы отандық дәрі-дәрмек өндірісі 39,8%-ға жетті

4

0

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Мемлекеттің жүйелі қолдауы мен Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырып жатқан шаралардың нәтижесінде Қазақстандағы отандық дәрі-дәрмек өндірушілерінің үлесі заттай көрсеткіш бойынша 39,8%-ға жетті. Бұл туралы ДСМ мәлім етті.

Бұл деректер дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы расталды, бұл жүйе нарықтың нақты құрылымын көруге мүмкіндік беріп, дәрілік препараттар айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл туралы вице-министр Тимур Мұратов Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Фармацевтика индустриясын дамыту перспективалары» тақырыбындағы көшпелі отырысында айтты. 

Бүгінде Қазақстанның көрсеткіштері Германия, Франция және АҚШ секілді бірқатар дамыған елдердің деңгейімен салыстыруға келеді. Бұл — отандық өндірісті дамыту, локализацияны қолдау, ұзақмерзімді келісімшарттар жасау, реттеу тетіктерін жетілдіру және салаға инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

— 2025 жылдың соңынан бері Қазақстанда фармацевтика саласында жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық келісім жасалды. Жаңа жобалардың шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің 500-ге жуық жаңа түрін өндіруді іске қосу, сондай-ақ мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, — делінген ведомствоның хабарламасында.

Министрлік өзіміздің фармацевтикалық өндірісті дамыту — бұл тек экономика мен инвестиция мәселесі ғана емес екенін хабарлаған.

— Бұл — елдің дәрілік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы және азаматтарды сапалы препараттармен қамтамасыз ету мәселесі, — дейді ДСМ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, елде аллергияға қарсы инновациялық дәрі сынақтан өтіп жатыр.