Жақсының жақсылығын айту парыз

530

0

Еліміздің жоғары оқу орындары арасында өзіне лайықты орнын иеленген, сексенжылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өңіріміздегі білім мен ғылымның қарашаңырағы екені баршамызға аян. Сонымен қатар, осы іргелі ұжымның  мәдениет пен өркениет мәселелерін дамытудағы істері өз алдына ерекше. Өңіріміздің қайсыбір мәселелерінде ұжым мүшелерінің салмақты көзқарасы мен түйінді пікірі ескеріліп, ел игілігіне пайдаланып жатқанын көріп байқап жүрміз. 

Мұның барлығы осы ұжымдағы­лардың өз міндеттерін жоғары жау­апкершілікпен жұмыла көтеруінің негізінде болып жатқаны да белгілі. Әрбір оқытушы мен қызметкердің өңір жастарын тәрбиелеудегі еңбек­тері айтар­лықтай. Дегенмен, ордалы мекеменің бүгінгідей өрлеуінде өзгені соңына ертіп жүрген бірегей азаматтардың жөні  бөлек дер едік. Осындай болымды азаматтар арасында Кеншінбай Темірболат Ыбырайұлы да бар.

Бұл азамат 1972 жылдан бастап бүгінге дейін осы іргелі оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, әлем тілдері факультетінің деканы, халықаралық қатынастар жөніндегі департамент директоры, халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы қыз­меттерін ойдағыдай атқарып келеді.

Ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас. Еңбегің кетпес далаға» деген биік сөзін Темірболат ініміз өмірлік ұстаным еткен сияқты. Ол әрдайым асықпайды, аптықпайды, өзінің ісі мен міндетін жоғары сапамен, биік іс­керлікпен атқарады. Бірақ, сол асық­пауымен де ол көп істі оңғарады, кей­бір шыдамсыз, пысық, сырт көзге өзін көрсетуге ынтық әріптестеріне қара­ғанда сал­мақты нәтижеге жетеді.

«Жақсы адам жақсымын деп айта алмайды» дейді. Неге олай болды  екен? Өйткені, ол ақылды, өне­гелі, сабырлы, салиқалы, шыдамды, ұятты, білімді және сыпайы. Ендеше, осы мінездің барлығы Темірболат ініміздің бойында бар. Ол әрқашан іс үстінде, оның жайбарақат шалқайып отырғанын осы уақытқа дейін көр­меппіз. Бірде Қытайда, бірде Мәс­кеуде, бірде Германияда, бірде Кореяда, бірде Түркияда жүреді. Содан кейін «шаршап келді ғой, енді шамалы демалып, саябырситын шығар» деген үмітпен ініміздің әрлі-бері адам легі тоқтамайтын, есігі жабыл­майтын кабинетіне кірсең, жанынан кеңес сұраған, көмек күткен жас ға­лымдар мен қызметкерлер тобын кө­ресің. Одан кейін біршама уақыт салып кабинетіне және бас сұқсаң, те­лефонмен шетел азаматтарымен сұх­баттасып жатқанының үстінен түсе­сің. Ендеше, бұл соқталы ініміздің «жақсымын» деп айтып жатар уақыты да жоқ екен.

Темірболат кімге де болса қолынан келген жәрдемі мен кеңесін аямайды. Ешкімді сыртынан жамандап, жалған сөз айтпайды. Қасында тұрып өзгені жорта жамандай бастасаң, оған қосылмайды, қоштамайды, мұны қаламайды. Ал, кемшілік аяқтан шалып, бой бермей жатса, қоймай мазалап тұрса, кімнің де болса олқылығын оның өзіне, көзіне айтады. Осы орайда Тұрмағамбет ақынның: «Әрқашан алам десең төрден орын, түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді. Көрікті көп көзіне көрінбейсің, кеуліңнен кетіп тозаң, шаң басылмай. Өзіңді өзің түзеп үгітші бол, жан-жаққа жарық бермейді шам да ашылмай. Ерлерім, өзгені қой, өзіңді оңда, оңдасаң халық қоймайды сені сонда», – деген аталы сөзі жадымызға оралады.

Темірболат ақынның осы сөздерін өз өмірімен, бүкіл ісімен растап, дәлелдеп келеді. Ол еліміздің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қа­зақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» белгісімен,  ҚР Пре­зидентінің алғыс хатымен және Құр­мет грамотасымен және «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Алғыс хатымен марапатталған. Осыған әріптес­терінің, маңайындағылардың, ағайын-туыстарының, білім алушылардың, басшылықтың оң ілтипаты мен мол ыстық ықыласын  қосыңыз.

Біз кейде бірімізге біріміз, шамалы да болса  мақтаныш сезімге ұрынып дәрежемізді көтергіміз келіп жатса, «Қай шетелде болып едің?» деген сұрақ қойып жатамыз. Дәл осындай сұрақты Темірболатқа бағыттар болсақ: «Сіз қай елде әлі болған жоқ­сыз?» деп айту керек шығар. Оның осы сұраққа бірден жауап бере алмасы анық. Себебі, бұл азаматтың төрт құрылықта бармаған, аяғы тимеген мемлекет аз. Ендеше, бұл – терең білімнің, биік талғамның белгісі, бұл – осы азаматтың ұжым мен елге мол қажеттілігінің дәлелі.

Бүгінгі күні біздің іргелі оқу ор­ны­мыздың қаншама көп шетел­дік білім, ғылым және мәдениет орын­­­дарымен байланыс­та екенін бар­­ша­­мыз жақсы білеміз. Кеншін­бай Темірболат Ыбырайұлы универ­си­тет­­тің халықаралық байланыс­та­рын ке­ңейтуге, шетелдік уни­вер­­­си­­тет­термен әріптестік байла­­ныс не­гізінде халықаралық білім беру бағ­­дарламалары мен жобала­рын жүзеге асыруға ат салысып, халықаралық ынтымақтастық жөнін­дегі 80-нен аса келісім мен меморандум жасау жұмыстарын ойдағыдай атқарыпты.

Осы азаматпен танысып, аралас­қаныма көп уақыт болыпты. Ініміздің өсіп-өркендеуі көзіміздің алдында өтіп жатыр десе болатындай. Айтарлықтай мол табысқа жетіп, ұжымның оң ықыласына бөленгеніне куәміз, ризамыз, қызығамыз, мақта­намыз, қуаттаймыз.

Мен өз басым Темірболат інім­нің туған жылын жалпы білемін, өйткені, көп уақыттан бері қатарлас, қанаттас келе жатырмыз. Бірақ, соған қарамастан, осы кезге дейін ол менен үш жас емес, мүшел жас кішідей болып көрініп келді. Бұл ой маған сонда қайдан келіп, қайдан пайда болды деп сұраса, оған былайша жауап қайырамын. Оған себеп ініміздің елгезектігі, ісіне деген зор жауапкершілігі, қатары мен үлкенге деген биік ізеттілігі. Әйтпесе, мен өзімнен екі-үш жас үлкен ағаларымды, кейде әзілмен түрткілеп жататыным бар. Осыным бекер болғанын енді түсініп жатырмын ғой.

Біз осы мақалада Темірболат іні­міздің жақсы адам екенін шама-шарқымыз жеткенше көрсет­кен­дей­міз. Алайда, бұл оның азаматтық бол­мысын түгелдей, түбегейлі то­лық аша алмасы анық. Өйткені, біз сол жақсылықтың, іріліктің негізі мен себебін айтып ашпадық. Ендеше, сол олқылықты жөндеуге тыры­сайық. Ініміз 1966 жылы Қызылорда қаласында орыс мектебін үздік бі­тіріпті. Кейін Н.Гоголь атындағы педагогикалық институты шетел тіл­дері факультетін «Ағылшын тілі» ма­мандығы бойынша үздік тәмам­дайды. Сол институтта оқып жүргенде қоғам­дық-саяси жұмыстарға белсенді қаты­сады, лениндік стипендиат атанады.

Осыған қарап отырсақ, бұл азамат­тың өнегелі мінезі мен жақсы адами қасиеттері мектепте қалыптасып, жоғары оқу орнында шыңдалыпты. Бұл азамат жас кезінен өзіне мол жауапкершілікті артыпты, ауыр жүк көтеруден өзін алыс ұстамапты, соған дағдыланыпты. Демек, бұл ініміз бала кезінен мол еңбекқорлықты өзі­не серік еткен, нәтиже тек шынайы еңбек арқылы ғана келетінін жасынан түсінгендіктен деп айтуға толық негіз бар. Өзі талантты, талапты жігітке осы жоғары адами қасиеттер мол мүмкіншілік сыйлапты, оның келешекте ірі маман болуына, қасындағылармен жоғары әріптестік қатынаста болуының кепіліне айналыпты.

Ініміздің  өзгеге деген мол қамқорлығын, кең пейілі мен үлкен жүректі азамат екенін кезінде көріп байқағанмын. Отыз жылдай бұрын, ол уақыт жастау кезіміз болатын, ісіміз бен тірлігіміздің де ауқымы өзгеше еді. Сол уақытта бір қысылтаяң сәтте мені осы Темірболат інім өзінің кішілігі мен жастығына   алаңдамай-ақ қолдады, ыстық ықыласын танытып, рухани демеушілік жасады.  Бұл, әрине, әрдайым есте тұрады.

Тақыр жерден ешнәрсе шықпай­тыны бесенеден белгілі. Темірбо­латтың бабасы Кеншінбай шамамен 1800-1860 жылдары қазіргі Қоғалыкөл аймағында өмір сүрген. Мал шаруа­шылығымен айналысып, Сарысу, Ар­қа жақта көшіп-қонып жүрсе керек. Одан туған Шәтен Қостанай өлкесінің Жеменей елді мекенінде жұмыс істеп жүргенінде әйелімен бірге сүзек ауруынан көз жұмыпты. Бұл 1915-1916 жылдары болған оқиға. Екеуінің ар­тында Ыбырай (Темірбо­латтың әке­сі), Ысмайыл, Күләйша деген ұл-қыздары қалған. 10-11 жастағы Ыбырай ауылдың  қозысын бағып, іні-қарындасын асыраған. Бір-екі жыл­дан кейін нағашылары іздеп тауып, Қызылордаға алып келген.

Өмір ауыртпалығының барлығын басынан өткерген Ыбырай Кеншін­баев (1906-1995жж.) төрт кластық деңгейде ғана білім ала алған. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін өткен. Ішкі істер саласының кү­зет қызметінде  жарты ғасырға жуық старшина шенінде қызмет атқарған.

Темірболаттың анасы Ибрашева Мәлике (1920-1974 жж.) орта білімді және үй шаруасында болған, Ұлы Отан соғысы кезінде тыл жұмысшысы ретінде еңбек майданына  қатысқанын да айта кеткеніміз жөн.

Темірболат ініміз  талантты, талапты, терең білімді, сөзге берік азамат. Осы оның ұстанымы бүгін жеткен мол табысының негізі екенінде ешкімнің таласы бола қоймас. Бұл інімізге тағдыр өңірдің осындай іргелі жоғары оқу орнында қызмет етуді бұйыртыпты. Жастайынан жақсы­лар­мен әріптестік қатынаста болып, сол тұлғалы азаматтардан мол тәр­бие мен тәлімге иелік етіпті. Осы екі жақты байланыс азаматқа да,  ұжымға да қолайсыз болмаған сияқты. Керісінше, осыдан Темірболат ініміз білім мен ғылымның биігіне ұмтылды, игілігі мол табыстарға жетті. Ұжым да ұтылған жоқ. Қайталап айтар болсақ, бүгінгі университеттің алған биік асуларында осы ініміздің іздері көрініп-ақ жатыр.

Бүгін жетпістің асуына шыққан Темірболат ініміз тың, ширақ, ойы жүйрік.    Осының түбірі оның терең білімінде, ортақ іске деген қарымды көзқарасында, әріптестері мен айналасына, ағайынға деген ақ пейілі мен адал қарым-қатынасында.

Серікбай  ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<