Ел білетін, сағынатын Марсбек

6

0

Дана халқымызда «Өткен ойға оралмай, жаңа жадыңа түспейді» деген мағынасы өте терең және психологиялық-философиялық тұрғыдан өміршең тәмсіл бар. Демек адам баласы бұрынғы өткеніне, көрген-білгеніне ұдайы оралып тұруы шарт. Осы ретте өмір жолымда кездескен, сыйласқан азаматтар туралы зердеме түйгендерімді ой елегінен өткізуге талпынған сәттерде ел сыйлаған Азамат, әріптес ағам, сырлас досым болған Марсбек Рүстемұлы Молдабаев ең алдымен ойыма оралып, ол туралы естеліктер жадымда жаңғырады.

Марсбек ағамыз туралы санамдағы естеліктерге саңылау табу үшін оның өмірбаянына тағы бір көз жүгірткенім жөн болар деймін. Өйткені әр азаматтың өмір тарихынан ел тарихы түзіледі. Ал елге қызмет етуде абыройға кенелу — маңдай тердің ақталып, мерейлі болудың межелі мүмкіндігі. Саналы өмір сүруге ұмтылған әр жанның өмірдегі әр қадамын аңдап басуға деген талпынысы да осыдан туындайтын болар.

Осы шағын естеліктегі кейіпкеріміз Марсбек Рүстемұлының ғибратты ғұмырына зер салып қарасақ оның өз өмірін тек жақсы жағына ғана емес, әрдайым сапалы, саналы жағына қарай өзгертуге деген ұдайы талпынысын анық байқаған болар едік.

Сырдың маржаны саналатын Шие­лінің Майлытоғайында ауыл мектебінің мұғалімі Рүстем әкеміз бен Ғалия анамыздың отбасында 1963 жылдың 10 ақпанында дүниеге келген Марсбек Молдабаев жастайынан қара жердің демін сезініп, дала еңбегімен шынығып өсті. Бала Марсбек Майлытоғай мек­тебінің 6-сыныбын бітірген жылы Молда­баевтар отбасы Қызылорда қаласына көшеді. Әрине туған жерден қоныс аударып, ағайын-туыстан орта үзу оңай емес. Дегенмен Рүстем әкей ержетіп келе жатқан балаларының болашағы үшін осылай батыл шешім қабылдайды.

Қызылорда қаласындағы №43 орта мектепте оқуын жалғастырып, сапалы білім алған Марсбек ағамыз кезінде білімі мен білігі жетіп тұрса да, өзге замандастары сияқты ел асып үлкен қалаларға оқуға аттанудан өзін-өзі амал­сыз шектеді. Көп балалы отбасының жа­нашыры ретінде ертерек мамандық иге­руді мақсат тұтқан Марсбек Рүстемұлы орта мектептің 8-сыныбынан кейін 15 жасында Қызылорда политехникумына техник-электрик мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1981 жылы ойдағыдай аяқтады.

Сол жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Арменияның Иранмен шекаралас аумағында тұрған зениттік-ракеталық әскер құрамында азаматтық борышын өтеді. Марсбек ағамыздың зениттік қондырғының ат­қышы ретінде Қазақстан аумағындағы Сарышаған полигонында өткен әскери-оқу жаттығу жиынына қатысып, пультті басуға даяр тұрған көп мергеннің ішінен ракетаны алғашқы болып атып түсіргені де өз алдына бір аңызға айналған оқиға. Өзі қызмет еткен әскери округтің айбын-абыройын асырған жауынгер Молдабаев­тың бұл ерлігі командирлер тарапынан да жоғары деңгейде ескерілді. Әскерде сержант шеніне дейін өскен Марсбек Рүстемұлы осы ерлігі үшін «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен наградталды.

Әскери өмір мектебінің темірдей тәртібін бойға жиып өзінің Қызыл­ордасына оралған Марсбек ағамыз қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сала­сының бірқатар мекемелерінде маман ретінде еңбек жолын бастады. Ал коммуналдық сала қала тіршілігінің күретамыры саналатын, жауапкершілігі өте жоғары және ауыр сала екені белгілі. Жалпы Марсбек Рүстемұлы облыс халқының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін, қажырлы еңбекті талап ететін нақты секторда 40 жылға жуық еңбек етіп, Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы, қала әкімінің орынбасары, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы лауазымдарына дейін сатылап өсті. «Қазақстанның құрметті құры­лысшысы» атағымен марапатталды. Өндірістен қол үзбей жүріп Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс инсти­тутының Қызылорда филиалында ин­женер-құрылысшы мамандығы бойынша оқып, 26 жасында жоғары білім алып шықты.

Марсбек Рүстемұлы бұдан кейінгі кезеңдердегі еңбек жолында да коммуналдық шаруашылық саласынан алысқа ұзай қоймады. 2008 жылы Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген бүгінгі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының шақыруымен Шиеліге барып, кент әкімі қызметін 2011 жылға дейін атқарды. Сол кезеңде облыстағы ең жас аудан әкімі болса да көргені көп, тегеурінді талабы бар, жүктеген тапсырмасының орындалуын қатаң қадағалайтын Нұрлыбек Машбекұлы мен кент халқының сенімінен шықты.

Марсбек Рүстемұлымен екеуміздің 1997 жылы Қызылорда қаласының әкімдігінде бірге қызмет атқарғанда басталған өзара әріптестігіміз кейін өзім де Нұрлыбек Машбекұлының сенім артуымен Шиелі ауданы әкімінің орынбасары лауазымына ауысқан сәтте одан әрі жалғасты. Шиелі топырағында туып-өсіп, перзенттік парызы мен жерлестерінің сенімін ақтау мақсатында уақытпен санаспай, тәулік бойы бел жазбай қызмет етіп жүрген жігерлі басшымен тілдескен сайын оның білікті маман, қоғамшыл тұлға, ұстамды азамат екенін байыптай түстім. Осылайша Марсбек ағамызбен арамыздағы әріптестік байланыс көп ұзамай достық қарым-қатынасқа ұласты.

Сол кезеңдегі ауданның іскер басшысы Нұрлыбек Машбекұлының байыпты бастамалары мен тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде аудан көш бастап, елді мекендер күн сайын жаңарып, заманауи жобалар жүзеге асып жататын. Осындай жауапты сәтте Марсбек Рүстемұлы аудан әкімінің тапсырмаларын тиянақты жүзеге асыру мақсатында Шиелі кентінің әлеуметтік-инфра­құрылымдық дамуына айрықша серпін беруге, кенттің келбетін түбегейлі жаңғыртуға сүбелі үлес қосты. Оның ішінде көшелерге арнайы бағаналардағы жарық шамдары алғаш рет орнатылып, кент ішіндегі жолдар кезең-кезеңімен кеңейтіліп, асфальтталды. Тіпті бұрын-соңды жолы жоқ шалғай үйлердің арасына көшелер салынып, абаттан­дырылды. Әсіресе, тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, техника мен жұмысшы күшінің шектеулі болғанына қарамастан, кент ішіндегі санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі жолға қойылды. Бау-бақша өсіретін кент тұрғындарының көктем шыға басты мәсе­лесіне айналған аяқсумен қамтама­сыз ету жұмыстары да оң шешімін тапты. Жаяу жүргіншілерге арналған көптеген тротуарлар салынды. Коммуналдық қызметтердің жұмысы бір арнаға түсіп, тоқтаусыз әрі сапалы қызмет көрсету деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар, тұрғындардың тынығуына арналған аллеялар мен қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп, кенттің ажары ашылып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасты.

Өкінішке қарай, Марсбек ағамыз келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанған сәтінен бері де 5 жылдың жүзі өтіпті. Көзі тірі болғанда биыл оның 63 жасқа толар шағы екен. Бұл қазақ халқының таным-түсінігінде өте қасиетті, ерекше мәнге ие кезең. Сондай-ақ даналық пен құрметтің, рухани кемелденудің шыңы саналады. Әрине көңілдегі қимастыққа толы естеліктердің бәрін қағаз бетіне сыйғызу да қиын. Өйткені, марғасқа Марсбек досыммен бірге жүрген сәттер мен үшін үлкен өмір мектебі болды десем артық айтқандығым болмас. Елмен етене араласып, жұртшылықпен жақын болудың өмірлік тәжірибесін меңгеру де оның ағалық өнегесімен өріліп, беки түсті.

Ұзақ жасайтындай көрінген аға-досым Марсбек осындай арда азамат еді…

Руслан РҮСТЕМОВ,

ҚР Парламенті

Сенатының депутаты