Жүрек қазығына байланған бақыт

4323

0

«Шандайкөл» табаны шалқыған тірлік. Болаттың әкесі Нұрсейіт би – елді аузына қаратқан игі жақсының басы. Атасы Жанәбіл – малын үйірлеп санаған бай. Әкесінің інісі Қансейіт Бұхардан оқу бітірген молда болды. Бірақ, бұл тектілік кеңес өкіметіне жақпады. Бай мен молданы қудалап, ел-жұртты өзіміз басқарамыз деді. «Бөліп ал да, билей бер» деген бір сөздің шыққан кезі сол.

Нұрсейіт пен Қансейіт өзбек жеріне қарай ауды. Ол жақта қуғын аз, аспаннан түссең де еңкейіп жер тырнасаң болды, ешкімнің ісі жоқ. «Кет» демейді, «келің» дейді. 

1938 жылы Тереңөзек ауданы құрылған соң бұл айналадағылар колхозға біріге бастады. «Шандайкөл», «Қарабөгет», «Жаңаөріс», «Далакөл» колхоздары да осы кезде құрылған.Колхоз жұмысының ауырлығын бүгінгі біз біле бермейміз. Сол кезде бір сылтау айтып жұмыстан қалу қылмыс болып есептелген. Ал кешіксең жалаң арқаңды қамшы «жалайды».

Осындай қиын шақта «жығылған үстіне жұдырық» болып соғыс басталып, ауыл азаматтарын сыпырып кетті. Қызылорда медтехникумында оқып жүрген Болат Нұрсейітов те майданға аттанды. Ол алапаттың беті аулақ, өрімдей жастардың көбі «қара қағаз» болып қайтты. Оралғандарының да денесін оқ тескен, әйтеуір он екі мүшесі түгел емес.

Ел-жұртына жаралы болып қосылған Болат «Шандайкөлде» есепші, «финагент» деген секілді қызметтер атқарды. Соғыста қаза болған құрдастарының отбасына қолұшын беріп, солардың бала-шағасын аш қалдырмайын деп сөмкесін арқалап ұйқы мен күлкіні тәрк еткен бір кезең еді, бұл. Сол кездерде айнала көлдерден ондатр аулау деген бар. Болат ондатрды ақша қылып тірегін соғыс құлатқан үйлерге бергізді. «Жүні жылтыраған бір аңнан өкімет ортаймайды, олар да оны мұқтажға береді» деп ештеңеден қорықпайтын тосын әрекеті жұртты сүйсіндіретін. Ал өзінің анасы қайтыс болғанда үйінде тулақтан басқа төсек жоқ болатын.

1946 жылы Шәйім байдың қызы Жаңылмен бас қосқан соң ғана Болат тұрмысы бой тіктей бастады. Шымкент ауылшаруашылық техникумын бітіріп келіп, «Жаңаөріс» колхозы бастығының орынбасары болды. Осы колхоз дегенді бүгінгілерге көше-көше ақ шатырлы үй деп елестетуге болмайды. Ол – бір тоқал тамдары кемпірдің кетік тісіндей әр жерге орныққан жұпыны ауыл. Сол ауылдардың көшесін кетпенмен аршып, кенересін қолмен көтерген осы Болат Нұрсейітов әкелеріміз еді.

Бұл кісі ел жағдайы дегенде белден басып сөйлейтін, қырық жыл алдын болжай алатын көреген адам болған. Сонау бір жылдары Сыр өңірінің абызы атанған Сейілбек Шаухамановтың «Болат өз заманынан озық туған жан» деп баға беруі сондықтан. Осыған бір мысал келтіре кетейін.

1958 жылы колхоз шаруашылықтарын ірілендіру туралы СОКП ОК пленумының қаулысы шығады. Ел осы тұста екіге жарылды. Әркім өзіне тартты. Отырған орындарын суытқысы келмеді. Сол кезде бұрынырақта қосылған бірнеше майда колхоздардың бірі «Абай», бірі «Молотов» болатын. Техникалардың басын біріктіретін «Аламесек» МТС-і Шағанда, «Абайға» жақын. Колхозда техника болмайды, олар оны МТС-тен «натура платаға», яғни, жалға алады. Ал «Ақжарма» арнасы «Комсомолдың» үстімен өтеді. Айтысушылардың негіздемесі осындай.

Бұл айтыстың шешуші жиынына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бердіқұлов келеді. Сонда Тоқымбай деген кісі сөз алады. «МТС бізге жақын, техниканы тартқыштап жүрмейміз. Оның үстіне данышпанның атындағы ауылдың солай қалғаны дұрыс» дейді ол. «Тоқымбай айтса, тоқта» деген ел бас шұлғып қалады. Осы кезде Болат Нұрсейітов былай дейді. «Бүгінмен өлшеп, ертеңмен піш» деген, бұрынғылар. Бүгінмен өлшемейік, ертеңге көз жіберген адам бұл өлшемнің екі кез кем екенін көрер еді. Плотина суы тек «Шіркейлі», «Ақжарма», «Іңкәрдарияға» ғана бұрып отыр. Келешек жоғары жақтан үлкен су тоспасының түсетіні анық. Бұл аталарымыз Ұшан деп атаған кең далаға беталды жайылып жатқан көлдердің құрғауына сеп. Сосын үлкен егін алқаптары пайда болады. Колхозды үлкейткен үкімет МТС-тің бір мәселесін шешер. Сондықтан жаңадан бөлініп, үлкейетін ауылды егіске қолайлап, атын «Абай» дейік, бұл ауыл ескі Абай болып қалсын».

Ел ішінің айтысы осымен бітіпті. Болат аға болжағандай, 1962 жылы «Шардара» су қоймасы салынады. Ол жайында дәл сол уақытта әлі ешкім қозғамаған екен. Сонымен бірге, МТС-тер тарап, техникалар колхозға таратылып беріледі де, РСТ-тар құрылады.

Міне, бұл заманынан озық туған Болат Нұрсейітовтің көрегендігі еді.

1950-1960 жылдары аудан мен ауданның бірігуі, шаруашылықтардың ауысулары орын алып тұрды. 1966 жылы Жалағаштан шығып, Тереңөзек ауданына қараған «Ленин» колхозының егіс бригадирі Болат Нұрсейітов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұл «Ақжарма» табанында еңбек еткен ел ішіндегі алғашқы үкіметтік марапат болатын. 1967 жылы шаруашылық қарамағындағы малды «Іңкәрдарияға» беріп, Ильич егіс совхозы болды. Осы совхозда бөлімше бастығы болған Болат Нұрсейітовтің дала қосы бүкіл облысқа үлгі қылып көрсетілді, семинарлар өткізілді. Сол уақытта телефон, радио дегенің біреудің үйінде бар, біреудің үйінде жоқ. Ал дала қосында радио да, телефон да бар, су қосқа сарқырап келіп тұратын, тіпті егіншілер душқа түсетін. Жас механизатор-күрішшілер кешкі уақытта бір уақ би алаңына шығады. Асхана қаладағыдай. Бұл дала қосына басшылар уәкілдікті сылтауратып демалуға келетін болған. Басшыға елпек қақпайтын Бөкең тек тұлғасы биік Исатай Әбдікәрімовпен қатар отырады екен.

Техника күшіне енді, еңбек өнімділігі артты деп жүрген сол жылдары қарапайым маман Болат Нұрсейітов күрішті себетін, оратын техниканың әлсіз екенін, арамшөпке қарсы күшті дәрілер ойлап табу керектігін үнемі газет беттеріне жазып тұрған. Өйткені жер жыртатын тракторлар соқаны жерге 24 сантиметр ғана батыра алған, ал, Болат аға өз мақалаларында күрішке кедергі шөптерді қайта шығармау үшін соқа жерге кемінде 30 сантиметр ену керек болатынын айтқан. Көпшілік жұрт өзі агроном, өзі инженер жұмысын атқара беретін ол кісіні ғылым жолына түспей қалған ғалым адам деп бағалаған.

Ел алдындағы абырой-беделі биік Болат ағаның Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовпен жүздесіп, әңгімелескені де аңыздай болып айтылады.

Сол жылдардың бірінде қос Нұрсейітов кездесіп қалады. Олар соғыс кезінде Уфа қаласында бір кездескен екен, сосын көрісіп отырғандары осы.

– Жүр, сені сыйлайын, – дейді Жаппасбай.

– О не дегенің, біз сені бүкіл халық болып сыйлауымыз керек!

– Бөке, мен ғана емес, сен де батырсың. Өзінің соры болатынын біліп фашистер сенің дәл оң қолыңнан атқан ғой. Міне, енді колхоз командирісің, еңбек батырысың! – деп ризалық білдіріпті Жаппасбай.

Осы Жаппасбай батыр айтқандай, Болат Нұрсейітов шын мәніндегі еңбек батыры бола білді. Ол елдің жақтаушысы, жанашыры атанды.

Кешегі бір тоқсаншы жылдардың тұсында ауылдағы күнкөрісі төмен үйге өзінің қорасынан қойын сүйреп апарып тастайтын қайырымдылығын ел іші әлі айтады.

Болат аға малды кісі болған. Екі ірі қара, бес уақ малдан артығыңды байыдың деп кесіп тастайтын кеңес өкіметінің тұсында екі қабатты үй салып, «Волга» мінген адам. Мұның мәнісін тексерушілер «ойпырмай, адал еңбекпен де баюға болады екен-ау» деп шарасыздық танытқан.

Осындай жайлы, бақытты тұрмысқа жетудің бастау бұлағының бірі жары Жаңыл ананың ерінің сөзін екі етпейтін құрметі мен адалдығынан деп айту орынды. Ол кісі қолы ашық, қонақшыл, мейірбан жан болған. Алудың ләззаты секілді берудің де ләззаты болатынын көп адамның біле бермейтіні рас. Бұрындағы ел іші бір-біріне ештеңені қарыз қылып бермеген. Жаңыл ананың қазанынан пісіп тұрған сүтті көршілері құйып әкете беретін болған. Кімнің жетпейтін жері бар, соны толтырып үйренген Жаңыл ана барлық нәрсе ақшамен өлшенген, айырбасқа телінген тоқсаншы жылдардың ағымына көндіге алмай «арам болып кететін шығармыз» деп қынжылыпты. Не деген кең жүректі жан десеңізші!

Осы Болат әке мен Жаңыл ана үш ұл, төрт қыз өсірді. Бүгінде өмірден өткен үйдің үлкені Айтмағанбет Қызылорда пединститутын бітіріп, облыстық саяхат бюросының бастығы, Амангелді кинотеатрының директоры, қалалық, аудандық атқару комитеттерінде нұсқаушы, тәуелсіздік жылдары «Ақжарма» ауылының әкімі, мектеп директоры секілді жауапты қызметтер тізгінін ұстады. Мараты да жоғары оқу орнын бітірді, мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарып келе жатыр.

Қасиеттің қанмен келетіні анық. Болат әкенің елге жасаған жақсылығы да, жомарттығы да, ағайынға алтын діңгек болған адал болмысы да кенже баласы Қайраттың бойынан көрінді.

Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Нұрсейітов бүгінде әкесі секілді ел сыйлаған іскер, туған жерінің жанашыр тұлғасы болып танылды. Баяғы «Далакөлдің» ізіндегі бүгінгі «Ақжарманың» ақ шағаладай бейнесін жасады. Ауылына мешіт, монша, дүкен, дәмхана салып, барлық көшесін асфальттап, ауыл ортасынан Болат Нұрсейітов атындағы саябақ ашты.

«Ақжарма и К» серіктестігінің төрағасы еңбеккерлеріне көлік мінгізіп, шамасы жетпегендерге үй салып берді.

Әкесі жөнінде, өзінің еңбек жолы туралы Қайрат былай дейді: «Біз әкемізге арқа сүйеп өстік. Үйдің кенжесі болған соң еркін едім. Соған қарамастан жасымыздан еңбек еттік. Біздің үйде мал көп болды, кейде мал жайлап жүріп сабақтан кешігіп қалатынмын.

Мектеп бітірген соң әкем заңгерлік оқығанымды қалады. Әкемнің бұл қалауын іштей түсінемін. Атасы да, әкесі де жазықсыз қудаланған. Байдың баласы деп кеңес кезінде өзі де партбилетінен айрылған. Заңсыздықты көп көрген, соның бәріне ағысқа қарсы жүзгендей өршелене қарсы тұрып, көрген құқайын адал еңбегімен жеңген. Мен Алматыдағы малдәрігерлік институтына түстім. Өз қалауым сол, жасымнан малдың жайын жақсы білдім. Бәрі біркелкі мыңғырған малға қосып жіберсе де өз малымды оңай тауып аламын.

Сонау тоқсаныншы, әкем қайтыс болған жылдары менің әке тәрбиесін сіңірген болмысымды таныған Ильич совхозының директоры Аббаз Кәмішев өз қарамағына алып, жұмыс істеп кетуіме қамқорлық танытты. Он нәрсенің тоғызы жетпейтін кезең, ол кісі мені коммерция жөніндегі көмекшісі қылып алды. Сөйтіп сауда-саттық ісіне араластым. Ресейден, Өзбекстаннан, Шымкент, тағы да басқа жерлерден совхозға техника бөлшектерін тасыдым, ет бағытындағы құс та әкелдім. 2007 жылы Сырдария ауданы әкімі тарапынан ауыл әкімі бол деген ұсыныс түсті. «Әкесіне арқа сүйеп, еркін өскен бала, ел басқару оның ісі ме?» деп сенімсіздік танытқандар көп болды. Бірақ мен әкемнің жолын жалғауды, елге қызмет етуді бақыт деп білдім. Сөзге іспен жауап беруді серт қылдым.

«Қазір сол үдемнен шығып келе жатырмын. Менің ұстазым да, маңдай тірейтін ұлы тұлғам да – әкем мен анам. Жыл сайын бауырларыммен бірігіп, ата-ана аруақтарына арнап ас беруді айнымас дағды қылғанбыз. Мен үшін әкем – тірі адам. Істеген ісімнен кемшілік жіберіп қойған жоқпын ба деп күн сайын оңаша қалғанда әкеммен «сырласамын». Бір жұмысты бастасам да, аяқтасам да әке аруағының алдында есеп беремін…».

Шынында Қайраттың сөзі ойға шомдырады. Перзенттің табысты болуы, бақытқа жол бастауы әке мен ана ризалығында екен. Мұны қасиетті Құран да айтады. Бүгінгі Қайраттың бет-бейнесінен өзіміздің де көзіміз жетіп отыр.

Бұл – жүрек қазығына байланған бақыт.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<