Әже, сені сағындым!

1951

0

Тас боп қатып ұйықтап қалыппын. Атып тұрып көкәнәдағы қолжуғышқа шала жуына сап, апыл- ғұпыл киініп, сөмкемді асына ас бөлмеге өттім. Тыныштық. Үстел бетіндегі ыдыстарға қол тимеген. Тек есімді білгелі тықылынан жаңылмаған ескі сағат қана терезе алдында «сөйлеп» тұр.

Әжем барда бәрі басқа еді. Таңертең мына дастархан жайылып, самаурын екі иғынан дем алып, анам екеуі әңгімелесіп шай ішіп отыратын. Азанғысын ыстық тамақ ішпейтінмін. Есесіне, әжем ыстық сүтке қант салып, нан турап қоятын. Апыл- ғұпыл сүйсіне ішіп ап, мектебіме кететінмін.

Әжем жоқ. Апам ұйықтап жатыр. Ас бөлме сәнінен айрылып үнсіз мелшиеді. Көңілім құлазыды. Аузыма нәр салмай сүйретіліп үйден шықтым.
. . .

Сабақ оқып отырған бөлмеме апам кірді. Әжем барда шашын желкесіне түйіп, сыртынан жеңіл орамалын тартып жүретін. Қазір шаш та жоқ, орамал да жоқ.

Жо-жоқ, мен апамның сәнді киініп, әдемі боп жүргеніне қарсы емеспін. Әжем де қарсы емес еді. Ағайын- туыстың ас- тойында басына жаулық салғанымен, әкеммен қыдырғанда шашына причёска жасап, тәуір көйлектерін киіп алатын. Бірақ үйге келген соң жеңіл орамалын байлап, онысы өзіне жараса кететін- ді. Аяқ басқан сайын орамалының желке жақ ұшы желп- желп етіп, біртүрлі әсем тербеліске түсіп, онысы өте тамаша көрінетін. Бірер күн үйде болмаса немесе әжем қонақтан келсе, алдынан шығып иіліп сәлем салатын.

Бірде мынадай қызық оқиға болды. Апам аулада басын жуып болып, шашын тарап тұрған. Дарбазаның есігі ашылып, әжем кіріп келді. Немерелер өре түрегеліп, жүгіріп барып құшақтап жатырмыз.

Апам:

  • Сәлем бердік,- деп иіліп сәлем салды.
  • Көп жаса

Әкем:

  • Әскери адамдар фуражкасыз честь беруге болмайтыны сияқты, орамалсыз да сәлем салуға болмайды емес па?- деп қалжыңдады.
  • Келінім оны біледі, қазір басын жуып тұр ғой,- деп әжем апамды ақтап алды.
  • Орамалын тартсын,- деп әкем де қоймайды.
    Ол кезде анам басына жаулығын сап үлгерген еді.

Қазір әжем жоқ. Анамның басында да орамал жоқ. Кішкентай орамалмен көркемделіп тұратын әдемі көрініс те жоқ.

Неге екенін аңғармай қалдым, апам мен әкем аяқ астынан ұрысып қалды.

– Қойшы осы сен оттай бермей,- деді анам қолын сілтеп,- аузыңа не келсе соны айтады екенсің білгішсініп.

Әжем барда олардың бұлай дауыс көтеріскендерін көрмегенмін. Өкпе- ашулары болса үлкен кісінің алдында бір- біріне сынық сөйлейтін. Сондықтан болар, әкемді пір тұтатынбыз, апамды ибалы көретінбіз. «Оттай бермеші» деген сөздің түрпідей естілгені сондай, әкемді биігінен құлатып жібергендей, сонысымен ол «пір» кейпінен айрылғандай жалт қарадым. Балаларының алдында айқайды үдетпейін деді ме, әлде айтарға сөз таппады ма әкем үндемеді. Жүзі сынық көрінді.

Әжем барда мұндайдың бірі де болмайтын. Ол кеткелі жылға жақын. Әжем жоқ. Үй ішінде жайма шуақ атмосфера да жоғала бастады.
. . .

Түскі астан кейін әкем жұмысқа кетті. Дастарханды енді жинағалы жатқанымызда апамның бір құрбысы келді. Қонақжай қазақтың ұрпағымыз ғой, қайта қазан көтеріліп, шай қойылды.
Не керек, сол құрбысы кештетіп әкем жұмыстан оралғанда ғана, «қой,кетейін, күйеуің келді, ас- суын берерсің» деп орнынан тұрды.

Мана түскі астан кейін апам екеуміз дүкенге барып маған аяқ киім алмақшы болғанбыз. Ол жөніне қалды. Жолай электр жарығының төлемін жасамақшы едік, ол да жөніне қалды.

Әжем барда бұлай болмайтын. Ас- суын ішкен соң құрбы- достары келген шаруасын айтып, ұзақ отыруға ұялып кетіп қалатын.
Қонақ та күтілетін, үй шаруасы да бітетін.

Әжем жоқ. Келместің ауылына кеткелі жыл жарым уақыт өтті. Аяғын тартар үлкен адам болмаған соң жайдақтық еркін көсілді. Шаңырақтың айбаты әжем екен- ау.
. . .

Тойға шақырушы келді. «Тойлыққа не апарамыз?» деген мәселе күн тәртібіне ілінді.

– Екі кредиттің де уақыты болды,- деп кіжінді апам,- төлемесең үстіне пайыз жамалады. Осындайда апамның пенсиясы да жақсы еді,- деп күңкілдеді әкем.

Әжем жоқ, береке де жоқ.
. . .

– Кеше абысынды түсімде көрдім. Орнына құран оқып, қол жаяйын, соны дәметіп жатқан шығар деп әдейі келдім,- деді Дүрия әжей жайғасып жатып. Құран оқыды, бата қайырды, әжем жайлы аз- кем жақсы сөздер айтып кетіп қалды. Әжем барда бейсенбі- жұмада иіс шығаратын. Кейде жеті күлше пісірсе, кейде тапаға жеті нан пісіретін. Ал кейде ыстық тапа нанға май сап жегізетін, соңынан құран оқитын, өлгендерді түгендеп дұға жасайтын.

Әжем жоқ, ол әдет те ұмытыла бастапты.
. . .

Студентпін. Жазда каникулға үйге келсем апам үй тірлігімен, ал әкем газет қарап отыр екен. Менің келгеніме қуанысып, қауқылдасып қалдық. Шай қайнап, дастарханға тәттілер қойыла бастады. Маған қояр әкемнің сұрағы бітер емес, сағынысып қалыппыз.

Байқаймын, апамның кең етек жаздық лямка көйлегінен еңкейіп дастарханға ас қойған сайын екі төсі еркін көрініп, онысын өзі білетін болуы керек, көйлегінің апандай ойығын бір қолымен жапқыштаған болады. Мен ұялып әкеме қарағыштаймын. Ол кісі оған мән бермейтін сыңайлы. Әлде көрсе де көрмеген бола ма, әлде айта- айта сөзі өтпеді ме, үндемеді.

Әжем барда басқа еді.
Анашымның жеңіл халатының жаға- жеңі болатын. Халатымен түстес орамалды сәндеп тартатын. Ана жерім, мына жерім ашылып қалар деп жанталаспай, екі қолымен тәрелке ұстайтын.

Әжем жоқ. Анам да әжем бардағы ибасынан айрыла бастапты.
. . .

Ой, Төлеш,- деп дауыстады көрші Жағыпар аға. Апам қарсы бөлмеден жүгіріп шығып:

– Ол үйде жоқ… Сәлеметсіз ба, қайнаға,- деп иек қаға амандасты.

– Жақсымысың, келін,- деп аға да келген шаруасын тез- тез айтып кетіп қалды.

Әжем барда апам Жағыпар ағаға иіліп сәлем салатын.
Сәлеміне үлкендер бата беретін.

«Сәлем салғаннан белің үзіліп қалмайды. Бата аласың әрі ибалы келін атанасың. Періштенің құлағы бірде ашық, бірде жабық болады. Батаның артықтығы жоқ, қалқам» дейтін еді- ау әжем.

Әжем жоқ, сәлем де жоқ. Бата да жоқ, бата алуға ниет те жоқ.
. . .

Тағы бірде дастархан басында отырдық. Баяғы еңселі самаурынның орнына құйыршығын шұбалтқан электр шәйнек келді. Жағалай отырғандарға екі рет кесе жөнелткеннен қалмай оның суы таусылды.

Газдағы шәйнек қайнаған шығар, соны әкел де, мынаған су толтырып токқа қос,- деді маған.

Осылай отырып- тұрғыза бергенше самаурын неге қоймадың?- дедім мен әжемнің қызы болғандықтан батылдау сөйлеп.

– Ой, қойшы, оны кім қайнатып отырады?

Мен үндемедім. Әжем барда басқа еді. Буы бұрқыраған самаурынның демі шай ішіліп біткенше басылмай, әдемі сүйкімді үн шығарып тұратын.

Әжем де жоқ, самаурын да жоқ. Пұшық шәйнекте үн жоқ, дастарханда сән жоқ.
. . .

Бірде үйге келсем, апам аулада кір жуып отыр екен. Жиналған кірдің ішінен әкемнің көйлегінің жағасының үстінде ішкиімнің жатқанын көзім шалды. Жүрегім зу етті.

Әжемнің:

– Еріңнің киімін жерге тастама. Ерің- пірің. Күйеуіңнің киімінің жағасын баспа, балаларға бастырма, еркегіңнің құты қашар. Іш киімдерді бөлек жу, өзге киімдерге қоспа,- дейтінін жасымда көп еститінмін. Және сол орындалатын да еді.
Тіпті, көнерген киімдерді майлық- сулыққа немесе басқа қажеттерге жаратар кездің өзінде жағаларын қайшымен бөлек кестіріп алатын.

Кір жуылды, ауладағы сым арқанға жайылды. Анамның іш киімдері де, төс тартқыштары да мен мұндалап керіле қалған.

Әжем:

– Іш киімдерді жұрт көзінен тасалау жерге жай. Орын болмаса, үстін шүберекпен көлегейле,- дейтін.

Ең қызығы, үйдегі ер жеткен ұлдардың көре- көре көздері үйреніп, еттері өліп кеткен бе, түк болмағандай үйге кіріп- шығады.

Әжем жоқ. Үйдегілерден ұят та кете бастапты.
. . .

Әжемнің бөлмесіне кірдім. Мен ес білгелі бұл бөлме солай аталады.
Бұрышта үлкендеу сандық, оның үстінде екі кілем жиналатын.

– Саусақтарым ойылып, осы кілемді саған арнап тоқыдым. Мынау балдақ, мынау құстұмсық оюы. Ал мына жерде сенің атың жазулы. Ертең мен түйе айдап кеткенде көзімдей көріп, керуетіңнің тұсына тұтарсың, – дейтін жарықтық. Сосын:

– Қазіргі мына дүкеннің кілемдерінен бұның өлімтігі артық. Қолдан тоқылған, қойдың таза жүні,- деп тағы қоятын.

Негізі бұл бөлмеге күнде кешкісін әжем екеумізге ғана төсек салынатын. Бірақ тәңертең үйдің алты баласы да осы бөлмеден өретінбіз.


Мен немеренің үлкені болған соң әжемнің меншікті қызымын. Кіші інім Әнуар ғана ата- анамызбен жататын.

– Бала ес білгенше ата- анасымен жатса мейрімді болады,- дейтін әжем.
Ал ұлдарға:

– Көрнәмәнә жейсің де, ойбай ішім дейсің бе? Әрнәрсені жеп, түнімен желдетесіңдер,- деп бөлек бөлмеге жатқызатын. Түннің бір уағында бір- бірімен сыйыспай немесе «қорықтық» деп сылтауратып, көрпе- жастықтарын сүйретіп жанымызға келетін. Кейіннен Әнуар да әй- шайға қарамай, біздің аяғымызды басып- жаншып, туралап келіп әжемнің көрпесіне қойып кететін.

– Ой, ақ қозым, құлыншағым, шүкімдей шүрегейім,- деп әжем де бауырына баса қоятын.

Әжем екеуміз үлкен, екі кісілік жастықты жастанатынбыз. Ол өзі ауыр да еді.Енем жарықтық бізге осы бас жастықты өзі тігіп беріп еді, – деген әжем бірде.
Атам қайтыс болған соң да жастық сол үлкен қалпында қолданыста болды.

– Қазақ: «бір жастықта қартайыңдар» дегенде ерлі- зайыпты жақын жатсын,. жақын жатқанның тәні жабысады, жаны табысады. Араларында сүйіспеншілік, сыйластық, түсінушілік болады деуші еді.

– Келін өз жастығын екіге бөлді де тастады. Сонда екеуі екі жастықты құшақтап, бөлек- бөлек томпиып жата ма, мен түсінбеймін,- деп, сосын сөзін қайта жалғап:- Әй, өздері білсінші,- дейтін жақтырыңқырамай.

Бөлмеге кірсем, жастық та жоқ, әжемнің көрпе- төсегі де жоқ. Маған арнап тоқылған шоқтай әдемі кілем еденге жайылыпты. Жүк үстінде қабырғада атамның жастау кезіндегі суреті ағаш жақтауға салынып ілулі тұратын. Ол да көрінбейді. Терезенің бұрышына таман ақ матаға оралған, биіктігі 30-40 сантиметрдей болатын шойын темір төс бар еді.

Әжемнің атасы әрі көрік ұстаған ұста, әрі қасиетті кісі болыпты. Кішкентай кезімізде біреуміз ұшынып, ауырып, тұмаурата қалсақ әжем білген дұғасын айтып, әлгі төсті сумен шайып, сосын сол суды беті- қолымызға, қолтығымызға, тамағымыз бен жон арқамызға жағып төсекке жатқызып тастайтын. Ертеңгісін ештеңе болмағандай шауып кетуші ек. Сосын төсті аққа орап, үстіне тозығы жеткен сұр кішкентай тақияны кигізетін. Оның көнергені сонша тіпті, түсі оңып кеткен еді. Бұл атамның әкесінің маңдайының тері сіңген бас киімі екен.Мына жердегі төс қайда? Әжемнің сандығы қайда?- деп сұрадым апамнан.

– Сарайда. Төс сол сандықтың ішінде,- деді жайбарақат.

Сарайға барып, төсті алып, шаңын сүртіп терезе алдына қойдым.

Мен әжемнің бөлмесінде ұзақ отырдым.Залға диванға төсек салып қойдым,- деп бөлмеге анам кірді.

Мен осы бөлмеге жатамын,- дедім. Жүзіме бір қарады да, үнсіз шығып кетті.

Әжемнің жастығы қайда?

– Оны екі жастық етіп бөліп тастағанмын.

Тілім байланды. Көмейіме өксік келді. Апамның жай, бейқам, ешқандай сезімсіз, жүрдім- бардым айта салғаны, әжем жайлы менің жүрегімдегі әдемі әлемнің быт- шытын шығарды. Әжемнің шынымен өлгені ме, көзден кеткені көңілден де кеткені ме? Көкірегім қарс айрылып, көзімнің жасы бетімді жуып, омырауыма тырс- тырс тамып жатты.

Ә- ә- же-е-е, мен сені сағындым,- деп бар даусыммен айқайлағым келді. Саусақтарының ізі, алақанының табы қалған кілемнің үстіне құшағымды жайып етпетімнен дыбыссыз жылап жата кеттім.
«Қалайсың?» деген ия әке, ия шеше, ия бауыр болмады. Жылап жатып талықсып ұйықтап кетіппін. Түсімде әжемді көрдім.

Аймаханның Сақыпжаны,


Тараз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<