Аманат

847

0

Бұл шағын естелікте мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің аяулы, адал жары Дәмеш Ермекова-Жүргенова туралы айтқым келеді.

Анамыз бізді араға екі-үш жыл салып үлкен қалаға, оқуға дайындап апарушы еді. Үйімізде кітап өте көп болатын. Сол кітаптарды, көркем шығармаларды оқушы едік. Сабақ үлгеріміміз де жақсы. Осының барлығын анамыздың өзі қадағалайтын.

Оқуға қабылданып, жатақ­ханаға орна­ласқанша Дәмеш Ермекова-Жүрге­нованың үйінде болатын­быз. Ол кісі үнемі қуана қарсы алып, дастарханды түрлі тағам­дармен жайнатып жіберуші еді.

Ертеңгілік екі ана бізге киім-кешек, оқу құралдарын алып бермек болып дүкендерді аралап кетеді. Біраздан соң сатып әкелген киімдердің олқы жерлерін тез арада-ақ қиып-пішіп өлшемін шақтап, қайтадан тігіп беруші еді.

Дәмеш апа анамызға көрпе, жастық тыстары мен төсеніштерін дұрыстатып жатып:

– Үш бірдей қарт кісің бар, мына жеті баланы қалай асырап жетілдіріп отырсың? Сен нағыз жігітсің, сенің есімің Дүйсенкүл емес Дүйсенқұл, – деп арқасынан қағатын.

Осылайша Дәмеш Ермекова-Жүргеновамен үнемі байланыста болдық. Әсіресе Т.Жүргеновтің інісі Бетай Қараұлының қыздары Әмина, Ғалия Қуаңовалармен бірге үй шаруасына көмектестік. Үйдегі жоғарғы сөрелерде тұра­тын ыдыс-аяқтарды алып жуа­тынбыз. Орнына қайта жайғас­тырып, шаңын сүртіп, жатын төсе­ніштерді үтіктеп, еденді жуып тазалап болған соң, дастархан басында Дәмеш апамыздың әңгімесін үнсіз тыңдайтын едік.

– Арысымнан айырылған соң мені де атышулы Алжир түр­месінде ұстады. Онда басқа да мемлекет қайраткерлерінің әйел­дері болды. Түрме басшылары «күйеулерінің тап жаулары екенін мойындасаңдар, босатамыз» деп қысым көрсетті. Мен бұл ұсыныстан бас тарттым.

Қаншама ауыр күндерді бастан кешірдік, бірақ тура жолды таңдай білдік. Он сегіз жылдан соң ақталу қағазын алдым. Қалған өмірімді аталарыңның есімінің ақталуына арнадым. Ақталу қағазын қолыма алған күндегідей шексіз қуаныш пен бақыт сезімін ешқашан бастан кешкен емеспін.

Азаматымның арманға айналған бейнесін кейінгі кезде жиі түсімде көріп жүрмін. Оған деген алау кеудемнен бүгінге дейін өшкен жоқ, өшпек те емес. Қан кешкен аталарыңның өмір жолын ұмытпаңдар, балаларым. Сендер де ұрпақтарыңа айта жүріңдер…

Үкіметтің жасап жатқан құрметіне ризамын. Темірбектің «Әр ауданда бір мектептен ашылса» деген арманы орын­далды. Ұрпақтары  оқу орын­дарына, мектептерге, көшеге есі­мін беріп, ескерткіш орнатып жатыр. Мұның бәрі де тектен-тек емес қой деп ойлаймын. Оның өсиетін түсіне білді, – дейтін.

Әлі есімде анамыз бауы­рым­ды алып қалаға келгенде пәтерді ұмытып қалып, әр есік­тің қоңырауын баса жүріп сұрас­тырады. Екінші қабаттағы пәтер­ден орта жастағы ер кісі күле шығып жөн сұрайды. Керекті пәтерді, яғни Дәмеш Ермекова-Жүргенованың пәтерін сұрай бастағаннан-ақ күлімсіреп тұрған әлгі кісі тез арада түсін суытып, «білмеймін» деп есігін тарс жауып алады. Сөйтсе, іздеген пәтері үстіңгі қабаттың бірінде екен. Кейіннен осы болған жайт­ты анамыз айтып бергені сол еді:

– Салқындық әлі де бар ғой, әлі де бар ғой, – деп Дәмеш апа еңкілдеп жылағаны есімде.

Екі ана осылайша сыр бөлісіп, кездесіп, қоштасарда қимас­тықпен тарасушы еді.  Араға уақыт салып үйіне келдім. Әдет­тегідей бастан кешкендерін айта отырып:

– Қызым, қазақша таза сөй­ле­йсің, ауылдың таза бейне­сі көрініп тұр. Осы менің айт­қандарымды жазып, елдегі бас­пасөзге апарып көрсетші. Олар қарсылық білдірмеуі керек, – деп отырып қалды.

Кейіннен Жалағаш аудандық «Жаңадария» газеті редакциясына соқтым. «Тұғыры биік тұлға» деген тақырыпта бір бетке материал жарияланды. Араға уақыт салып Алматыға келгенімде газетті қолына ұстаттым. Әрине, Дәмеш анамыз балаша қуанып телефонды ала салып таныстары мен достарына:

– Темірбек Қараұлының еңбегін жерлестері бағалап, газетке суретімен қоса жария­лапты, – деп қуанып айтып жатты.

Бұдан соң да газетті қайта-қайта оқып, кеудесіне баса түсіп, түнде жастығының астына қойып күбірлегені де есімде.

Ертеңгілік:

– Рахмет, қызым, – деді.

– Мен қазақ мектебінде оқы­ғанмын, орысша таза сөйлей алмаймын, – дедім.

– Оқасы жоқ, ол маңызды емес. Осылай менің айтқандарымды жазып тұрсаң болғаны, – деген-ді.

Зәмзәгүл ИБРАГИМҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<