Пайда ойлама, ар ойла!

1116

0

Парасатты қоғам құру үшін ар мен ұят, адалдық пен әділдік тақырыптары қашан да өзекті. Қазақ руханиятының, мәдениеті мен әдебиетінің бағдаршамы болған хакім Абай осы тақырыптар төңірегінде қара сөздерінде кеңірек тоқталады. «Пайда ойлама, ар ойла!» деп, ел болашағы, ұлт ертеңі үшін алаңдаған ақын шығармашалығы – шынында да қазақ руханиятының темірқазығы, қараңғыда бағыт алар бағыттаушысы іспеттес. Көңіл теңізінің таяздау тұсында да, шалқыған шаттығында да жаныңда суаратын рухани терең құдық секілді. Осы себепті де ақын шығармашылығындағы әрбір өлең мен қара сөзбүгінге дейін өз маңыздылығын жоймай келеді.

Қазақ тарихындағы құқықтық нормаларға бағытталған заңдар жинағы Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғыдан» бастау алатыны бар қазаққа аян. Сонымен бірге бөрілер жорып өткен Тұран даланың топырағында жазылмаған, алайда халқы жаңылмаған бұлжымас қағидалар бар. Әрине, оның барлығы ар, иман, жан мен тән тазалығы тақырыптарын айналып өтпейді. Олардың қайсы бірінде болмасын, «ар» ұғымының рөлі маңызы зор. Содан болса керек, «қазекең» тал бесік пен жер бесіктің арасында «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген ұранмен ұрпақ тәрбиелеп, адал ас ішіп, адалдық жолында бар дүниесін тәрк етуге дейін дайын болған. Бұл біздің өткеніміздегі көрінісі, ал бүгін ше?  «Өлімнен ұят күшті» деп өмір сүрген бабалар ұрпағының бүгінгі өмір сүру қағидасы қалай?  Осы бір бабаларымыз ұлықтап, дәріптеп келген берік ұстанымдардан айырылып қалған жоқпыз ба?

«Мәңгілік ел» болу үшін басымдық беретін бағыттардың бастысы – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидасын қалыптастыру.  Тамырлап кеткен бұл қиыншылықпен қай салада болмасын кезігіп жататынымыз жасырын емес. Бір қуантатыны тәуелсіздік жылдарында туылған жастардың жаңа легінде өзіне сенімді, ісіне мығым толқын өсіп келеді. Бұл да бір – азаттығымыздың жемісі. Азат елде өмір сүре тұрып, қандайда бір құндылықтарға тәуелді болмауымыз керек. Ол үшін бізге тағыда ар ұғымын тереңінен түсінгеніміз абзал. Сыбайлас жемқорлықтың шегіне жетпесе де, жетесіне жеткізіп, жүйелі, қарсы қоғам тәрбиелеуде жетістікке жеткен елдердің барлығы дерлік мәселенің шығу себебі – жеке адамдармен жұмыс жасаған. Бізде сол процесс үстіндеміз. Бұл басты міндетіміз. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барша қоғамның міндеті деп білемін.

Қазіргі таңда жастардың арасында парасаттылық идеологиясын насихаттау және терең білімніңмаңыздылығын түсіндіру мақсатында түрлі бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жолдауы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен«Адалдық алаңы» жобасы қолға алынып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде жобалық кеңселер өз жұмысын жүргізіп отыр. Осы бастама негізінде әр сала бойынша бірнеше жобалар қолға алынып, әрбірі нәтижелі мақсатта жұмыс жасап келеді. «Адал көмек», «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Сапалы жол — адалдық алаңы» және  «Парасаттылық мектебі», «Safe zone», «Protecting Business and Investments» жобалары қоғамдағы ашықтық мен жариялылықты көрсетуге, әрбір азаматтың бойында ар мен адалдықты, ұят пен парасаттылықты көрсетуге бағытталған. Алдағы уақытта  жоғарыда атап өтілген кеңселер мен жобалар аясында жас ұрпақтың санасына әділдік, парасаттылық, адалдық ұғымдарын қалыптастыруға әрі тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады деп білеміз.

Арға, жанға, қоғамға адалдық – иманнан. Ал иман – отбасыдан бастау алады. Сіз бен біз құрап отырған қоғамның тазалығы сайып келгенде, өз қолымызда!


Шәкизат ҚАРАТАЙҰЛЫ,

М.Мәметова атындағы Қызылорда

педагогикалық жоғары колледжінің

жастар ісі жөніндегі инспекторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<