Шипалы Апанқақ

3383

0

Әлемнің әр қиырында ыстық суымен адамдарды сауықтыратын шипалы жерлер бар. Бұл ыстық сулар халықтық емде маңызды орын алады. Себебі ыстық су жараны жазады, науқастарды сауықтырады. Қазіргі заманда медицина ғылымы дамыса да, емдік су қолданыстан шыққан жоқ.

Шапса аттың тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын кең байтақ қазақ жерінде емдік су шығатын жерлер өте көп. Атап айтар болсақ, Сарыағаш, Алма-Арасан, Барлық-Арасан секілді емдік орындар. Солардың бірі ˗ өңіріміздегі Апанқақ суы. Ол Жаңақорған ауданынан 66 шақырым қашықтықта орналасқан. Шамамен 800 метр тереңдіктен шығатын шипалы судың температурасы 80 градус. Апанқақ суынан ем іздегендер қысы-жазы үзілмейді. Тіпті, шипа іздеп, Алматы, Қостанай, Атыраудан, яғни, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Суының құрамында сынап бар. Сондықтан, ревматизм, қышыма, қотыр, тері аурулары және сүйек ауруларына ем. Ғалымдардың айтуынша Апанқақ суы минералды суларға, тұздарға бай, құрамында емдік химиялық элементтер көп болғандықтан асқазан, қуық безінің асқынуы, гемморой ауруларына да ем.

Бүгінгі таңда осындай табиғи еммен емделуге халық арасында ықылас күн сайын артып келеді, яғни, шипалы судан ем табумен қатар, демалу үшін де барады. Осындай емдік сулары арқылы туризмнің туын тіккен жұрттар бар. Әсіресе Шығыс Еуропа елдері Чехия, Болгария, Польша, Венгрия елдері  бір ғана шипалы-емдік суларымен экономикасын дамытып отыр. Әлемнің көптеген елдерінде емдік-сауықтыру туризмі жалпы ішкі өнімді жоғарылатты, яғни, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар көлік және байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрмыстық тауарлар өндірісі секілді экономиканың негізгі салаларының дамуына әсер етті.

Қорыта айтқанда емдік-туризм – құлдырауды білмейтін бірден-бір табыс көзі. Сондықтан өңіріміздегі Апанқақ шипалы орнына көңіл бөлуіміз керек. Ол үшін ең бастысы Апанқаққа баратын жолды жақсартса. Сонымен қатар шипажай, қонақүй, сауықтыру орындарын салса қонақтар мен әсіресе жергілікті тұрғындардың емделуімен қатар тынығуына жол ашылар еді.

Қуандық ҮСЕНБЕКОВ,

№110 мектеп-лицей мұғалімі, тарих магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<