Тападағы таңғажайып

635

0

Қазалыдан шеткері жатқан Шәкен ауылына жақын Тапа дейтін жұрт бар. Атының өзі қызықтыратын сол Тапа бір кездері Қарақұм өлкесін жайлаған малшы біткеннің мекені болған деседі. Қазір де ата кґсібін қимаған ағайын осы маңнан көшпей отыр.

Ал енді Тападағы тамашаға келсек. Біз айтып отырған мекенде ілгері уақытта 20 шақты үй  болған. Қазір 2-3 түтін бар. Осында қызмет қылып, зейнетке шыққан байырғы тұрғын Аманжол Жұмабеков өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері құм арасынан қазына теріп келеді. Қызық. Сыр бойының қай жерін ақтарсаңыз да, көне тарихтың ізі сайрап шыға келеді екен-ау. Ал Аманжол ақсақал жинап жүрген көп жәдігер бізге таныс та бейтаныс қола дәуіріне тиесілі.

– 1969 жылы осы маңнан ине құятын қалып пен тас жебе таптым. Оны Алматы музейіне өткіздік. Содан бері құштарлығым оянып, талай құпияны бауырына басқан төбелерді ерінбей қазып келем. Қарап отырсам, қазір қолымда 300-ден астам экспонат бар. Тапқан сынықтарды қолмен желімдеп, бірнеше құмыраны қалпына келтіргендей болдым. Жалпы бұлар қола дәуірінен қалған, сол заманға тіршілік еткен адамдар тұтынған заттар. Осында келген ғалымдар солай айтады,  – дейді А.Жұмабеков.

Ақсақалдың айтуынша, ­жәді­г­ердің бәрі Тападағы 200 гектардай аумақтан шыққан. Осында табылған қыш құмыралармен қатар сол заманғы адамдар қажетіне жараған дән үккіш, түймелер, темір қазан, тас пышақтар мен тері өңдейтін бұйымдар да бар. Бұл жерде көне ошақтар кездеседі. Елу жылдан бері қазына іздеп, әуесқой археологқа айналған ақсақал ежелгі әдетіне салып, ондай жерлерді белгілеп отырады екен. Келген ғалымдарға көрсетем деген ниет қой. Ал ынта қойып келген зерттеушілерге тапқан жерін көрсетіп, солар айтқан тың деректі түртіп алады.

Иә, құм баурайының әр жерінен құмыра сынықтары мен әбден майда­ланған адам сүйектері жиі кездеседі. Ақсақал ұрпақ игілігіне айналуы тиіс жәдігердерді осылайша қорып жүр. Осыған дейін тапқан жәдігерлердің біразын аудандық музейге уақытша қойыпты. Айтпақшы, қария тапқан дүниелерге қызығып, Қытайдан келіп қомақты қаржы ұсынғандар да болған.

Жақында Аманжол ата аудан әкіміне кіріп, жәдігерлер табылып жатқан алаңдарды қоршау, мемлекеттік есепке алу туралы өтініш білдіріпті. Аудан басшысы осыған орай  тиісті орындарға тапсырма да берген. «Тарихи қазыналар осылай талан-таражға түсіп кете ме» деп қорқасоқтауы бекер емес. Әзірге құм арасындағы құпияны тамашалауға Тапаға жақын Шәкен ауылындағы мектеп оқушылары ғана барып жүр.

Осыдан екі жыл бұрын  Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Тапа қонысы мен осы аумақты аралап, соның арқасында Арал мен Тапа ауылы ортасынан Үрген, Аққұдық сияқты ежелгі тұрақтар орнын анықтаған. Тападағы мекен еткен сол дәуір адамдарының жерлеу ғұрпы, қыш ыдыстардың түрлері және пішіндері, өрнек салу мәнерлері толық және терең зерттеуді қажет етеді. Құм арасын кезген Аманжол ақсақалдың да айтары осы. Өткен тарихты бүгін түгендемесек, топырақ астындағы көмбе әбден ысырап болуы ғажап емес.

Қарақұмдағы қарағай

Тым қызық жаңалық деп осыны айтарсыз. Сусыма топырақ арасында қарағай өсіп тұр. Өркештенген бурыл құм арасына осы шыбықты отырғызған кім десеңіз, тағы сол кейіпкеріміз – Аманжол ақсақал. Ал сіз «Осы Қызылордаға тал шығатын ба еді өзі?» деген сылдыр сөздің жетегінде әлі жүрсіз…

Тапа ауылы орналасқан Қарақұм жерінде қарағай қайдан пайда болған?! Бұл таулы жердің таза топырағын қалайды емес пе?

– Осыдан 10 жыл бұрын батыс жақтан бір сапардан қайтқанымда Қандыағаштан қарағайлы алқап көрдім. Содан кейін ғой «осы ағашты Қара­құмға әкеліп ексем қайтеді?!» деген ойдың туғаны. Басында Ақтөбедегі тұқымбақтан алып келген көшеттерді еккенмін. Бірақ, қалай өсіруді білмедім бе, көктеп келе жатқанда солып қалды. Осыдан 5 жыл бұрын сол өңірден 10, былтыр 46 түп көшет әкелдім. Содан қазір ауламда 18 түп қарағай өсіп келеді, – дейді өлкетанушы һәм бағбан ақсақал. 

Тарихты түгендеп қана қоймай, осындай үлгілі іспен айналысып жүрген қарияның қарағайлары бүгінде біршама өсіп, тіпті алғаш­қылары 3 метрден асып қалған. Өзінің айтуынша, Ақтөбенің Ойы­лына Бурабайдан жеткізілген қарағайлар суын уақытылы беріп, күннен тасаласа, құмды жерге тез жерсінеді екен. Ақсақал алдағы уақытта тағы 50 шақты көшет әкеліп, осы маңды қарағайлы орманға айналдыруды жос­парлап отыр.

Аманжол ақсақалдың бұ­дан бөлек, жеміс ағаштары да жетерлік. Бау-бақшалық алқабы да бар. Өрігі мен шабдалысы биыл алғаш рет өнім бермек. Құмды алқаптан ғажайып жасай білген қарияның қайырлы ісін көпке үлгі болар деген ниетпен қағазға осылайша түсірдік.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз