Тұран жолбарысы

3590

0

 Екі алып, екі дәу. Бірі Сырдарияның алыбы – жайын. Екіншісі – Тұранның тарғыл жолбарысы. Екеуінде де тірші­ліктің белгісі жоқ.

Уақиға желісі былай болған деседі.

Ана жолбарыс күшіктерін ертіп дария бойына суаттауға келеді. Бір күні келгенде Сыр жайыны бір күшігін, екінші күні екінші күшігін, үшінші күні үшінші күшігін құйрығымен ұрып, қағып алып кетеді. Күшіктерін құтқара алмай, дәрменсіз қалған ана жолбарыс суға бір түсіп, бір шығып әбден ызаланып, ақырады. Күнде келіп дария бойында жаңағы жайынды торуылдайды.

Бір күні жайын келіп жолбарыстың өзін қағып құлатпақшы болған сәтте жолбарыс оның құйрығынан шап тістеп жағаға лақтырады. Лақтыруын лақтырғанымен, өзінің бел омыртқасы үзіледі. Сөйтіп жайын судан шығып, жолбарыс белден шойырылып, екі дәу солай жағада жатып көз жұмады. Бұл, әрине, аңыз. Осы аңызды кішкентай кезімізде әкем домбыраға салып көп айтып отыратын еді.

Ғылыми тілде «Тұран жолбарысы» кейде «Каспий жолбарысы» деп аталған жолбарыс тұқымы бертінге дейін Қазақстан мен Орталық Азия­ны мекендеген. Қазақстан жерінде жолбарыстың көбірек мекендеген жері –  Сырдария өзені мен Арал теңізінің бойы, кейінгісі Балқаш көлі мен Іле өзені аумағы болған. Сондай-ақ, Шу мен Сарысу, Талас, Арыс өзендерінің бойы, Билікөл маңы, Қаратау жоталарын мекендеді деген ғылыми тұжырым бар. Яғни, бұл Тұран жолбарысының Сырдан Шығысқа көшу жол сапарының іздері, белгісі.

Олар жол бойында көптеп шығынға ұшырайды. Оның айғағы, Шу өзені бойында 1912 жылы екі жолбарыс өлтірілген. Сырдарияның соңғы жолбарысының бірі 1925 жылы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің маңында, ал енді бірі 1933 жылы Қазалы маңында жан қиған. Дегенмен  Сырдария бойындағы ну қамыстың ішінен, қызылдан «Тұран жолбарысы» 1945-1950 жылға дейін де ұшырасып отырған.

Алғаш «Тұран жолбарысы» туралы А.Бутаков 1848-1849 жылдардағы Арал экспедициясындағы жол жазбаларында келтіреді. Одан кейін Лев Берг өзінің «О тиграх на берегах Сыр-Дарьи» деген  мақаласында, Перовск портының капитаны Ивашинцев әр түрлі басылымдарда, Ресейде жарық көрген «Военный сборник» журналының 1871 жылғы нөмірінде көп айтады. Олардың суреттеуінше, Тұран жолбарысының салмағы 170 пен 240 келі аралығында, ұзындығы  2,70-2,90 метр болған. Салмағы жөнінен Уссурий жолбарысынан зор әрі күшті. Ол туралы мынадай естеліктер бар: Тұран жолбарысының атан түйені жығып, қамыс арасымен 100 метрге дейін сүйреп барғаны туралы оқиға хатқа түскен.

Жалпы жолбарыстың тамағы тоқ болса ешкімге тиіспейді. Бірақ, мұрағат деректері бойынша, 1880 жылы Арал түбіндегі ауыл маңында отын жинап жүрген бір әйелді жолбарыс жеп қойған. Дәл солай Перовский гарнизонының офицері де жолбарыстың жемі болыпты. Осындай оқиғалардан кейін Тұран жолбарыстарын жаппай қыру басталған тәрізді. Әр өлтірілген жолбарыс үшін сыйақыға 25 сом (ол кез үшін бұл 40 қойдың құны) берілген.

Жолбарыс атаулының ішіндегі қа­нық түсті әдемісі, дене тұрқы ең ірісі – осы Тұран жолбарысы. Оның тұқымы бенгалдық және амурлық тұқымынан да асып түседі.

Жолбарыстың Сыр бойындағы мекен ету орындары – ну қамысты өзен жағалауы мен жиделі, тораңғылды ағаш арасы. Ол Орталық Азияда тоғай деп аталады. Сол жылдары Сыр бойында тоғай бұғысы, қарақұйрық, далада киіктер, теңіздің жағалауы мен дария бойы қамыс арасы қабанға толы болды. Осылардың барлығы жолбарыстың негізгі жемтігі.

1906 жылы Түркістан аумағында жортып жүрген соңғы жолбарысты князь Голицын атқан. Тұран жолбарысын  1958 жылы Амудария атырабында көргендер бар екен.

Амур жолбарысы Ресейдің оң­түстік шығысында, Солтүстік Корея­да, Маньчжурияда, Амур өзе­ні­­нің аңғарларында кездеседі. Жол­барыс Амур өзенінің құрметіне осы­лай аталған. Ол «Қиыр Шығыс қа­бы­ланы», «Сібір қабыланы» деген аттармен де белгілі.

Көпті көрген жаңақорғандық Шайдарбек қарияның айтуынша, Сыр бойында оның ішінде Жаңақорған жерінде жолбарыстар көптеп мекендеген. Оның бір дәлелі, Ережеп батырдың жыртқыш аңмен алысқаны туралы тың деректер болса, енді бірі өз әкесінен естіген есті әңгімелер.

Адам баласының қаһарына ұшыраған аңның бірі – жолбарыс екені айқын. Дария бойындағы ну қамысты мекендеген қай жолбарыс болсын, малға шауып, адамды да жаралап, айбат көрсеткен. «Малым – жанымның садақасы» дейтін қазақ, малды қойып, ақыр соңы адамға шапқан аңды аямастан, атып ала берген.

Қай ақпарды алып қарасақ та, жол­барыстардың Жаңақорған жерін, сек­сеуілді құм мен қалың нулы дария жағасын мекендегенін ұғамыз. Қызығы сол, мысық тұқымдасындағы айбарлы аң туралы аңыз-әңгімелер XX ғасырдан бастап кітапқа жазылып, таңбаланғанымен, ел аузында дария тасып, тоғай толып, қамыс жайлағаннан бастап жолбарыстар Сыр бойын мекендегені айтылады.

Бүгінде Сырды мекендеген жолба­рыс­тың өзі тұрмақ, ізі де көрінбейді. Негізгі себеп, бір кездері орман-тоғайды барлап, күн көрген жолбарыс біздің өлкеде мүлдем жоқ. Ауыл малы мен адамға шапқандықтан ба, әлде адамдардың аңның бағалы терісіне қызығып, атып ала бергенінен бе, Тұран тағылары Сыр бойы тұрмақ, Қазақстанның өзінде жоқ жануарға айналды. Бір сөзбен айтқанда, ізім-қайым жоғалған аңның біріне айналды. Тіптен, «Қызыл кітапқа» еніп үлгермеді. Десе де, Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы 2020 жылға қарай Тұран жолбарыстары популяциясын жандандырмақ.

Тұран жолбарысының бұл өңірден кетуіне бірден-бір себеп Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы деп ойлаймын. Көпшілік әдебиеттерде соңғы жолбарыс 1948 жылы Қазалы балықшыларымен өлтірілді дейді. Оны соңғысы деп айтуға болмайды. Олар тек өз мекенін темір жол келген соң басқа өңірлерге ауыстырды. Ал менің әкем қыстың күні қызылға сексеуілге барғанда құмда үлкен мысықтың іздерін көретінбіз деп отыратын. Ол 1950-1955 жылдар шамасында.

Сол жолбарыстар түбімен жойылып кетті деуге болмайды. Олар салынып келе жатқан темір жолмен бірге үрки қаша отырып, Сыр бойы­мен бір тармағы Қаратауға жетіп, одан Ұлытау, Сарыарқа, Алтай асып, сол Амур, Уссурий жағасынан бір-ақ шығуы да әбден мүмкін. Ал екінші тармағы Қызылды асып, Қарақұм, Түркімен, Копетдаг тауларын асып Ферғана даласымен Иран асып кетті деп жорамалдаймын. Оның бір дәлелі, бүгінгі таңға дейін Иран кілемдеріндегі Тұран жолбарысының бейнесі, батылдықтың символы етіп көрсетіледі. Демек, Амур немесе Уссурий жолбарысы осы Тұран жолбарысынан тарауы да мүмкін деген ой бар.

О.АЙДАРОВ,

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ оқытушысы. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<