Атың шықпаса… немесе Герострат Артемида храмын неге өртеді?

1004

0

Біздің заманымызға дейінгі 356 жылдың 21 шілдесіне қараған түн тарихта екі оқиғамен есте қалды. Оның бірі – жарты әлемді жаулаған даңқты қолбасшы Александр Македонскийдің дүниеге келуі болатын. Екінші оқиға – Грекияның Эфес қаласында үлкен өрт шығып, әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын Артемида храмының жанып кеткені еді.

Шырт ұйқысынан оянған Эфес халқы өртеніп жатқан алып ғимаратты сөндіре алмаса да, өртке кінәлі адамды ізін суытпай ұстады. Күдікті Герострат есімді жергілікті тұрғын болып шықты.

Ол заманда Эфес қазіргі тілмен айтқанда, діни туризм­нің орталығы еді. Артемидаға мінәжат ету үшін Грецияның түкпір-түкпірінен ғибадатханаға ағылған жұрт қала қазынасын толтырып, тұрғындарын байытты. Антик дәуірдің ең бай адамдарының бірі, Лидия патшасы Крездің демеушілігімен салынған ғибадатхана құрылысы 120 жылға созылған. Одан соң тағы бір ғасыр күллі әлемді кереметіне тәнті еткен. Тіпті, біздің эрамызға дейінгі 396 жылы қаланы басып алған парсылар да ғибадатханаға басып кіруге батылы жетпеген. Гректер Артемида киелі жерді өзі қорғайтынына сенімді еді. Бірақ сол түні құдайдың өзі де қалғып кетсе керек…

Геростраттың өмірі туралы дерек аз. Әкесінен алған еншісін қалыңмалға жұмсап, кейін әбден кедейленген соң ажырасып, жалғыз қалады. Қорасындағы екі сиыры арам өлген соң, қарамағындағы екі құлын еркіне жіберген. Өмірі осындай сәтсіздіктерге толы болған Геростраттың ендігі қасіретті тағдыры айтпаса да түсінікті. Қылмысын кешіру мүмкін емес еді. Қанша уақытқа созылғаны белгісіз азаптаудан кейін Герострат ғибадатхананы өз атын шығару үшін өртегенін айтқан.

«Атың шықпаса, жер өрте» деген сөз Геростраттан қалғандай. Дегенмен, одан азапты тергеу кезінде алынған жауап қазіргі заңдарға сүйенсек, жарамсыз саналар еді. Әділдікті бізден сәл басқаша түсінетін гректер айыптыны өлім жазасына кесті. Ең бастысы, Геростраттың атын атамауға, оны мүлдем ұмытуға бұйрық берілді.

Алайда, Эфес халқына Герострат неге бұлай істеді деген сұрақ маза бермеді. Жер-жерде Герострат туралы әңгіме желдей есті. Ақыры аңызға айналып, әлемге тарады. Егер көздегені, өзі айтқандай, атын шығару болса, қылмыскер мақсатына жетті. Себебі оның есімі екі жарым мың жылдан кейін де ел аузында.

Ғибадатхана болса, жарты ғасырдан соң бұрынғыдан да зәулім етіп қайта салынды. Бұл жолы құрылыс демеушілерінің бірі Александр Македонский болды. Кейбір тарихшылар Эфестегі Артемида храмы қайта салынғаннан кейін ғана әлемнің жеті кереметінің бірі атанды деп санайды. Ал, Герострат өртеген храм жаңасынан әлдеқайда жұпыны болды, өрт ескірген ғибадатханадан құтылып, жаңа құрылысқа жер босатуға мүмкіндік берді деген пікірлер бар.

Не десек те, ғибадатхана құрылысында қолтаңбасы қалған сол заманның ең атақты шеберлерінің ешбірі елдің есінде қалмаған. Артемида храмының өзі де тек Герострат есіміне қатысты айтылады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<