Бұланды күмбезді кесенесі

1105

0

Алаштың анасына баланған Сыр өңірі археологиялық және сәулет өнерінің ерекше үлгісімен салынған кесенелер мен мұнараларға бай өлке. Өңірдегі тарихи және мәдени мұраларды зерттеп, оларды еліміз бен халықаралық деңгейде насихаттап, таныту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Солардың ішінде, бірнеше ескерткіштен тұратын Бұланды кешенінің алар орны ерекше. Кешендегі негізгі ескерткіштерге: алқаптың батыс жағындағы Бұланды І қамалы, шығыс бөлігіндегі Бұланды 2 кесенесі және оның шығысында орналасқан Бұланды 3 жерлеу құрылыстары жатады.

Мақаланың басты нысаны Бұланды 2 күмбезді кесенесі Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылынан оңтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан.

Бұланды ежелгі дәуірдегі Орта Азия архитектурасында күмбезбен жабылған көне кесенелердің бірі болып табылады. Ескерткішке алғашқы қазба жұмыстарын 1957-1960 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы, отряд басшылары Е.Е.Неразик және архитектор Ю.В.Стеблюк жүргізсе, арада жарты ғасырға жуық үзілістен соң 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында құрылған Шірік рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) аталмыш кешен мен оның айналасындағы ескерткіштерге археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Жоспарында дөңгелек келген кесененің диаметрі 16 м, қабырғасының биіктігі 4,5 м Аркалы ойықты қасбет түрінде безендірілген кесененің есігі оңтүстік бөлікте орналасқан. Ғимараттың орталық бөлігінде диаметрі 5,5 м болатын дөңгелек бөлме бар. Құрылысқа пайдаланылған кесектердің қалыңдықтары 1,6-1,65 м, олардың кейбірінде «төмен қарай бағытталған бағдар» тәрізді белгілері бар. Қабырғалар сабан араласқан сылақпен сыланған. Кесене күмбезінің биіктігі еденнен есептегенде 1,56 м құрайды.

Ескерткішке алғашқы қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізген Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы ғимараттың ішкі бөлмелері жерлеу орындарының қызметін атқарған десе, Шірік рабат археологиялық экспедициясы кесене ғибадатхана мақсаттарында пайдаланылған деп тұжырымдайды. Осындай түрдегі күмбезді кесенелер бүгінгі күнге дейін Қазақстан мен Орта Азия елдерінде қолданыста. Күмбез туралы алғашқы жазбалар римдік архитектор Витрувийдің еңбектерінде кездеседі, автор оларды б.д.д І ғасырмен мерзімдейді. Ал, Бұланды кесенесі б.д.д IV-II ғғ кезеңделеді.

Қазіргі таңда Бұланды кесенесі Қызылорда облысы бойынша республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің санатында. Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі тарапынан ескерткіштің төлқұжаты толтырылып, қорғау тақтасы орнатылған.

2012 жылы ескерткішке «Қазқайтажаңғырту» республикалық кәсіпорны реставрация жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ табиғат әсері мен жауын-шашыннан қорғау мақсатында кесененің төбесі темір шатырмен жабылды.

2018 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасынан өңірдегі ескерткіштердің толыққанды сипаттамасы, аңыз-әпсаналары, панорамалық бейнесі және видео айналымы қамтылған virtualmap.xyz сайтынан Бұланды кесенесін қарауға болады.

2019 жылы дайындалған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 3-ші томында Бұланды кесенесі Қызылорда облысы бойынша «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енді.

Қоғам қайраткері Ө.Жәнібеков: «Қай халықтың болсада рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштері мен тарихи орындарын танудан басталады» деген. Еліміздің әрбір азаматында өз жері мен оның тарихын танып білу, ежелгі ескерткіштерін қорғау оларға құрметпен қарау секілді ұлтжандылық сезім болуы шарт. Осы орайда Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі тарапынан өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, зерттеу мен насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туған жерге деген жанашырлық, құнды мұраларымызға жасалған қамқорлық деп білеміз.

Мақпал Сүйіндікова,

Ә.Х.Марғұлан атындағы археология

институтының ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<