Мәлім де беймәлім Лапин

1057

0

Сырдария ауданына қарасты Бесарық және Қоғалыкөл ауылдарының аумағында Лапиндер әулетіне байланысты жер атаулары көптеп кездеседі. Бүгін біз саяси қайраткерлік бағасы айқындалмай жүрген Сералы Лапин туралы айтпақпыз.

Қорасанға қой айтып, әулие жағалап жүріп, ақсарбас атап ат арқасына мінген Лапының Мұңайтпасы еті тірілігінің арқасында ел басқару ісіне ерте араласады. Көне тарих Тораңғылсай деп таныған Жаңадарияның оңтүстік беті, Қызылқұмның етегінде Мұңайтпас аталатын алқап пен ондағы «Алақашар»  көлдер жүйесі осы Мұңайтпастың құрметіне қойылған.

Бердіқожа сумұрын Өмірбек би мен Қалқаман сумұрын екеуі арасында жер дауы болып, биге жүгінеді. «Осы өлкеге кім су шығарып игерсе сол жерге иелік жасасын», – деп пәтуа етіледі. Батысқа қарай ағып жатқан Тораңғылсай арнасынан саға тартып Мұңайтпас бастаған азаматтар мен мұрабы құрлыққа су шығарып, өзектің ағысына қарама-қарсы бағытта он-он бас шақырымға созылған су сай-саланы қуалап, көл пайда болады. Су сағасына құрбандыққа шалынған алақашардың атымен көл «Алақашар» көлі аталып кетеді.

Күні кешеге дейін айналасынан атты адам көрінбейтін қалың қамысты, нулы өлке Қоғалыкөл, Бесарық халқының малына қыста пана, жазда жайылым болған шұрайлы өлке соңғы екі-үш жыл көлемінде ғана су азайып, күйі тая бастады.

Малы мен жанына береке дарыған Мұңайтпастың үш әйелінен тараған 19 ұл-қыз осы өлкеде туып, ер жетіп, Алашқа қызмет ету үшін әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Болыстың балалары Алмания, Ресейде білім алып, барам деген жеріне барған, алам дегенін алған кілең «сен тұр, мен атайын» атпал азамат болып өсті. Мұңайтпастың үлкен ұлы – Сейдалы.

 «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтанахмет Қожықов та осы Мұңайтпастың қызы Ләтипаның ұлы екені көп нәрсені аңғартса керек.

«Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, сол тоғыздың бірі – Серәлі Мұңайтпасұлы Лапин жайлы аз-кем әңгіме етелік.

Серәлі 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысының 4-ші ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан білім алған зерек бала Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, 1891 жылы Санк-Петербург университетінің заң факультетін бітіреді. Ол Самарқан әскери губернаторының аудармашысы, Түркістан өлкесінде түрлі әкімшілік орындарда қызмет ете жүріп, халық мүддесін қорғауды өзінің басты міндеті санады. Жан-жақты білім иесі сәулет өнері мен оның сырын зерттеумен жүйелі түрде айналысады.

С.Лапиннің қызмет тізімінде мынандай белестер бар: ол 1889-1892 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында орыс оқушыларын жергілікті тілдерге жаттықтыратын репетитор, 1892 жылдан Самарқан облысы әскери губарнаторы жанында аудармашы, 1901 жылдан үзілістермен 1917 жылға дейін Самарқан, Сырдария облыстарында адвокат болды. Осы жұмыстарды атқара жүріп, Серәлі Мұңайтпасұлы еліміздің тарихында алдымен шығыстанушы, одан ағартушы және қоғам қайраткері ретіндегі өзіндік елеулі орыны бар тұлға болып қалыптасты.

С.Лапин араб, парсы, т.б. шығыс тілдерін білген. Ол зайырлы шығыстанушы ғылымында тұңғыш рет Гури-Эмир, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштертегі арабтың көне сюльси және зюльфи емлелерімен өрнектелген көркем жазуларды (эпиграфикаларды) оқыды. Оларды орысшаға аударып ғылыми айналымға қосты. Жәдігерліктердің тұрғызылған уақытын, оларды салдырған сәулетшілердің есімдерін (мысалы, Регистан ансамбліндегі Шери-Дор, Тилля-Кари медреселерін әйгілі қазақ қайраткері Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын) анықтады. Серәлі Мұңайтпасұлы сондай-ақ, «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын тауып, шығыстану ілімі айналымына қосты.

Ол Шаһи-Зинда (Тірі патша), араб қолбасшысы ибн Куссам жайында ұрпақтан ұрпаққа ауызша айтылып жүрген аңыздарды ел аузынан жазып алып, қалдырды. Халық ағарту ісіне (өлкеде қазақ мектебін ашуға, онда сабақ беруге) атсалысты. Ал оның 1895 жылы Самарқанда жарық көрген «Самарқан қаласының тарихи ескерткіштеріндегі жазулардың аудармасы» және «Орыс-өзбек қалта сөздігі. Түркістан өлкесіндегі отырықшы туземдіктермен күнделікті тұрмыстық әңгімеге арналған 4000 сөз, өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қоса тіркелген» деп аталатын кітапшалары Ресей Шығыстану ғылымына елеулі үлес болып қосылды. Серәлінің аталған сөздігінің қайта басылымы 1914 жылға дейін төрт рет жарық көрген екен. Ол түркі халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз т.б.) атауларын дұрыс қолдану жөнінде «Түркістан ведомостары», «Орынбор парақшасы» беттерінде 1900-04 жылдары әлденеше рет мәселе көтерді. Оның шығыстану, түркітану саласында өзіндік қолтаңбасын көрсеткен жұмыстарына кезінде әйгілі ғалымдар В.Л.Вяткин, В.В.Бартольд, Н.И.Веселовский, В.В.Розен назар аударып, пікір білдірді.

Өлкедегі зиялылар С.Лапинді халықтың түбегейлі мүдделерін терең білетін қорғаушысы ретінде таныды. Сондықтанда оны Ресейдегі алғашқы Мемлекеттік Думаға депутат етіп сайлау үшін кандидаттықта ұсынды. Кейін оған қазақ секілді бұратаналарды сайлау және сайлану құқығынан айырған әйгілі «3 маусым төңкерісінен» кейін, түркістандықтардың мұң-мұқтажын Думаға жеткізетін өкіл болуды тапсырды. Соған байланысты ол 1908-1910 жылдары Санкт-Петербург қаласында тұрып, 3-Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының ұйымдастыру бюросында қызмет етті.

Осында 2-мемлекеттік Думаның мүшесі Бақытжан Қаратевпен бірге 1908 жылғы сәуірде мұсылмандардың дін істері мен діни мекемелері туралы және 1908 жылғы маусымда – қазақтарды жерге орналастыру жөніндегі заң жобаларын дайындады. Жер-су хақындағы қазақ мүддесін қорғайтын осы заң жобасын Думадағы түрлі фракциялардан 60 депутат (мұсылман, октябрист, кадет, трудовик) қолдаған болатын, бірақ үкіметтің Жер өңдеу және жерге орналастыру бас басқармасы оған негіз етілген қағидалармен келіспейтіндіктерін білдіріп, қарсылық көрсеткендіктен, жоба Мемлекеттік Думаның талқылауына салынбады. Қазақтың шұрайлы жерлерін орыс мұқтаждықтары үшін кесіп алу жалғастырыла берді.

Сонда С.Лапин мұндай ахуалдан әлі де сағын сындырмай, халық мүддесіне қызмет етудің одан басқа, қолданыстағы заңдар ауқымына орындалуы мүмкін бір жолы ретінде Түркістан генерал-губернаторының рұқсатымен, қазақ арасында сауда-экономикалық серіктестік құрды (Ол 1910 жылы ашылып, түрлі кедергілерге байлансты көп қанат жая алмай, 1913 жылы жұмысын тоқтатты). 1912 жылы Санк-Петербург оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық студенттерге көмек көрсету қоғамының жұмысына қатысты. Қоғамның жиналысына 1913 жылы Түкістан халық-ағарту ісінің жай-күйі туралы баяндама жасады. Санк-Петербургтегі құрылысы Романовтар Үйінің патшалық құруының 300 жылдығына мұсылман мешітін салу ісіне атсалысты. 1914 жылы Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, патша үкіметінің ағарту және діни салаларындағы саясатын сынады.

1917 жылғы ақпан революциясының нәтижесінде патша өкіметінің құлауын С.Лапин зор қуанышмен қарсы алды. Ол қалыптасқан саяси ахуал Түркістанның саяси бостандығына қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп түсінді. Сол себепті Уақытша үкіметке барынша қолдау танытып, оның жергілікті органдарын құруға белсене қатысты. Жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында құрылған ұлттық ұйым – «Шуро-и-ислам» (Ислам кеңесі) ұйымына мүше болып кірді. Бірақ көп ұзамай С.Лапин «Шуро-и-ислам» ұйымынан қол үзіп, өз алдына бөлек ұйым құру жолына кіреді. Ол өзінің мұндай қадамға баруын «Шуро-и-ислам» ұйымы мен Түркістан өлкесі мұсылмандарының кеңесінің жергілікті халықтың мүддесін қорғауда мұсылмандық, исламдық идеяларды басшылыққа алмауымен байланыстырды. 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласына өлкелік төртінші төтенше мұсылмандар съезі өз жұмысын бастады. Сол съезге 250-ден астам делегат қатысты. Съез үш күн жұмыс істеп, Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі билеу ықыласынан туған Түркістан автономиясын жариялады. Түркістан Құрылтайы шақырылғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша кеңесіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылданды. Түркістан Уақытша кеңесіне 54 адам сайланды. Олардың қатарында С.Лапин да болды.

Қазір Қызылорда қаласында Серәлі Лапин атында №261 орта мектеп бар. Алматыда «Қалқаман-2» ықшам ауданында бір көше қоғам қайраткерінің атымен аталады.  Артында қалған екі қыз, бір ұлдан тараған ұрпақтар Ташкентте, Израильде тұрады. Яғни, елден жырақта ғұмыр кешуде.

Ендігі мақсат – Серәлі Лапиннің өмір жолы мен ғылыми еңбектерін жүйелеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Есте қалдыру шараларын ұйымдастыру керек. Сонда ғана С.Лапин сынды тұлғаның қоғамнан өз орны айқындала түсері анық.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

өлкетанушы, Қазақстан  Журналистер одағы мүшесі,

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<