Қыдыр көрген қасиетті баба

1195

0

Отан өз үйіңнен басталады.  Оған деген ізгі қарым-қатынас өз отбасың, өз ауылың, өз өлкеңді танудан бастау алса керек-ті. Жалпы бізде шыққан текті білуді ескілік қалдығы не рушылдық, жершілдік санатына қосатындар табылып жатады. Тегін білу дегеніміз – ру, тайпа, жүз болып бөліну, жарылу емес, ұлт болып  бірігу, ұлт қамын  жасау, намысын қорғау, қазақ болып қалыптасу. Әу бастан бауырмал, туысқаншыл  халықтың  бірі болсақ, шыққан тегін танып білу, жеті атаны жадында ұстау – біздің ұлттың айнымас қағидасы.   

Көнекөз қариялардың жадында болса да, бүгінгі буынның көбі біле бермейтін ел ішіне еңбегі сіңген қайраткерлер көп-ақ. Олар жайлы бала күннен естіген есті де ескі әңгімелер ғана санамызда қалыпты. Ал қағаз бетіне түсіп, қатталғаны тым аз. Соның бірі – қазақ елі мен жерінің  тұтастығын сақтау жолындағы ғасырдан ғасырға ұласқан азаттық күресте елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосқан Пұсырман Қожағұлұлы. «Батыр  туар  ел үшін, жақсы туар жер үшін» дегендей заманында би атанған Пұсырманның істері осыны айғақтайды.

Пұсырман Қожағұл баласы бүгінгі Арал ауданы Жаңақұрылыс елді  мекенінің төңірегінде 1774 жылы дүниеге келген. Халық аузында оның Сырдария өзенінің төменгі бойында елді егінші-диқаншылыққа, отырықшылыққа бастағаны, көптің басын біріктіріп, кетпенмен  арық  қазып,  су  шығарып,  жер   игеруге  мұрындық   болғаны айтылады. Бай да, би де атанған ол көрегендігімен көзге түскен. Қариялардың  айтуынша  Пұсырман Қыдырды  үш  рет  көріп,  бата алған  екен. Сол өңірде 1864 жылы қайтыс болыпты. Жалпы баба жайлы да, оның ұрпақтары туралы да деректер тек ауызба-ауыз тараған.

Біз әңгімелеп отырған тұлға ұрпақ болашағына алаңдаушылық білдірген. Көшіп-қонып, мал жағдайын жасаған қазақ қысы  қатты  жылдары  таяқ  ұстап  қалғаны белгілі. «Мал бір жұттық» деп бекер айтылмаса керек. Пұсырман атаның ықпалымен жыл сайын егіншілікті дамытқан жергілікті рулар теңіз жағасындағы ағайындармен де тығыз қарым-қатынас жасапты. Соның арқасында бір-бірімен өнімдерін алмасып отырған. Тіпті Орынборға, Үргенішке керуен жіберіп, көршілерімен қарым-қатынасын жақсартқан. Тұрмыс-тіршілікке қажетті заттар алдырып, сауда арқылы ел арасын тиыштықта ұстаған.

Пұсырман ру, ұлт арасындағы жер, жесір дауына әділ билігімен ерте танылыпты. Сондай-ақ сыртқы жаудан бірлесе қорғанып, оларға тойтарыс  беруде ауызбіршілікке үндеген. Осылайша ел іргесін бекітіп, өз тұсында халықтың бейбіт өмір сүруіне септігін тигізіпті.

– Атамыз Қыдырды үш рет көріп бата алған екен. Пұсырманның бір ұлы Әйімбет Жанқожа бабамыз Райымда орыс əскерімен соғысқанда əскер басшысы болып, ту ұстап, батырдың оң қолы болған. Əйімбеттің баласы Құтмамбет те (Құттымбет) 18 жыл болыс болып, ел басқарып құрметке бөленген, қайратты, батыр болған адам. Сол Құтмамбет атамыз 25 жасында Хиуа ханына барған сапарында, ас үстінен шығады. Ханның жауырыны жерге тимеген қоңыраулы палуаны бар екен. «Қазақтар палуандарың болса ортаға шығарыңдар» деп дауыстайды. Әлгіге ешкім батып шыға қоймайды. Шыдамы таусылған атамыз «жығылсам жер көтерер» деп ханнан рұқсат сұрайды. Әлгі қоңыраулы палуан Құтмамбетті қомсынып, «ажал айдап келді ме» деп беліндегі белбеуінен ұстап, әрмен-бермен қозғап көрген екен. Атамыз саспай палуанмен белдесіп, сүт пісірімдей уақыт жүргеннен кейін ата-баба аруағына сыйынып, көтеріп əкеліп ханның алдына жыққан көрінеді. Хан өз палуанын жыққанына арланып, ашуланып атамызды түрмеге де қаматқан. Артынан қалың қазақтан қорқып он күннен кейін босатып жібергенге ұқсайды, – дейді өз естелігінде марқұм Аймағанбет Томаев.

Пұсырман бидің «Жаңақұрылыс» ауылына дейін Сырдария өзенінің «Әлсейт» көпірінен жоғары саға алып, «Беларық»  арығын  қаздырғанын, елді  егін  салуға  үйреткенін айтып өттік. Осы «Беларық» арығын кілең жас қыз-жігіттерге қаздырған. Намысты  жігіттер  қыз  алдында  өзін  көрсету үшін  барын сала жұмыс істеген. Атқарылар жұмыстың басы-қасында өзі жүріп  бақылаған. Бірде таңмен таласа тұрып, алмас жүзді кетпендерін қара жерге сіңіре шауып, топырақты  өткелектеп лақтырған, қимылдары  ширақ  жастардың  ісіне сүйсініп, арық жағалап жүрген Пұсырман би демалып отырған бір топ жастардың  үстінен түседі. Жапырлай сәлем беріп, өздерінің ісіне ыңғайсызданған біреуі: «Ата, шаршадық» дегенде, «Сен неге  шаршайсың?  Қара  қасқа  аттың  үстінде  тұрып  мен   шаршамағанда,  қара  кетпенді қайыра шапқан сен неге шаршайсың?» деп жастарды ұялтып,  жұмысқа намысын қайраған екен. Бір-бірінен  осы  әңгімеге  құлақтанған  арық  қазушы жастар  «шаршадық»  демейтін болыпты. Бұл  сөз  ел арасында  әлі  күнге  дейін  айтылып жүр.

«Жаңақұрылыс», Бекарыстан  би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев ауылдары сол кезде Пұсырман би қаздырған  арықты  әлі  күнге  дейін  егіншілікке  пайдаланып  келеді.

Егіншіліктің қыры мен сырын үйренген ел жерді  алмастырып, тыңнан   игерген. Бір жылы егін кебір жерге түсіпті. Басқасына су жарамайды. Шарасы таусылған егіншілер Пұсырман биге келіп  барлық жағдайды  айтады. Қыдыр көрген қасиеті бар, берген  батасы не  қарғысы  қате кетпеген аузы дуалы адам ғой. Егіншілерді ертіп  «Иә,  Алла, кебір жерге еккенді кеңірдектей ет!» деп дәнді  уыстап, өзі бас болып  сепкен  екен. Бидің  сол тілегі  қабыл  болып, күзде  өнім мол алыпты. Аузы  дуалы атаның  тағы бір кереметіне халық осылайша тәнті  болған.

Пұсырман  бидің тағы бір қыры – Жанқожа  бабамен  үзеңгілес, сырлас  болуы. Екеуі құрдас екен. Батыр  жауға аттанарда не  жеңіп  қайтқанда  Пұсырман  атамызға  ат  басын  бұрып сәлемдеспей өтпеген. Оған мысал ретінде зерттеуші әрі жазушы  Ә.Оспановтың кітабынан «Сыр бойы, Арал  маңындағы  өзімен замандас, тілі  дуалы, шоқтығы биік  атақты  Пұсырман  би мен  Жанқожа  құрдас  болған екен». «…Пұсырман  батырмен  түйедей  құрдас, әрі дос еді. Сондықтан  болар  оның  алдында  өзін  еркін  сезінетін» деген үзінділер келтіруді жөн көрдік.

1856 жылы  Жанқожа  батыр  Пұсырман  ауылына  соңғы  рет  соғады. Сырдың арғы бетіндегі Қуаңдарияға өтіп бара жатып, қазіргі Жаңақұрылыс елді мекенінің орталығынан сегіз-тоғыз шақырымдай  жердегі би ауылына әдейі келіп түседі. «Жас  болса  келді, жан-жақтан анталаған  жау, енді бір-бірімізді  көреміз бе, көрмейміз бе деп әдейі қоштасып  кетпекке  келдім» дейді. Мал сойғызбай, сөк көже астырып, соны ішіп аттанады. Би  батырмен  жылап айырылысқанға ұқсайды. Кейін Жанқожаның өлгенін естіген Пұсырман баба бірнеше күн қайғырып  жатыпты. Иә, Пұсырман би Жанқожа батырдың үзеңгілес, ақылдас  кеңесшісі болып қана қоймай, әскеріне мініс атын, азық-түлігін  қамтамасыз  етіпті. Сөйтіп  елді  сыртқы   жаудан   қорғауға  өз  үлесін  қосқан.

Бүгінде бидің сүйегі Жаңақұрылыс елді мекенінің оңтүстік  бетінде  өзі белгілеген  жерге  қойылған. Мәңгілік мекеніне балшыққа жылқы қылын қосып сыланған үлкен үйтам тұрғызылған. Жүз елу жылға  жуық  тұрған кесене  тозып, төбесі  мен  қабырғалары  құлауға  жақындады. 2005 жылдың басында Пұсырман атадан тараған ұрпақтар бас қосып, кесене мен ескерткішті жаңарту, ас беру  туралы  шешімге  келді. Жергілікті жердегі  бұл  жұмыстың  негізгі  ұйымдастырушысы  ауыл  ақсақалы, еңбек ардагері Елшекен Қуанышбаев болды. Баба асы сол жылы тамыздың 6-сында кесене басында болды. Асқа көршілес ауылдардан, Арал, Қазалы  аудандарынан, облыстан  қонақтар  келді. Халқына қорған болған бидің өмірі мен жұртқа жасаған қызметі жайлы ардагерлер Елшекен  Қуанышбаев, Шәкірәт Дәрмағамбетов, Өмірзақ Ахметов, Аймағамбет  Томаев сынды ақсақалдар  шығып сөйлеп, баба жайлы білетіндерін жас буынға айтып берді. Ата  аруағына  арналып  құран  оқылып, ескерткіш  белгісі  салтанатпен  ашылды.

Бір өкініштісі, бүгінгі буын мен келешек ұрпаққа өз болмысы мен қасиеті арқылы үлгі болар мұндай тұлғалар көп дәріптелмей келеді. Арттағы ұрпаққа абыройлы ісімен үлгі болған азаматтар жайлы айта берсек, ұтарымыз көп емес пе?! Бабамызды еске алу шаралары ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

Талайлы БӨРІҚҰЛАҚОВ,

 Қазалы ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы,

Қазалы ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<