САРАТС немесе кіші Аралдың кемері

725

0

Қазіргі таңда аймағымыздағы Арал, Қазалы өңірінде бірнеше балық зауыты жұмыс істейді. Балық шаруашылығы саласында жеткен жетістіктер осы кәсіпорындармен тікелей байланысты десек қателеспейміз. Өйткені, шет елдерге экспортқа жөнелтіліп жатқан өнімдер осында өңделеді. Бұл ретте Кіші Аралды сауықтыру кепілі болған САРАТС жобасының, яғни «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының маңызы ерекше дер едік. Жалпы, Аралдың солтүстік бөлігіндегі Кіші Аралды сақтап қалу идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынды.

Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасын ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екенін Орталық Азия елдерінің басшыларына түсіндіріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызылорда қаласында қосты. Бұл 1993 жылдың 26 наурызы еді. Конференция барысында Арал теңізі және  сол маңдағы проблемаларды шешу, экологиялық сауықтыру және экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы келісімге келіп, Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойды.

Конференциядан кейін Арал дағдарысын қалпына келтіруді Аралды құтқару халықаралық қоры бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, АҚХҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Арал теңізі алабының бағдарламасын» қабылдады. Бағдарлама арқылы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, бүлінген экологияны қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді.

1997 жылдың бірінші жартысында бағдарламаны қаржыландыратын Орталық Азияның бес елі және негізгі халықаралық ұйымдар мен оның ұйымдастырушылық-басқарушылық құрылымы анықталды. Су ресурстарын басқарудың аймақтық стратегиясы, су қоймаларын және бөгеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, гидрометеорологиялық қызметтер, экологиялық ақпараттың аймақтық жүйесін, су сапасын басқару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және басқа да шаруалар жүйеленді. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сырдария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттеу» жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар 1998 жылы басталды. Оған Бүкіләлемдік банк, Германия үкіметі және Кувейт қоры қаржы салды.

2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары бағдарламаның бірінші кезеңін талқылап, екінші кезеңін бастауға уағдаласты. Солтүстік Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында теңізді екіге бөліп, сақтап қалу тәжірибесі болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында. Ғасыр жобасының арқасында Кіші Арал теңізін сақтап қалу мүмкіндігі туды.

2003 жылдан бастап «Көкарал» су тоспасы салына бастады. Үш жылдан соң ел аузында «Көкарал бөгеті» деп аталып кеткен тоспаның құрылысы аяқталып, құрғап қалған теңіз табанына су келіп, Кіші Арал суға тола бастады. Теңіз айдыны бұрын Арал қаласына 75 шақырымға алыстап кеткен болса, осы арақашықтық бүгінде 17 шақырымға қысқарды. Теңіз акваториясы да өсті, мұндағы су көлемі 15 шаршы шақырымнан 27 шаршы шақырымға өсті.   

Бұған қоса, өңірдегі көлдер жүйесі де сулана бастады. Солтүстік Арал суының минералдануы төмендеді. Ал су тұздылығының азаюы кәсіптік маңызы бар балықтардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Су айдынында бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта көрініс тапты. Бұл  аймақтың флорасы мен фаунасы қайта жандануына әкелді. Балықшы қауымның үкілеген үміті ақталды.

Елбасының Арал ауданына 2005 жылдың 27 сәуірінде арнайы іссапармен келген күні – ұмытылмас сәт еді. Қамқоршысын ерекше ілтипатпен қарсы алған аралдықтар үшін Елбасы таза ауызсудың тұсаукесерін жасады. Судың дәмін татып, «ең таза ауызсу аралдықтарда» деп ағынан жарылды. «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген қанатты сөзі барша халықтың есінде.

«Мен 15 жыл бұрын осы жерге келгенімде, Арал халқына бір көмегімді тигізсем деген ойда болатынмын. Сол арманыма бүгінгі күні қол жеткізгелі отырмын. Қаншама экологиялық қиын жағдайды бастан кешсе де, қалың қазақтың ортасында отырған елдің ажары ашық, жүзі жарқын екенін сол кездері байқағанмын. Амандық болса, ертең Кіші теңізден жыл сайын 12 мың тонна балық аулауға қол жеткізілмек. Биылдан бастап Кіші теңіз суға толады. Ол үшін мемлекет кең көлемде қаржы бөліп отыр. Кіші теңізге 30 млрд текше метр су жиналып, бір кездері арман болған жұмысымыз өз нәтижесін береді» деген болатын Тұңғыш Президент.  

Нақты кезеңде мұнда су маржанының 22 түрі ауланып, Арал мен Қазалы ауданындағы халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи балық өңдеу зауыттарына жіберілуде.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»