«Түгіскенді» түлеткендер ұмытылмайды

1185

0

Бұл мақала саналы ғұмырын шаруашылықтың сан тірлігіне арнап, бейнетін тартқан, өзінің парасат-пайымымен ел жағдайын жеке басының қамынан жоғары қоя білген жандар туралы болмақ. Ал олардың ішінде еңбек дейтін майданда халықпен де, үлкенмен де, кішімен де, басшымен де, қосшымен де тіл табыса білген кейіпкеріміз Жаңақорған ауданының Бірлік ауылында тұрады. Жасынан бейнет кешкен ақсақалды жұрт жапырыла сыйлап, құрмет көрсететіні де сол. Өйткені, ол адал еңбектің туын мәңгі көтеріп жүрді емес пе?

– Жас ұлғая келе көп ойланамын, – дейді Айтуар ақсақал. – Өмірде қандай із қалдырдым, өзімнің туған жеріме, ағайын-туысқаныма қандай пайдам тиді деген ой көңілімде тұрады да қояды. Кеңес үкіметі кезеңінің бір ерекшелігі – қызмет барысында біреудің ала жібін аттамай, ешкімді алаламай, алдамай еңбек ету, маңдай термен табыс табу, отбасыңа нәпақа табу әр азаматтың алдында тұрған борыш саналатын. Мен де өз қатарластарыммен бірге осындай міндетті барынша адал әрі зор жауапкершілікпен атқардым десем артық айтпаспын.

Иә, қарт Қаратаудың баурайында ержеткен Айтуар Жүнісовтің айтары мол. Бала күнінен ауыр жұмысқа араласып, жаман мен жақсыны көріп өскен қарияның әкесі Шәмшіден алған тәрбиесі жас шыбықтың түзу бойлауына себін тигізді.

– 1956 жылы мектеп бітіріп, Ташкентке оқуға түсу үшін барғанмын. Жолым болмай, совхозға жұмысқа тұрмақ болдым. Сөйтсем мұнда тракторшылар қажет екен. Жаңақорғанда үш айлық оқуын тәмамдап, тракторшы болып жұмысты бастап кеттік. Көп ұзамай Отан алдындағы борышты өтеуге әскерге аттандым. Үш жылдан соң елге келіп, 1959 жылы өз тракторыммен қайта қауыштым. Міне, осы кезден бастап еңбек майданына бел шеше кірістік, – дейді ақсақал.

1990 жылы зейнетке шыққанша шаруашылығы саласында еңбек еткен қария кезінде осы өңірдегі алғаш «Түгіскен» массивінің игерілуіне ерекше еңбек сіңірген. Тың жерге алғаш түрен салған да Айтуар Жүнісов болатын.

– Бұл 1964 жылы болған еді. Сол кездегі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Зұлпыхар Мұсахановтың ұсынысымен, облыс басшылары Жаңақорған ауданындағы егістік жер көлемін ұлғайту жөнінде ауқымды жоспарды іске асырды. Жоспарға енген жаңа жер негізінен «Бірлік» совхозына қарасты болғандықтан, сол бос жерді ел игілігіне пайдалану мүмкіндігін біліп, зерттеп қайту үшін ауылда арнайы комиссия құрылды. Комиссия төрағасы, ел ағасы Ыдырыс бас болып, механик Асқар Оспанов ағамызбен бірге жерді көріп қайтуға жүріп кеттік. «Келінтөбе» деген жерге егіс егілетіні белгілі болды. Әлі есімде, алғаш барғанымызда айнала тым-тырыс, іннен шыққан саршұнақтар бізге «жаңа қоңсылар келіпті» дегендей селтиіп қарайды, – деп өткен күнді еске алады еңбек ардагері.

Қош, бұрын-соңды соқа тимеген жерді жырту әп-сәтте басталып-ақ кеткен. Айтуар ата алғаш рет өз тракторымен тың жерге түрен салып, жаңа жерді ел игілігіне жаратуға үлкен көмегін тигізді. Техникамен айдалған жаңа өлкеге жүгері егіліп, бітік болып шықты. Мол өнім алынып, ауданда сүрлем дайындалды. Жаңа қоныстанушылар осында көшіп келіп жатты. Бұл кезде «Түгіскен» жерінде күріш өсірудің ауқымы кеңейе бастаған.

– «Түгіскен» массивінің тың жеріне трактормен түрен, бірінші борозданы салғанымды мақтаныш етемін. Расымен біз келгенде мұнда тек торғай мен дала тышқандары ғана болды. Шаршау дегенді білмейтін жас күнімізде ағалардың да арқаға қағып, елеп отыратыны да жақсы емес пе? «Жақсының жақсылығын айт» демекші, сол жылдары іскерлігін, жұмысты ұйымдастыра білетін қабілетін көрсеткен Дәумен Шомановтай азаматпен бірге жүріп, ақыл-кеңес алдық. Келінтөбеде «ДТ-3» тракторымен алғаш жер жыртып, жүгері дақылынан мол өнім алуда, «Түгіскенді» түлетуде ерен ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен Айтбай Кемеров, Асан Досымбеков, «Ленин» орденінің иегері Асқар Беркімбаев сынды (суретте) елжанды азаматтардың еңбегі ұмытылмауы тиіс. Оларға құрмет тақтасын қойып, өскелең ұрпаққа өнеге етсе игіліктің толысқаны болар еді, – дейді Айтуар ақсақал.

Оның айтуынша, жаңа жерде елді ұйыстыра білген азаматтар халық жадында қалуы тиіс. Түгіскенді түлеткен ел ағаларының ісін ұлықтау – кейінгі буынға борыш. Қазір де осындай ел азаматтарының жолын қуып, жоғары оқу орнын бітіріп келіп, елдің жылдан-жылға көркейе түсуіне үлесін қосып жүрген азаматтар саны артып келеді. Айтуар ата тәуелсіз елдің тыныштығын, сән-сәулеті даму үшін еңбек пен елді сүйген ұрпақтың да көп болғанын қалайды.

– Бүгінгі ата-ана балам жақсы болсын деп ішер асын да, киер киімін де, кітап-журналын да, пайдаланар интернетін де даяр етіп жүр ғой. Рас, барлық мүмкіншілігін жасап отыр. Алайда, ата-ана міндеті мұнымен шектелмеуі тиіс. Балаға ең бірінші керек құндылық, ол – ұлттық тәрбие. Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасыларға үлкен міндет. Қазақтың әр шаңырағындағы тәрбиенің негізгі көзі – ұлттық салт-дәстүр, сонау ата-бабадан келе жатқан тағылымды құндылықтар. Соны ұмытпауымыз керек, – дейді Айтуар Шәмшіұлы.

Сондай-ақ, жатыпішерлік пен масыл болу, оңай олжаға дәнігу сияқты жұғымсыз әрекеттен аулақ болуды өз ұрпағына жиі айтатын қария «еңбек бәрін жеңбек» деген ұстанымда. Түзу жүріп, адалынан несібесін тапқан адамның ғана ел алдындағы еңсесі биік болмақ. Айтуар ата айтқан өмірдегі бір ақиқат еді бұл.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<