Есімдегі ескірмейтін естелік

293

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Бұрын естігенмен қолыма түспей жүрген Евней Букетовтің «Көкейкесті – Сокровенное» кітабын оқып шықтым. Студент кезімде Евней ағама немере ағам Әбдештің үйінде қонақта болғанда қызмет жасағаным есіме түсті. Ол кезде Евней Арыстанұлы драматург Қалтай ағамның бажасы еді, Алма Фарида жеңгемнің туған сіңлісі болатын.

«Көкейкестідегі» қағазға түскен дүниелердің ішінде көзіме оттай басылғаны «Атан қомында туған адам және оның әріптестері» атты көлемді ғылыми әм әдеби жанрда жазылған дүние еді. Аспирант кезімде академик Ишанбай Қарақұлұлымен кездесіп, ұлағатты сөздерін тыңдағаным санамда қайта жаңғырып, осы мақаланы жазуыма түрткі болды. Қос академикпен бейтаныс болмағаным, қаламыма жел бергендей.

Сол кезде қос тұлғаға деген сезімім тап бүгінгідей болды десем, өзімді өзім алдағаным ғой. Ал адамға жауапкершілік жүгін уақыттың артатыны даусыз дүние. Сексеннен асқан шағымда ұрпақтарымның алдында әкеміз, атамыз кім болған деген сауалға жауап, ал ұлылардың ұлағаты болашақ жастарымызға үлгі бола берсін.

1975 жылы Қызылорда пединститутының жолдамасымен мақсатты аспирантураға қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педуниверситетіне түсіп, «Саяси экономия» кафедрасының аспиранты атандым. Кафедра меңгерушісі доцент Г.Анипченко. Қазақ ғылым академиясының корреспондент мүшесі С.Толыбеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ц.Фридман, қалғандары доценттер. Менімен бірге Алматы Жоғары партия мектебінің кафедра меңгерушісі, профессор М.Ізтілеуовтің қызы Мәдина да аспирант. Үш айдан кейін екеуміз де С.Толыбековтың аспиранты болып бекітілдік. Мен кафедраның барлық ғылыми, қоғамдық жұмыстарына белсене араласып кеттім.

Кафедрадағы құрметті, сыйлы ақсақалдарымыздың бірі, оң аяғын сылтып басатын, таяғын тастамайтын, Сәке деп кеткен доценттің өзіме деген шынайы қатынасын сезінетінмін. Менің қайдан келгенімді, руымның кім екенін білгеннен кейін, арамыздағы қатынасымыз беки түсті. Сөйтсем, доцент ағамның жұбайы Қожаның қызы екен. Бірде Сәке аға маған кафедра мүшелеріне шәй беретінін хабарлап, қонақтарға қызмет жасауымды өтінді. Жерлесі, аты әлемді шарлап кеткен академик Ишанбай Қарақұлов дастарханды басқаратынын, мені онымен таныстыратынын тәптіштеп айтып берді.

Ишанбай аға жайлы мағлұматымның жетімсіздігін сезініп, ол жайлы баспа бетін көрген материалдарды зерттей бастадым. Солардың негізгілері Ишанбай ағаның әкесі Қарақұл Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаштан тарайтын оныншы ұрпақ екенін білдім. Қарақұлдың жұбайы Ақанайдың айы-күні жетіп, атаңның қомында туғанын, есімін ырымдап, Ишанбай қойғанын білдім. Алматы мемлекеттік медицина институтының аспирантурасын бітіргенде сол кездегі Қазақстанды басқарған Мирзоянның шақыруымен қабылдауында болып, Ақтөбе, Орал облыстарындағы елді мекендердегі медициналық ахуалды зерттеген экспедицияға басшылық етіпті. Отызыншы жылдардың зобалаңы оны айналып өтпепті. Жаламен 1939 жылы денсаулық халық комиссары қызметінен босайды. Жығылғанға жұдырық дегендей сүйікті жары Ириада тұңғышын босану кезінде қайтыс болып, өмірге келген қызы Марияға ана сүтін ему бақыты бұйырмапты. Отан соғысының отты жылдарында мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін әртүрлі эпидемиологиялық апаттардан сақтау үшін Свердловск мен Сталинградта оқшауланған, өте құпия жағдайда қызмет жасапты. Бас қолбасшы И.Сталин Ишанбай ағаға алғыс жариялап, қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысқан қазақ екенін білдім.

Ишанбай ағаның терең, мағыналы, жемісті өмірбаянының кейбір сәтімен іштей танысып, Сәке ағаның үйіне келдім. Шақырылған кафедра мүшелері толық жиналған. Дастарханның ортасынан бір орын қалдырылыпты. Қонақтар жайғасып болған кезде, орта бойлы, өте қарапайым киінген, алпысты алқымдаған, жүзінен жақсылық нышаны төгіліп тұрған, атақ-даңқынан қарапайымдылығы басым көрінетін Ишанбай аға да келді. Отырғандардың барлығы қол шапалақтап қарсы алды. Сәке аға оның жерлесі екенін бүгінгі дастарханның билігі соның құзырында екенін хабарлап, кафедра мүшелерін таныстырып, менің аспирант екенімді, бүгінгі қонақтарға қызмет жасайтынымды да ескертті.

Дастархан билігін қолына алған аға отырғандарға бәрімен етене таныстай тост беріп, арасында өз өмірінің қызықты сәттерінен Индия, Африка елдерінде болған жайттардан әңгіме айтып отырды. Ортамызда аға оқытушы өте ажарлы, қиылған қара қасты, қазақтан гөрі өзбектің қас сұлуына ұқсайтын Зейнолла есімді қызға көбірек назар аударғанын байқадым. Отырыста жоғары ғылыми атақ дәрежесі мен лауазымына қарамастан, әрқайсысы өз шамаларын байқап, көсіліп, ештеңе айта алмады. Шамасы Ишанбай ағаның таным географиясын, білім дәрежесін, парасат-пайымын сезіп, мойындаған ғой.

Қонақтар тарағаннан кейін, Сәке аға маған «Ишанбай ағаңды шығарып сал» деген тапсырма берді. Көшеге шығысымен такси ұстайын деп жан-жағыма елеңдей бастағанда, ол «керегі жоқ, шамалы жаяу таза ауамен жүреміз де, травмайға мінеміз» деді. Үйден шығып, Комсомольская көшесімен (қазіргі Төле би) трамвай аялдамасына жеткенше ағаның қай жерденсің, руың кім, ғылыми зерттеуінің бағыты қандай, отбасылық жағдайым жайлы, ғылыми жетекшім кім, т.б. сұрақтарына жауап беріп үлгердім. Ақтөбе облысының өнеркәсіп орындары, өндіріс ошақтарының қалыптасуы, орналасуы жайлы ғылыми ізденісімді айтқанда, Ақтөбе, Орал облысының экономикалық даму келешегіне қатысты өз пікірлерін ортаға сала сөйледі. Ғылыми жетекшім академик Серғали Толыбеков жайлы, оның ғылым жолындағы адалдығын, принципшілдігін, нақты мысалдармен алдыма тартты. Жерлес дегенмен, ізденіс жолында ол тарапынан қолдау болмайтынын баса айтты. Аспирант кезімдегі үш жыл ішінде Серғали ағаның шыншылдық, талапшылдық принциптерін сезіндім. Орыс тілінде жазған диссертациялық жұмысымды ерінбей парақтап, оқып, кейбір ой-пікірлерін қосып отыратын-ды. Қамқорлығы арқасында Украина ғылым академиясының экономика институтында диссертациямды қорғап шықтым.

Трамвай Коммунист проспектісімен (қазіргі Абылай хан) Шевченко көшесінің қиылысына келгенде түсіп, сол жерде салынған көпқабатты ағаш үйлердің бірінің алдына келіп тоқтадық. «Інім, мені үйге дейін кіргізіп саласың» деп, екінші қабатқа көтерілдік. Есікті егде тартқан орыс апай ашты. Асығыңқырап тұрғанымды байқаған Ишанбай аға «Маша, принеси водки с закусками» дегені сол, апай айтқандарын екі етпей, подноспен әкеліп, телефон тұрған жерге қойды. Оқушыларым оны несіне айтып отыр деуі де мүмкін. Ал мен атағы әлемді шарлап кеткен академиктің қарапайымдылығын айтып отырмын. «Мынаны өзің үшін, екіншіні мен үшін аласың» деп әкелген екі ыдысқа да толтырып арақ құйды. Жас кезім ғой, ғалым ағаның шын ықыласы демеу болды ма, әлде оның мейірімді, шырайлы жүзі арақтың әзәзіл буын тас-талқан етті ма, өзімді жақсы сезіндім. «Маған кез келген уақытта телефон шалып тұр» деп визиткасы мен кітабын ұсынды. Подностағы конфеттен уыстап алып, «мынаны менің атымнан Зейнолла қарындасыма берерсің» деп қоштасты. Алған әсерімді жатақханада мені күтіп отырған Өндіріс Ахметов ініме жеткізуге асықтым.

«Ұлылықтың көрінісі адамның қарапайымдылығында жатады-ау» деген ой түйдім. Осындай сәттерді академик Зейнолла Қабдоллов ағамнан көргенім, сезінгенім есіме түсті. Ескірмей есімде қалған естелігім шеніне, шекпеніне, лауазымына, байлығына бастары айналып жүрген кейбіреулердің санасына сәл де болса әсер етер, болашақ жастарымыз ұлылардың ұлықтығынан үлгі алар деген оймен ойымды тәмамдадым.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<