Қызылорданың құрылысында қолтаңбасы қалған

547

0

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қызылорда облысында құрылыс саласы, оның ішінде күрделі құрылыс қарқынды дамыған кезең болды. Облысқа бөлінген ірі көлемдегі қаржыны игеру мақсатында «Главриссовхозстрой» бас басқармасы құрылып, оның қарамағында 5 құрылыс тресі, 13 монтаждау бөлімшесі, 59 жылжымалы мехколонна пайда болып, алып құрылымға айналды. Осы құрылыс ұйымдарының күшімен бір бесжылдықта 1 миллиард 489 миллион сомның негізгі қоры игерілді.

Осы жылдары облыс орталығы мен аймақта өнеркәсіп алыбы целлюлоза-картон комбинаты, электр-жылу орталығы, ондаған фабрика салынып іске қосылды. Екі драма театр, сегіз мәдениет үйі, отыздан астам клуб пайдалануға беріліп, халықтың рухани нәр алу ошақтарына айналды. «Ақмешіт», «Шұғыла», «Сәулет» шағын аудандары бой көтерді.

Күрделі құрылыстың өркендеуіне облысқа білікті, тәжірибелі мамандардың келуі себеп болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, су шаруашылығы маманы, гидроинженер Мұстақым Ықсанов болды. «Главриссовхозстрой» басқармасының бастығы болып, беделді құрылысшы Эрик Гукасов тағайындалса, сонымен қатар күрделі құрылысқа елеулі үлестерін қосқан мықты мамандар шоғыры қалыптасты. Олардың қатарында Әубәкір Тыныбаев, Шаймерден Бәкіров, Ержігіт Бозғұлов, Айқынбай Дүйсеков, Виктор Морозов, Фарид Фаткульдинов, Сабыр Арыстанбаев, Айтмұрат Шәменов және басқа да азаматтар болды. Солардың бірі, тіпті бірегейі Айқынбай Дүйсеков еді. Айтулы азаматтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр.

Ол 1932 жылы Шиелі ауданы Жуантөбе ауылдық кеңесіндегі Ақтоған мекенінде дүниеге келген. Ауылдағы жетіжылдық мектепті, одан кейін аудан орталығындағы №14 қазақ орта мектебін өте жақсы бағамен бітіреді. Алматы ауылшаруашылығы институтының гидромелиорация факультетін 1954 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң Сырдария суландыру жүйесінде бас инженер қызметін атқарды. 1962-1964 жылдары Батыс Қазақстан өлкесі су шаруашылығы басқармасында бас инженер, онан кейін 1965-1967 жылдары жобалау-іздестіру экспедициясында басшы бола жүріп, оны «Союзгипрорис» экспедиция институты дәрежесіне көтеріп басшылық жасады.

Сол еңбегі ескеріліп, қызмет бабында көтеріліп, 1967-1978 жылдары облыстық партия комитеті құрылыс бөлімінің меңгерушісі лауазымын ойдағыдай атқарды. Басқарушылық, ұйымдастырушылық қызметі бағаланып, 1978-1988 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне кіріскенде адал жүректі, білгір маман, халқына қалаулы, еліне елеулі азамат екенін көрсетті.

А.Дүйсеков қай қызметте болмасын өзін білікті басшы, білімді маман ретінде көрсетті. Облыс ирригациясы мен құрылыс кешенін дамытуға, инженер-техник мамандар дайындауда ерекше еңбек сіңірді. Облыстық партия комитетінде құрылыс саласына жетекшілік еткен кезеңде жаңа қырынан танылды. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов  Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион мен басқа да стратегиялық нысандар құрылысын салуда  құрылыс бөлімінің меңгерушісі Айқынбайдың аса жауапкершілік танытқанын, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткенін бағалады. Сонысы үшін әрі көрегендігіне тәнті болған бірінші хатшы адал еңбегіне разылық ретінде кадр таңдауда Дүйсековпен ақылдасып отырды. Сол кезеңдердегі Сыр бойында бой көтерген аса маңызды өндіріс орны, әр ғимараттың өн бойында ол кісінің қолтаңбасы бар екенін айту парыз.

Әсіресе, оның іскерлігі жоспарланған тұңғыш әуежайда көрінді. Облыс басшылығы жоғары органдармен келісіп, әуежай жобасын бекіткен күннен бастап, барлық жұмыс Айқынбай Дүйсековтың үлесіне тиді. Бұл өте ауыр, қиыншылығы көп, қыруар материалдары мен техникалары шешілмеген, орасан зор нысан болды. Бірақ Айқынбай Дүйсеков тайсалмады, бар жауапкершілікті мойнына алып, тездетіп, штаб құрып, іске сәт деп кірісіп кетті. Күні-түні басында болып, күнде шұғыл жиын жасап, мәселелерді шеше бастады. Осы ретте облыстың абыз ақсақалдарының бірі болған Ыдырыс Қалиевтың сол кезеңге байланысты естелігін келтіре кетудің орайы келіп тұр.

«Бірде жұмыс бағытын білейін деп соққанымда Айекең «біздегі ұсақ тас ұшақ қонатын жолға төсеуге жарамайды. Жамбылдан әкелейік, көмектесіңіз» деді. Дереу Жамбыл облысы атқару комитеті төрағасы Аққозиевқа хабарласқанымда бұл өте қиын мәселе екенін, іскер адам жіберу қажеттігін айтты. Сол арада Айқынбайға өзің барасың дедім. Ол Жамбылда екі апта болып, 3 состав щебеньді жеткізіп, жұмысқа қызу кірісті. Жоғарыдан қысым көбейгесін әуежайды тездетіп бітірейік деп жанталасып жатқанымызда алдымыздан тағы бір мәселе шыға келді. Жоспар бойынша Жетіғарадан асбоцемент әкелу керек екен. Тағы да Айқынбайды жұмсадым. Ол кез теміржолмен жүк жеткізу мәселесі өте қиындап тұрған шақ еді. Ресей жағы біздің бос бара жатқан вагондарымызды алып кете беретін. Сол себепті 50 вагоннан тұратын состав құрып, бір жылы вагонды тіркеп, оған бір милиционерді отырғызып, Айқынбайға басқартқызып, Қостанай облысына жібергенбіз. Он алты күн дегенде толық заттармен қайтып оралды» делінген естелікте.

Әуежай жоспарланған мерзімінде бітіп, тұсаукесер лентасын қиған министр Кузнецов пен облыс басшысы Е.Әуелбеков құттықтау сөздерінде А.Дүйсековтың атына көптеген алғыс айтып, Құрмет грамотасы мен бағалы сый-сияпатын берді. Мұның өзі ұрпақ үшін аямай тер төккен адал адамға көрсетілген құрмет еді.

Мұнан кейінгі ең үлкен құрылыс қазақ драма театры еді. Бұл өнер сарайына үлкен мән берілді. Көрнекті болу үшін Ленинград, Мәскеу, Свердловск, Талдықорған, Алматы сияқты керемет театрлары бар қалалардың барлығына өзі барып қайтты. Үйренді, көзімен көрді. Еңселі ғимараттарды қалай салу керек екенін білді. Театрдың құрылысы да аяқталды. Бірақ, оның күні-түні отырып, белгілі сәулет, өнер адамдарымен ақылдасып ғибратты ғимарат салудағы алған бағасы басқаша болды. Қазақстан Министрлер кеңесіне Ыдырыс Қалиев екеуі шақырылып, құрылыста гранит пен мраморды екі есе артық салғаны үшін ескерту алған еді.

Оның қанатын кең жайып, құлашын сермеп, өркенін өсірген кезі – облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған жылдар. Тіпті А.Дүйсековсіз аймақта  жаңадан бой көтерген не болмаса күрделі жөндеуден өткен мектеп, аурухана, мәдениет үйі, спорт кешендері, сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлер іске қосылмады десек артық айтпағанымыз. Өйткені, ол облыстағы қабылдау комиссиясының төрағасы еді. Оның қолы қойылмаса бірде-бір нысан қабылданбайды, қаржы бөлінбейді. Сондықтан жыл аяғында мекеме басшыларының маңдай тіреп келетіні А.Дүйсеков болатын.

Ол өмірінің 21 жылында облыстық партия комитетінде, атқару комитетінде басшылық қызметте болды. Өзі сүйген саланы ерінбей, бар ынтасымен басқарды. Өмірінің басым бөлігін елімізді көркейтуге арнады. Халық арасында зор беделге ие болды. Ел ішінде, әріптестері арасында «Жұмысым шешілсін десең Дүйсековке бар» деген қағида қалыптасты.

Әрине, оның маңдай терін сығып, жанын жалдап жүріп еткен еңбегінің барлығын қағазға сыйдыру мүмкін емес.  Қала мен аудан орталықтарында, көшелер мен алаңдарда халық ұлының ізі тұр. Ол басшылық жасаған жұмыстарда қолтаңбасы қалған.

Ол тек құрылыстың жетілген майталманы емес, шоқтығы биік, адамгершілігі мол, елінің сүйген перзенті, Сыр бойының біртуар азаматы болды. Ешқашан күйкі тірлікке берілмей еліне адал еңбек етті. Ол адал жар, жақсы әке, жаны таза жан  болды. Асыл азамат айнымас жары Шәркүл екеуі құдайдың берген перзенттерін бағып қақты. Тұлпардың тұяғындай ұлдары қазір әке жолымен елге абыройлы қызмет етуде.

Оның еліне жасаған еңбегі еленіп, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге Жоғары Кеңестің «За трудовую доблесть»  және «Ерекше еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Байқоңырдағы әскери құрылысының 35 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары мен «1975 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы» ескерткіш белгілерін иеленді. «Қазақстан Республикасына  ерекше еңбегі сіңген зейнеткер» атағы берілді. Бүгінде Қызылорда қаласында бір көше облыстың көркейіп-гүлденуіне  аянбай атсалысқан азамат есімімен аталуы парыз.

Айқынбай Дүйсеков дүние салып, ақтық сапарға шығарып салар сәттегі қаралы митингте Исатай Әбдікәрімов, Ыдырыс Қалиев, Ержігіт Бозғұлов, Ернияз Омаров секілді басқа да қызметтес болған ағалары, замандастары марқұмның елім деп өткен ер екенін, өнегелі өмір иесі болғанын толғаныспен, тебірене жеткізген еді. Бүгінде ол кісілердің өздері келместің кемесіне мініп кеткелі қашан.

Өмір жалғаса береді. «Дүниеден өткен кісілердің өмірі тірілердің жадында жалғасады» дегендей,  А.Дүйсековтың есімі мен атқарған еңбегінің нәтижелері ел жадында сақталарына күмән жоқ.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<