Жыр керуеннің жампозы

809

0

Сырдың бойы – талай дүлдүлдің мекені, талай бұлбұлдың тұрағы болған, топырағына өлең түнеген қасиетті мекен. Бір кезеңдерде, дәлірек айтсақ, IX-X ғасырлардағы тұтас түркінің ортақ абызы, оғыздың рухты ұзаны болған, мың жылдың үстінде уақыт өтсе де, күйлері мен жырларының мұрты шағылмай біздің заманымызға жеткен ұлы Қорқыт ата ғұмыр кешкен мекен бұл.

Қасиет пен киесі топырағынан даритын, мұнда дүниеге келген еңбегі былқылдаған сәбидің көмейі бүлкілдеп тұратыны әмбеге аян. Әрбір адамы қара сөздің қаймағын қалқа сөйлеп, қара өлеңнің шумағын шұбырта жөнелетінін көріп, ата-тектен үзілмей келе жатқан тегеурінді тінге еріксіз иланасың. Иланасың да, қазақы болмыстың тереңіне сүңгіп, түбіне жете алмай құмарлығыңды арттырасың.

Иә, бұл киелі өнердің басы да осы құмарлықтан басталады. Сыр сүлейлері туралы сөз қозғала қалса, қасиетті Қармақшы топырағы татаусыз тұлпардай басын шұлғып, жүйрік ойыңның алдына түсіп, сонау ерте дәуірлерден бір-ақ шығарады. Дүзелбайдың Құламаны, Жөнелдіктің Ешниязы, Дүзбембеттің Жиенбайы, Құламанның Тасбергені, Қожакелдінің Сүйкімбай мен Сүйіндігі, Шораяқтың Омары, Ізтілеудің Тұрмағамбеті сынды шашасына шаң жұқтырмай, ізіне жел ілестірмеген сөз бен саздың шын құмайларын көз алдыңа әкеліп, олардың руханиятқа сіңірген ерен еңбегін еріксіз мойындатады. Міне, бұл өлкенің ілкі замандардан өзіне тән ерекшелігі де осында жатыр. Қанша ғасырдан бермен қарай қара сөздің қасиетін жоғалтпай, қара өлеңнің киесін ұлықтаған топырақта әр дәуірде ұлттық өнерді өрге сүйреген өрелі оғландар өмірге келіп, руханият мәртебесінің биік болуына өлшеусіз еңбек етіп келеді.

XX ғасырдың 60-70 жылдары көмескілене бастаған жырдың отын үрлеп, басқаша келбет сыйлаған Көшенейден кейін, араға он жыл салып, қара түнді қақ жара ойнаған жайдың отындай жалт етіп, Әзіреті Әлінің кәпірге сілтеген зұлпықарындай жарқ етіп, қайғыға оранған қара шалдардың үмітін арқалап Алмас жырау сахна төріне көтерілген еді. Сол жылдардан бастап, асыл жырдың қоңыраулы көшінің жез бұйдасын уысынан шығармай, заманның қиындығын елемей өрге сүйреп келеді. Құдай бақ берген азаматтың жеткен жетістіктері таза жанкешті еңбектің арқасында келген, білген адамға тірнектеп жиған жетістік емес, екі дүниеде ортаймайтын биік абырой еді.

Профессор, жырау, педагог, өнертанушы Алмасбек Нұрмаханұлы Алматовтың өмірдерегіне тоқталар болсақ, 1956 жылы Қармақшы ауданы, Қорқыт станциясында туған. Жаңақала ауылындағы №185 орта мектептің түлегі.  Еңбек жолын өз ауылында жұмысшы болып бастады. Әскери қызметін өтеген соң, «Қарақ» метеостанциясының агротехнигі қызметін атқарды.

Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка-педагогика факультетінде оқып, «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамында өнер сахнасына шықты. Облыстық кәсіптік білім беру, мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығында жетекші маман қызметін атқарды. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ғылыми ізденушісі болып қабылданып, 1988-1990 жылдары консерваторияның «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырушылардың бірі және алғашқы меңгерушісі болды. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын ұйымдастырушы және алғашқы меңгерушісі. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қорқыт атындағы өнер зерттеу институтының директоры, 2012 жылдан Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры қызметін атқарып келеді.

А.Алматовтың жетекші, авторлығымен «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша негізгі жоғары білім беру мемлекеттік стандарты, оқу жоспары, оның толық оқу-әдістемелік кешені жасалды. Ол Білім, мәдениет, денсаулық, спорт министрлігінің бұйрығымен бекітіліп, жоғары оқу орнындағы арнаулы мамандық есебінде классификаторға енгізілді. Осы мамандық бойынша 1998-1999 оқу жылы алғашқы студенттер қабылданды. 

А.Алматовқа дәстүрлі өнерді дамыту барысындағы еңбегі үшін ҚР Мәдениет қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры секілді лайықты атақтар берілді.

Жампоз жыраудың өмірдерегіне қарасаңыз ғұмырын ата мұра, жыр өнеріне арнағанын байқайсыз. Алмас ағамен дастарқандас болған кез келген адам тереңнен тамыр тартатын келелі әңгімені қайта тыңдауға, зерделі жыраумен қайыра дастарқанда отыруға құмартар еді. Тағы бір қасиеті бір естіген әңгімені ұмытпай, неше жылдан кейін сұрасаң да, бастапқы қалпынан аудырмай айтып беретінінде. Бұл қасиеті кешегі қара шалдардың айтып кеткен есті де ескі әңгімелерін осы заманға жеткізді. Жиі болмаса да, ұстазымызбен кездесіп, шүйіркелесе қалғанда, қазынаға толы көне сандық көз алдымда көшіп бара жатқандай күйге түсем. Осыдан кейін бардың қадіріне жете алмай, жоқты шырақ алып іздеп жүретін адамда ақыл толық деп көр. Алайда, ұлттық өнерді өлтірмей, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші тұлғалардың бойында адам сенгісіз ерік пен жұрт сүйсінер жігер болатыны көп адамға беймәлім болуы мүмкін.

Отыз жылдың үстінде танитын әрі етене араластықта болған, бір кездері бағытымызды айқындаған ағамыздың бойына осындай ұлы қасиеттер тоғысқаны маған айқын.

Аймағымызда өнерге, өнерпазға деген дұрыс көзқарас бұрыннан қалыптасқан. Соның айқын дәлелі, облыстық мәслихаттың кезектен тыс 18-сессиясында жырау Алмасбек Нұрмаханұлы Алматовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданғанын естігенде жылы қабылдадық. Ол үшін облыс басшылығына, мәслихат депутаттарына алғыстан бөтен айтарымыз жоқ.

Жыраулар қолына қара домбыраны көлденең ұстап, халықтың ықыласына бөлене бастағаннан құрметті болғанмен, заңдастырылған құрметтің бәсі бөлек. Туған жердің құрметтісі болудан артық атақ, сол халықтың ықыласына бөленуден басқа мансап бар ма, сірә? «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді» деп шері мінез, шер көңілді Шерхан Мұртаза айтып кеткендей, Алмас ұстаз секілді тұлғалардың арқасында руханият керегесінің көгі сетінемей, уығы бұрынғы қалпынан айнымай келеді. Ол үшін замандас құрбы-құрдас, өкшелес іні-қарындастарының рахметі бір төбе шығар, ал алғаусыз алғыс, шексіз ризашылық келер ұрпақтан боларына сенімдімін.

Кестелі сөздің көрігін қыздырып, кемеңгер ойдың түйінін тарқатып, ескі әңгіменің жүлгесін керіп, немере-шөберенің ортасында апамыз екеуі аман жүргей.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жырау,  ҚР Мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<