Ананың көңілі телефонда, баланың көңілі…

1024

0

 Аялдама. Кезекті қоғамдық көлікті күтіп тұрғанбыз. Орта жастағы келіншектің қасында үш баласы ойнап жүрген. Үлкені мектеп жасына жетіп қалған, екеуі 3-4 жас шамасында. Әлгі келіншек қолына телефонын алып, орындыққа отыра кетті.
Жүзінде күлкі. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп отырғаны байқалады. Балаларын ертіп жүргенін естен шығарса керек. Бір кезде кішкентайлар бір-бірін қуалай жолға жүргіріп шықты. Аялдамада тұрғандардың жан дауысы естілді.  Жүйткіп келе жатқан жеңіл көлік  шиқылдап, әрең тоқтады.
Бәріміз селк ете қалдық. Құдай сақтап, жүргізуші тежегішті басып үлгерді. Ол сыртқа шығып, баланың амандығына көз жеткізді. Анасы да баласының жанына жеткен болатын. Жүргізуші баланы назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Аялдамада тұрған егде жастағы кейуана да осы құрылғының кесірінен талай оқыс оқиғаның орын алып жатқанын,  балаға қашанда зер салып отыру қажеттігін ескертті. Тіпті, келіні де телефонды ермегіне айналдырған, дастархан басында да қолынан түспейтінін айтты.
Бұрындары «ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сөзді жиі қолданатын едік. Алайда, бұл ұғым қазір өзгерген секілді. «Ананың көңілі телефонда, баланың көңілі …». Байқайсыз ба? Соңғы кездері баласын ұялы телефонмен алдайтын ата-аналар көбейді. Мұны күнделікті көріп те жүрміз. Мазасын алған баласына ұялы телефоннан түрлі ойындарды қосып, бере салады. Сосын бала отырады бір бұрышта телефонға шұқшиып. Міне, қазіргі баланың балалық шағы осылай өтуде. Асыр салып ойнап, суға шомылып, құмға қыздырынып өсетін бала аз. Өткенде бір ата-ана мақтанып отыр. «Балам еш бұзықтық жасамайды. Ұялы байланысты қолына берсең болғаны, тыныш отырады. Тіпті, тілін еркін меңгеріп алған. Білмегенімді баламнан сұрап отырамын» дейді. Бірақ, астарын ұғынатын түрі жоқ. Ананы телефонның бала денсаулығы мен санасына кері әсер беретіні қызықтырмаса керек.
Расында, жоғарыда келтіріп кеткен кейуананың пікірі орынды. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонды жақсы меңгерген. Жақында нағашы әжемнің жағдайын білмек болып хабарласқан едім. Хал-жағдайын сұраған соң әжем ұрыса бастады. «Неге хабарсыз қалдың? Денсаулығымды сұрап тұрмайсың ба? Болмаса, «Немерелер» деген чатқа тіркеліп ал. Сендерге арнайы ашып қойдым» дейді. Еріксіз күліп жібердім. Әжем 70-тен асқан. Бірақ, әлі тың. Менің күлгеніме «Не, бізді телефон ұстай алмайды дейсің бе? Жақында Ермек туған күніме смартфон әперді. Қазір бәрімен видеозванокпен хабарласамын. Баяғыдан бері айтпадыңдар ма?» – деп қалжыңдап қояды.
Айтпағым, таяқтың екі ұшы сияқты кез келген заттың пайдалы, зиянды жақтары болады. Біз бұл ойы­мызбен ұялы телефонды қолданба демейміз. Қайта заман ағымынан қалма, көшке ілесе біл. Тек әлеуметтік желімен орынсыз әлек болмасаңыз болғаны. Әйтпесе…
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<