4 НАУҚАС АНЫҚТАЛДЫ

111

0

 Биыл өңіріміздегі 139 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз деп танылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
– Табиғаттан кенені жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен уақытылы залалсыздандырып отыру керек. Соңғы жылдары Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басының энзоотиялық ошақ­тарының таралу аймағының өзгеруі байқалуда. Бұрын мұндай жағдайлар Шиелі, Жаңақорғанда тіркелсе, соңғы 2 жылда Қазалы, Қармақшы, Арал аудандарында кенелердің жұқпалылық деңгейінің артуы байқалады, – деді ол.
Қазір облыс бойынша КҚГҚ-ға күдікті 4 науқас анықталды, оның үшеуі Қызылорда қаласынан, біреуі Қазалы ауданынан, диагнозы лабораторлы түрде нақтыланған жоқ. Табиғи ошақтарды зерттеу мақсатында облыс бойынша 2507 кене сынамасы зерттеліп, оның 51-нен оң нәтиже, яғни, вирус анықталды. Сонымен қатар, өткен жылы кене шағу жағдайымен 565 адам медициналық көмекке жүгінсе, биыл 428 тұрғынға көмек көрсетілген. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 24,2 процентке төмендеген.
– Өңірімізде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын тасымал­дайтын иксодты кенелердің 6 түрі бар. Оның үшеуінен вирус анық­талған. Айта кету керек, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы 100% емделетін ауру. Өкінішке орай, науқастар нем­құрайлылық танытып, дәрігерге кеш жүгініп жатады. Табиғатқа демалуға шық­қанда, мал қырқымына қатысқанда, шөп шабудан кейін міндетті түрде тексеруден өту керек. Себебі, кейбіреуі кене шаққанын байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан сақтық шараларына аса көңіл бөлулеріңізді сұраймыз, – деді Ә.Әбдіқайымова.
Облыс­тық жұмылдыру дайын­дығы басқармасы басшысының орын­­басары Ғабит Жаңабаев айтуынша, тұрғындар арасында кене­ден сақтану, аурудың алдын алу мақсатындағы санитарлық тазалау жұмыстары пәрменді жүр­гізіліп жатыр. Сани­тарлық тазалау қызметі барлық ауылдарды аралап жүр. Сол қызмет түрін тұрғындар қорықпай пайдаланып, мал қора мен тауық кепелеріне дезинфекция жасатып алуы керек. Бұл қызмет тегін көрсетіледі.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».