АЛҒАШҚЫ ЖАҒДАЙ ТІРКЕЛДІ

263

0

Аймақта менингококты инфекцияның алғашқы жағдайы тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абудусаметов хабарлады.
– Инфекцияның алғашқы бел­гі­сін жұқтырған Жаңақорған ау­да­­нының 27 жастағы тұрғыны. Ол 31 мамыр күні жедел түрде ауру­­ханаға жатқызылды. Тексеру жұ­мыстары жүргізіліп, барлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Қазіргі күні жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Аталған жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан штаб құрылып, жұмысын бастады. Басқарма мен облыстық жұқпалы аурулар ауру­ханасы және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары осы ауданда жұмыс жүргізуде, – дейді Ж.Абдусаметов.
Айта кеткен жөн, тіркелген оқиғаға байланысты науқаспен қарым-қатынаста болған 11 адам анықталып, бақылауға алынған. Жаңақорған аудандық аурухана қызметкерлері тара­пынан үй аралап, аталған сырқатқа күдіктілерді анықтау және ақ­па­рат­тандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ, облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бұй­рығымен, облыс көлемінде менингококты инфекцияның алдын алу және ерте анықтау шаралары ұйымдастырылуда.
Жиын барысында  Ұлболсын Аханаева инфекцияның таралуы мен белгілеріне тоқталды.
– Инфекция негізінен сырқат адамнан ауа және тамшы арқылы таралады. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау, халық көп шоғырланған ортадан сақтану, бетперде қолдану өте маңызды. Мұндай диагноз 2014-2015 жыл­дары да тіркелген. Бірақ ерте алдын алу жұмыстарын жүргізу мен тұрақты ем қабылдаудың арқасында тіркелген азаматтар айықты. Сол себепті дене қызуы көтеріліп, бас ауырып, денеге бөртпелер шығып жатса, дереу көрінген абзал. Бұл індет ауа арқылы берілетіндіктен тез тарайды. Сақтық, алдын алу шараларын күшейтуіміз керек, – дейді ол.
Инфекциядан сақтанудың тиім­ді жолдарының бірі – вак­ци­нация қа­былдау. Ақылы екпе жұ­мыстары алдағы уақытта бас­талады. Оның құ­ны 22 мың теңге көлемін құ­райды.

М.ОТАРАЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<