Алма мен жүзімге субсидия төленеді

302

0

Облыстың кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпкерлер үшін «сүйінші» жаңалықты жеткізді. 

Осыған дейін, кәсіпкерлер палатасы ауыл шаруашылығы министрлігі қолданысқа енгіз­ген мамандандыру схема­сының жергілікті кәсіпкер­лердің құқығын шектеп отыр­ғаны жайлы мәселені түрлі алаңдарда көтеріп келген болатын.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің «Ауыл шаруашы­лығы өнімінің нақты түрле­рін өндіру үшін ауыл ша­руа­шы­лығы жерлерін оңтай­лы пайдалану бойынша өңірлер­ді ма­мандандырудың ұсы­­ны­­латын схемасына» сәйкес об­лыста бір­­қатар бағыт бой­ынша мем­лекет тарапынан бері­летін же­ңілдіктерге қол жеткізе алмай келген. Шиелі, Жаңақорған ау­дандарының тұрғындары алма өсірумен айналысқанымен, ма­мандандыру схемасында біз­дің облыс аудандарының еш­қайсысы да алма бағын өсіру бойынша басым бағыттар қа­тарында көрсетілмеген еді. Бұл бағытта іс бастап жүрген азаматтар субсидияға немесе «ҚазАгро» ҰБХ АҚ тарапынан берілетін жеңілдетілген қаржыны алуға қол жеткізе алмады. Көршілес Түркістанның кәсіпкерлері алма еккені үшін субсидия алатын болса, жанында тұрған Жаңақорған, Ши­елі аудандарының азамат­тарына бұл қолжетімсіз болды. Кәсіпкерлер палатасы Ми­нистрліктен кәсіпкерлерге тең жағдай жасап, бұл тармақты алып тастауын сұрады.

Біздің ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері картоп пен мақсары еккені үшін, сүт бағытындағы ірі қара мал өсіргені үшін де субсидиядан, сондай-ақ  «ҚазАгро» ҰБХ АҚ тарапынан берілетін же­ңілдетілген қаржыдан қағылып келді.

Кәсіпкерлер палатасының өңір кәсіпкерлерімен, облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масымен бірге тиісті ми­нистр­лікке берген ұсынысы қа­былданып, 2019 жылғы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ма­мандандыру схемасына өз­герістер енгізді.

Өзгерістерге сай ендігі жерде мақсары еккені үшін Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласының кәсіпкерлері, картоп еккені үшін Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданының, алма мен жүзім еккені үшін Шиелі мен Жаңа­қорған аудандарының, сүт ба­ғытындағы ірі қара мал өсіргені үшін Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының кәсіпкерлері суб­сидия, сонымен бірге «Қаз­Агро» ҰБХ АҚ тарапынан берілетін жеңілдетілген қаржы алу мүмкіндігіне ие болды.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<