ҚАЛТАЙДЫҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ

274

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстанның халық жазушысы, драматург, аудармашы Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған «Қаламы қарымды Қалтай» атты халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауы өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен шараға 11 халық театры және 1 драма ұжымы қазақ  әдебиеті  мен  театры тарихында драматургия жанрының кәсіби тұрғыда қалыптасып өсуіне, әлемдік сахна кеңістігінен орын тауып, өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қалтай мұрасын көп алдына алып шықты. Драматургтің «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Біз періште емеспіз», «Өзіме де сол керек» секілді пьессаларында кешегі мен бүгінгі күннің кейіпкерлерін ұштастырып, күлкілі оқиғаларға толы шығармалар қойылды.
Сахнагерлерге «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері сценарист, режиссер Оңталап Нұрмаханов бастаған мамандар төрелік етті.
– Қалтай Мұхамеджанов драматургияға бойлай, тұшына білген драматург. Оның кәсіби драматургиясын бүгінгі жастарға таныстыру, өнегесін сіңіру ләзім. Қалағаңның көркемдік әлемі – қазіргі қазақ драматургиясы мен театрындағы бірегей құбылыс санатынан орын алады. Мұның өзі қазақ сахнасы мен өнерінің, мәдениетінің төріндегі айтулы орнын айғақтайды, – деді Оңталап Нұрмаханов.
115 әртіс қатысқан байқауда Арал ауданы, Аманөткел ауылдық халық театры, Қызылжар ауылдық халық театры, Сырдария аудандық халық театры, Жаңақорған аудандық халық театры және Арал аудандық халық театры жүлдегерлер қатарында көрінді.  
Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша «Үздік режиссерлік шешім» – Ролан Бақтыбаевқа (Жаңақорған ауданы), «Үздік сценографиялық шешім» – Бақыт Шмановқа (Арал ауданы, Аманөткел ауылы), «Үздік әйел бейнесі» – Рахия Әбдікәрімоваға (Сырдария ауданы), «Үздік ер бейнесі» – Тоқтар Әжмұратқа (Жаңақорған ауданы), «Үздік эпизодтық роль» – Рыскүл Ұлықпановаға (Жаңақорған ауданы, Арман кенттік мәдениет үйі), «Үздік музыкамен көркемдеуші» – Мағжан Темалашовқа (Арал ауданы, Қызылжар ауылы), «Үздік костюм дизайнері» – Дана Жоламановаға (Арал аудандық мәдениет үйі) берілді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар, ақшалай сыйлықтар табысталды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<