Биыл елімізде «Наурызнама» тұжырымдамасы негізінде Ұлыстың ұлы күні ерекше аталып өтілуде. Онкүндік шараны аралдықтар ерекше тойлап жатыр. Мәселен, Амал мерекесінде айдынды атырап өнерпаздары керуен көш ұйымдастырып, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртты. Олар нағыз қазақы көштің үлгісін көрсетіп, мерекенің шырайын келтірді. Сондай-ақ қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер маңында тұсау кесер, сырға салу секілді салт-дәстүріміз дәріптелді. Одан бөлек бұл күні ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жастар алтыбақан аясында ән салды.
Ал 15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай шымылдық түрген шаралар қатарында «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» атты құрақ құрау, ұлттық бұйымдар, зергерлік сағаттар жасау және музей таныстырылымы, «Қыздар сұлу көрінер бұйымымен», «Аластау» және «Бесікке салу» секілді ұлттық салт-дәстүрлер көпшілік назарына ұсынылды.
Аралдықтардың мерекелік тартуы мұнымен толастамады. «Мейірімділік – ізгілік жолы» шарасына ұласып, кондитерлік және үй жағдайында жасалатын өнімдер көрмесі, «Шашбау тағу» көрінісімен қатар мерекелік концерттік бағдарламалармен толықты. Маңызды шаралары ертесіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен бастау алды. Жәрмеңкеде 60 тоннаға жуық өнім сатылып, оның ішінде 4,6 тонна ет өнімдері, 200 литр шұбат, 15 бас қой-ешкі, 12,7 тонна мұздатылған, 50 дана ысталған балық, 3 тонна ас тұз, 35 тонна көкөніс және азық – түлік өнімдері халыққа төмен бағада ұсынылды.
Жалпы бұл күн «Құланды», «Қосаман», «Беларан» және «Бекбауыл» ауылдық округіндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.
16-наурыз – «Шаңырақ» күнін тарихи-мәдени өркениетін қайта жаңғыртуды көздеген аудан жұртшылығы кең көлемде атап өтті.
Орталық алаңдағы мерекелік шаралар легі түрлі қазақы дәстүрмен толысып, театрландырылған қойылыммен жандана түсті. Ерекше маңызға ие онкүндіктің шараларына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев куә болып, отбасы құндылығын насихаттаған әр үйдегі қойылымдарды тамашалады.
Сән-салтанаты келіскен кешті аудан тұрғындарымен қатар шетелден келген туристер де тамашалап, халқымыздың ежелгі дәстүрлеріне қанықты.
«Шаңырағым – шаттығым» атты мерекелік концерттен бастау алған шара жас отбасылардың салтанатты неке қию, жаңа туған сәбидің ата-анасына туу туралы куәлік табыстау және отасқандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелерімен кездесу сынды рәсімдермен жалғасты. Бұл күні де кондитерлік және тұрмыстық тұтыну өнімдерінің көрмесі, ұлттық спорт түрі «Қол күресі» мен «Гір тасын көтеруден» сайыс өтті. Халқымыздың ежелгі тұрмыс салтынан сыр шертетін музей де келушілерге есігін айқара ашты.
«Шаңырақ» күніне сай «Шаңырақ көтеру», «Қыз ұзату», «Танабау байлау», «Бесікке салу» және «Тұсау кесу» сынды дәстүрлі қойылымдар көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал «Берекелі шаңырақ» атты жас отбасылардың неке қию рәсімі, «Отбасы – ең басты құндылық» қойылымдары мен «Ұлттық құндылық – тәрбиенің түп қазығы», «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» ұлттық дәстүрлер көрсетілімдері жұртшылықтың айрықша құрметіне бөленді.
Ертелі-кеш ұйымдастырылған дәстүрлі шара соңында «Шаңырақ – шаттық Отаны» тақырыбында Райым, Жетес би, «Қаратерең», «Жаңақұрылыс» ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйі өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.
17 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай ауданның орталық алаңында қазақ халқының ұмыт бола бастаған дәстүрлерін жаңғырту мақсатында өткен мерекелік шаралар көрермендерге ұсынылды. Мәселен, «Дәстүрдің озығы – бесік құда» атты ежелгі салттың мән-маңызын дәріптеген қойылымда құда түсудің көнеден келе жатқан үлгісі мен тәрбиелік тағылымы кеңінен көрініс тапты. Киіз үйлер төрінде «Ұрын бару» мен «Босаға майлау» дәстүрлері сахналанып, әр көріністен елдік пен ибалылықтың ізі сезілді. Сонымен қатар, «Аушадияр» салт-дәстүрінің қойылымы көпшілік көңілін баурап, ескі жырлармен әрленді. Алаңда ұлттық спорттан тартысты бәсекелер ұйымдастырылды: асық ату, гір тасын көтеру және көпшіліктің қызығушылығын оятқан арқан тарту сайыстары тұрғындарды бір серпілтті.
Айта кетейік, бұл күн «Аманөткел», «Мергенсай», «Сазды» ауылдық округтері өнерпаздарының «Көктем құшағындағы Наурыз» атты театрландырылған мерекелік концертімен қорытындылады. Жалпы Наурызнама онкүндігі халықтың көңіліне ізгілік нұрын сеуіп, рухтандырып қана қоймай, ерекше көңіл күй сыйлады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<