Асылхан Дүкенбаев: «Халал» той жүргізуді жөн санадым

3930

0

Фото: Kyzylorda-news.kz

Ұшқыр ойлы, көңілді де тапқырлардың отанына айналған «Жайдарман» – жастардың сүйсіне тамашалайтын әзілкештер сайысы. Осы алаңның майталманы атанып, халықтың көз қуанышына айналған «Қорқыт» құрамасы Сыр елінің мақтанышы.

2019 жылы «Көңілді тапқырлар алаңында» чемпион болған әзілкештер, қазіргі таңда жеке шығармашылықпен айналысуда. Қоғамның белсендісі, блогер, шоумен Асылхан Дүкенбаев та жастармен бір толқында. Осы орайда жайдарманшының өміріндегі жаңалықтармен танысып, емен-жарқын сұхбат құрған болатынбыз, деп хабарлады Kyzylorda-news.kz .

– Әзіл әлемінде жүргеніңізге ұзақ уақыт болды. Осы салада «әттеген-ай» деп бағындыра алмай кеткен белесіңіз бар ма?

– Бар жанарды жаулаған жайдарманды біраз уақыт ойнадық. Әзілдеп біздің құраманы жайдарманның «ақсақалы» деп айтқан кездер де болған. Халықтың қолдауы мен махаббатына бөлендік. 2011 жылы Жоғары лигаға өте алмасақ та, 2012-2013 жылдары III орынды иелендік. Негізі барлығымызды алға жетелеуші күш – бас жүлдені иелену ғой. Былай айтқанда әзіл әлемінде өзіңді дәлелдейсің. Жоғарғы лиганың чемпионы атануды қатты қаладық, алайда бұл бізге бұйырмаған бақ болды. Чемпион атанбасақ та, ел сүйген команда болдық. Десе де, жеңістен құр алақан емеспіз. 2019 жылы «КТА»-ның чемпионы атанып, құрамның, Сыр елінің намысын қорғадық. Үздік екенімізді дәлелдедік деп ойлаймын.

– Жайдарман сахнасында Сыр жастарының жаңа буыны көптен шықпады. Бұған не себеп?

– Жайдарман талай жастың жолын ашқан мүмкіндіктер кеңістігі. Алайда қазіргі облыстық әзіл сахнасының жайы мәз емес. Бұрын Жоғары лигада аймақ атынан кем дегенде 3-4 команда ойнайтын еді, қазір бұл арман. Сыр жастарының әзіл сахнасына шықпауының бірден-бір себебі – редактуралық жұмыстың дұрыс атқарылмауы. Ішкі чемпионаттың өз дәрежесіне сай өтпеуі. Әзілдерді дұрыс қадағаламау, «арзан» әзілдерге жол беру, тек «ішкі кухняға» ғана өтетін қалжыңдарды сахналау себеп. Яғни республикалық сатыға жарамайтын әзілдерді ұсыну – жаңа буынның жолына тосқауыл. Облыстың да әзілкештер бақталасында құлдырауына осы себеп. Бұрын аймақтан Қазақстан түгілі, ТМД көлемінде жарыққа шыққан әзілдер де болды. Қазіргі қалжыңдардың облыс шекарасынан аспайтыны жатқаны өтірік емес. Әзілді үлкен аудиторияға жазу керек. Ол үшін талант пен тапқырлық қажет қой. Ойлануды, жауапкершілікпен қарауды үйренетін уақыт келді деп ойлаймын. Редакторлар әзіл топтарына осыны ұғындыру қажет. Сол кезде мықты командалар шығатынына сенемін.

– Әлеуметтік желі арқылы халал тойды ғана жүргізетініңізді мәлімдедіңіз. Бұған не себеп? Бұл қадам тапсырыс санын азайтып, табысқа әсер етеді деп ойламайсыз ба?

– Қазірде той сұранысын жоғалтпаған. Халықта таңдау көп. Қандай асабаны қаласа, соны шақыруға мүмкіндік бар. Бұрын барға қанағат ететін. Қазір заман басқа, сұраныс бөлек, талғамның дараланған шағы. Таңдау бар, демек асабалықтың да дәрежесі өспесе, төмендемейтіні анық. Биылдан бастап «халал» тойға көшуді жөн санадым. Былтырдан ойда, жоспарда болған дүние еді. Бірақ алдын ала жазылып қойған тойларды бітіріп, жаңа жылға жаңа ережемен аяқ бастым. 1 қаңтар күні ресми түрде хабарлаған едім. Әрине, тойдың саны азаяды, алайда бұл мені еш қынжылтпайды. Өзім үшін дұрыс шешім деп ойлаймын. Ішімдік ішпеймін, ондай орталарды жақтыра бермейтінім де рас. Тапқан-таянғаным адал болсын деген ниет бастысы. Бұл жалғыз ғана себеп емес. Бағытымыз шығармашылық болғаннан кейін, сериал, киноға түскім келеді. Түсірілімдерге көп шақыратын. «Той» деп көп нәрседен бас тартқан кездерім болды. Уақыттың тапшылығы кісендеп қоятын еді. Ендігіде шығармашылығыма көңіл бөліп, жаңаша жоспарларды жүзеге асырмақпын.

– Әлеуметтік желіде сізді тамашалап және қолдап отыратын көрермендеріңіз жеткілікті. Аудиторияға жасайтын жарнамаңызға да назар салатындар аз емес деген сөз. Жарнама жасамас бұрын бірінші не нәрсеге көңіл аударасыз?

– Блогерлік – жауапкершілікті талап ететін медиа сала. Әрбір әрекетіңе, сөзіңе жауап беруге тиіссің. Белгілі аудитория сені бақылап отырады. Парақшама жарнамаға тапсырыс берушілер жетерлік. Бірақ оқырмандарға сапалысын ғана ұсынғым келеді. Не нәрсеге жарнама жасағанын білуге әрбір блогер міндетті емес пе? Көптеген әріптестерім ұрынып, ісі сотқа дейін жетіп жатқанын біліп жатамыз. Өте өкінішті, әрине. Сондай жағдайлардан аулақ болу үшін өнімге қатысты барлық мәліметтерді оқып шығамын. Өзіме ұнамаса жарнамаламаймын. Құмар ойын, букмекерлік кеңселер көп ақша ұсынады, бірақ ондай нәрселерден басымды алып қашамын. Адал еңбекпен таппаған ақшаның берекесі болмайды.

– Спорт бағытында да жемісті еңбек етудесіз. «Хан» атты футбол клубыңыз және мектебіңіз жұмысын жүйелі жүргізуде. Бұл клубты ашуға не түрткі болды? Қазақстандағы футболдың дәрежесі қандай?

– Қазақстанның футзалы әлемге әйгілі. Топ 5 қатарында. Мемлекет бюджетті үл­кен футболға құя береді. Әлемдік деңгейде үлкен футбол 98-інші орынды иеленген. Ақшаны қайда құю керектігін де біршама ойлау қажет шығар… «Хан» мектебі бұрыннан жұмыс жасайды. Клуб карантин кезінде ашылды. Сол уақытта той тоқтады. Спортқа жастық шағымнан жақынмын, футболға қызығушылығым жоғары. Уақытты босқа өткізбейін деген мақсатта достарыммен ақылдаса келе, қолға алған жоба. Клубқа ойыншыларды әр жақтан тартқанша, осы футбол мектебін бітірген балаларды мүше етіп алуды жөн санадық. Облыстық көлемде талай рет бас жүлдені иеленіп жүрміз. Республикалық деңгейде де асығымыз алшысынан түсіп жүр.

– Отбасыңызға ойыссақ. 3 бүлдіршініңіз бар. Бірақ өнер адамына уақыт тапшы емес пе? Балаларыңызға жеткілікті көңіл бөле аласыз ба?

– Құдайға шүкір, 3 балам бар. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Түзде көп жүрген соң сағынасың ғой, бала әке махаббатынан жұрдай болмауы қажет. Балаларыма ерекше көңіл бөлемін. Әңгімелерін тыңдап, солардың жасындағы баладай ойын қуатын да шағым аз емес. Қызым өте ақылды. Айтқанды лезде ұғып, сұрағаныңды екі етпей орындайды. Кішкентай болса да, қаржылық сауаттылығы жақсы қалыптасқан. Ақша жинасаң планшет әперемін дегенімде, расымен ақша жинап, қалаған планшетін алды. Үйде көп бола бермеймін, бірақ уақытым босаса балаларыммен сөйлесіп, жас болса да ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретемін. Болашақ туралы, қандай салаға, не нәрсеге қызығатынын сұрап отырамын.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<