Атырау облысында екі көлік соқтығысып, 7 адам мерт болды

514

0

Атырау облысында екі көлік соқтығысып, 7 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 16 шілдеде болған.

«Жергілікті уақытпен сағат 15:00 шамасында Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы тасжолының 82-шақырымы тұсында Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігі жолдың қарсы жолағына шыққан. Салдарынан Toyota Ipsum автокөлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі мен 1 жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал, 2 жолаушы түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік ротасының командирі полиция капитаны Әділбек Шахметов.

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттар жинақтап жатыр.

«Көлік жүргізушілеріне жол апатының арты ауыр зардапқа әкеліп соқтыратынын ескертеміз. Сол себептен, жүргізушілер өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарамағаны жөн. Жол апатына ұшыраған екі автокөліктің жүргізушісі бұрын бірнеше рет көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталып отыр», -деп мәлім етті Әділбек Шахметов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 4 көлік соқтығысып, екі адам көз жұмғанын жазған едік.

Сондай-ақ, Атырауда жол-көлік оқиғалары салдарынан мерт болғандар саны 8,8%-ға өскенін хабарлаған едік.

Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, биылғы 5 айда жол-көлік оқиғасы 5,4%-ға төмендеген. Алайда мерт болғандар саны 8,8%-ға өскен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<