Аудан әкімі футболшыларды қабылдады

361

0

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев футболшыларды қабылдап, құрмет көрсетті.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы соңғы жылдары футболдан аудан құрамасы көптеген жарыстардың жеңімпазы атанғанын тілге тиек етіп, игі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Дәуренбек Тәжімбетов Қазалыда шәкірт дайындап жатқанын ерекше атап өтті.

– Біз футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, жасындай жарқылдаған Дәуренбек Тәжімбетов мақтана аламыз. Кәсіби спортпен қош айтысқан жерлесіміз бүгінде туған жерге оралып, жас таланттарға өзінің білгендерін үйретіп, бапкерлікпен айналысуда. Халықаралық дәрежеде өнер көрсеткен Дәуренбек Шахитбекұлының тәжірибесі біз үшін ауадай қажет, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Мұнан соң футболдан аудан құрамасының бас бапкері мен футболшыларды «Алғыс хатпен» марапаттап, бағалы сыйлықты табыс етті.

Қабылдауда аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап та құттықтау сөз сөйлеп, аяқдопшылардың алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Дархан Ысқақов жаттықтыратын футболдан аудан құрамасының соңғы жылдардағы жетістіктері жаман емес. Аудан құрамасы 2018-2019 жылдары қатарынан екі рет облыстық «Алтын күз» спартакиаданы жеңіп алды. 2020-2021 жылдары қатарынан екі рет ересектер арасындағы облыстық турнирдің жеңімпазы атанды.

2021 жылы «Ақ бидай» спартакиадасында 1 орынды жеңіп алып, республикалық жарысқа жолдама алды. Сол жылы Ақтау қаласында өткен республикалық «Ақ бидай» спартакиадасында жүлделі екінші орынға табан тіреді. 2021-2022 жылдары футболдан әуесқойлар арасындағы аймақтық жарыстарда жеңімпаз атанып, Нұр-Сұлтан қаласында өткен ақтық сында өнер көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<