Аустралияда автобус аударылып, 10 адам қаза тапты

312

0

Фото: EPA

Аустралия өңірлерінің бірінде автобус жол апатына ұшырап, 10 адам қаза тапты, тағы 20-дан астамы ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.

Автобус жолаушылары жексенбі күні кешке шарап жасайтын елді мекендегі тойдан қайтып келе жатқан.

Көлік Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы Хантер-Вэлли өңірінде Грета қаласы маңындағы Уайн-Каунти-Драйвта аударылған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр. 58 жастағы автобус айдаушы ұсталды.

Апат жергілікті уақытпен 23:30 шамасында болған. Автобус тасжолдан айналма жолға бұрылыс кезінде аударылған.

Жергілікті полиция өкілінің сөзінше, қаза болғандар саны артуы мүмкін. 25 жолаушы ауруханаға жеткізілді, олардың екеуін ұшақпен әкеткен.

Автобус әлі де аударылған күйі жатыр, оның астында адамдар болуы мүмкін. Оқиға орнына автобусты көтеру үшін кран жіберіледі.

Полиция өкілдері апат болған кезде осы ауданда қалың тұман болғанын атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<