Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

209

0

Бүгін Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз) тапсыруға болады. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсушілер маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. «Жалпы, сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді», – делінген Білім және ғылым министрлігі мәліметінде.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, 2019 жылғы 18-20 қаңтар аралығында  ҰБТ өткізудің 74 пункті базасында тестілеу жүргізіледі. Еске сала кетейік, ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы 2018 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, тестілеуге қатысуға 35 838 адам өтініш білдірді. Оның ішінде, қазақ тілінде – 25 615, орыс тілінде – 10 162, ағылшын тілінде – 61 оқушы.
 ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 444 адамнан тұратын ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына облыстар немесе республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Қаңтар айында өткізілетін сынақта 520 аудитория пайдаланылады. Бұдан бұрын хабарланғандай, министрлік өкілі 2019 жылы өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің назар аударарлық бес пунктін атаған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<