Қазақстанда жастарға арналған киберспорт академиясы құрылады

263

0

Астанада  «Esports Academy» жұмыс атауын алған алғашқы киберспорт орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда жастарға арналған киберспорт академиясы құрылады. Алғашқы орталық жақын айларда Астанада ашылады. Орталық Esports Academy жұмыс атауын алды және ол үшін бағдарлама, ұйымдастыру және жарақтандыру туралы жоспар әзірленді.
Сондай-ақ, техникалық талаптар мен кадрлық құрам бекітілді», – делінген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Фейсбук парақшасында. Аталған дерекке сүйенсек, академия базасында CS:GO тәртібі бойынша жаттығу, оқу, шеберлік сағаттары және 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған турнир өткізіледі. Бұл базалық оқу-жаттығулар кездейсоқ таңдау емес. Бұл тәртіп әлемде кеңінен танымал, көптеген команда мен ұйымдар бар және осы тәртіппен кең ауқымды турнирлер өтеді. «Академияға ата-ана баласымен келіп барлық сұрақтарына жауап ала алады. Яғни, киберспорт деген не, өзін қалай ұстау керек, баланы ойнауға тыйым салу қажет пе және тағы басқа. Бүгінде киберспортты – мүмкіндіктер спорты деп атауға болады. Киберспорттағы жеңіс пен нәтиже көбінесе талдау, стратегия, командалық жұмыс және спортшылардың бейіміне байланысты», -деп көрсетілген мәлімдемеде. Қазақстанда алдын ала бағам бойынша кибер-индустрия контентінің 1,5 млн шамасында белсенді пайдаланушысы мен қолданушылары бар. Киберспортпен мыңдаған жастар әуестенеді, бірақ кәсіби түрде айналысушылар саны бірнеше ондаған ғана. Айта кетер болсақ, әлемнің дамыған елдерінде киберспорт – арнайы спорт түрі ретінде мойындалып, ол Олимпиада ойындарының ресми емес тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, хабарламада елімізде аталған спортты дамыту мен танымал ету жолында «Qazaq Cybersport Federation» федерациясы жұмыс істейтіні айтылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<