«GGG-Канело» трилогиясына нүкте қойылды – Головкин бокстан кетпейді

909

0

2017 жылы басталған «GGG-Канело» трилогиясына нүкте қойылып, мексикалық Сауль Альварес супер орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атанды. ҚазАқпарат аталған жекпе-жектің қалай өрбігені туралы шолу ұсынады.

Сонымен Лас-Вегастағы T-Mobile Arena стадионында Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы 12 раундтық бокс жекпе-жегі аяқталды.
«GGG-Канело» трилогиясының андеркардындағы 7 жекпе-жектің бірінде қазақстандық Әли Ахмедов жеңіске жетіп, екінші орта салмақтағы IBF NA және WBC Silver тұжырымдары бойынша чемипон атанды.
Кәсіпқой бокста бұған дейінгі 26 кездесуінің 15-інде жеңілген америкалық Габриэль Росадо Әли Ахмедовке қарсы айтарлықтай сәтті өнер көрсетті деуге болады. 10 раундқа созылған айқаста қазақстандық боксшы барлық раундтың қорытындысы бойынша жеңіске жетті.
Айта кетейік, «GGG-Канело» трилогиясының андеркардына бірінші болып америкалық Энтони Эррера (2-0-1) мен Делвин Маккинли (4-3-1) шыққан болатын. Аса жеңіл салмақтағы кездесу Маккинли көзінен алған жарақатына байланысты, мерзімінен бұрын аяқталды.
Тағы бір америкалық боксшы Аарон Апонте (6-0, 2 КО) мексикалық Фернандо Молинаның (8-0, 3 КО) бірінші орта салмақтағы жекпе-жегі тең аяқталды.
Ал жеңіл салмақтағы америкалық Марк Кастро (7-0, 5 КО) тағы бір мексикалық Кевин Мендосаны (6-1-2, 3 КО) бесінші раундта жеңіп кетті.
Тағы бір америкалық боксшы Диего Пачеко (15-0, 12 КО) пуэрторикалық Энрике Кольясоны (16-2-1, 11 КО)10 раундтық жекпе-жектің 5 раундында нокдаунға

жіберіп, артынша төреші айқасты тоқтатты.

Осылайша Диего Пачеко супер орта салмақтағы WBC титулын жеңіп алды.
Орта салмақта өткен тағы бір жекпе-жек Остин Уилиямс (11:0:0) қарсыласы Киерон Конуейден (18:2:1) басым түсті.
Ал бокс жанкүйерлері, соның ішінде Головкиннің жақтастары асыға күткен үшінші айқастың алдында Димаш Құдайберген Қазақстан әнұранын шырқап, жиналған жұртты бір желпінтіп тастады.
Кездесудің алғашқы раундарынан-ақ мексикалық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Геннадий Головкинге супер орта салмаққа ауысу оңай болмағандай көрінді. Ал Канело раунд сайын қарқынын үдетіп, GGG-дің бір соққысына 2-3 соққымен жауап қайтарып отырды. Ол еңбегі еш кетпей, екінші раундтың аяғында қазақстандық боксшыға алғашқы қауіпті соққы дарыды. Үшінші раундқа Головкин шекесі қызарып шықты.
Қазақстандық боксшы бесінші раундта тағы бір қауіпті соққыны өткізіп алды. Осылайша төрешілер Альварестің бүкіл раундтарда басым келе жатқанын тіркеді.
Айқастың 9 раундына дейін Геннадий Головкин аса бір белсенділік таныта қоймады. Қарсыласының құлаштап ұрған соққыларынан сақтанған тәжірибелі GGG алаңда шыр айналып жүріп жұдырықтасуға мәжбүр болды. Ал «Канело» қазақстандықтың шабуылдарын басталмай жатып тойтарып, бірінші нөмірмен әрекет етті.
Тоғызыншы раундта Головкиннің сол қолмен тік соққан «джебі» мексикалықты теңселтіп жібергендей болды. Геннадий осы қарқынын үдетпек болғанымен, мексикалық тас-түйін қорғанысқа көшіп үлгерді. 11,12-раундтарда 32 жастағы «Канелоның» да шаршай бастағаны аңғарылды. Ұпай саны бойынша ұтылып жатқандықтан, GGG әр соққысына салмақ артып, кездесу тағдырын шешетін жойқын соққы дарытуға тырысып бақты. Соны сезген Альварес ақырғы екі раундта қаша жүріп ұрыс салды.
12 раундтың соңғы минутындағы айқас Головкиннің кездесу қорытындысымен іштей келісетінін көрсетіп тұрды.
Төрешілер де бұл жолы трилогияның түйінін көп күттірген жоқ. Жеңіс бір ауыздан мексикалықтың еншісіне жазылды. Геннадий Головкин оған бола көңіл күйін түсірген жоқ.
Ал Альварес қарсыласына алғыс айтып, ізет білдірді.
«Головкин, бәрі үшін рахмет! Біз жанкүйерлерге үш әдемі айқас сыйладық. Рахмет, досым!», – деді «Канело».
Кәсіпқой мансабындағы ең қауіпті қарсыласы Сауль Альварестен екінші рет жеңіліс тапқанына, жасының 40-та бол болғанына қарамастан, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстан әлі кетпейтінін мәлімдеді.

«Әрине, менің үлкен жоспарларым бар. Көздеп жүрген қарсыластарым көп. «Канелоны» құттықтаймын және бүкіл бокс жанкүйерлерін құттықтаймын. Жігіттер, естеріңде болсын, менің орта салмақта үш белбеуім бар. Мені әлі ораламын. Мені әлі де болса чемпионмын»,- деді Головкин.
Супер орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткен шайқаста жолы болмаған Головкинге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон шалып, қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы Головкинге Қазақстандағы ең үздік ұлттық чемпион екенін айтқан.
«Сен жанкүйерлер үшін әлемдегі және еліміздегі ең үздік ұлттық чемпион болдың және чемпион болып қала бересің. Біз сені мақтан тұтамыз!» – деді Президент.

40 жастағы GGG мен 32 жастағы Канелоның текетіресі осыдан 5 жыл бұрын басталған-ды. Америка Құрама Штаттарының Лас Вегас қаласындағы «T-Mobile» аренада өткен жекпе-жек қазақстандық боксшының кәсіпқой мансаптағы жеңіссіз аяқталған алғашқы айқасы болып тіркелді. Әділетін айтсақ, отандасымыз кәсіпқой алаңда жолықтырған ең қауіпті қарсылас та осы Канело болатын. Бұған дейін Геннадий Головкиннің командасы оның салмағындағы талай мықтыға ұсыныс тастағанымен, ол талпыныстардың бәрі сөз жүзінде қалған. Әсіресе Геннадий Головкин нағыз бабында болған кезеңде промоутерлердің оған лайықты қарсылас шақырып бере алмағаны барша қазақстандықтың есінде шығар.
2017 жылға дейін Головкиннің командасы мексикалық Сауль Альвареске де бірнеше рет ұсыныс тастаған. Қазіргі күннің биігінен қарап, Канелоның командасы қазақстандық боксшымен шығатын ең оңтайлы сәтті жылдар бойы ыждағатпен күткенін сеніммен айтуға болады. Ол оңтайлы сәт 2017 жылы келді. 35 жасқа дейін өзінің деңгейіндегі бокс шеберлерінің ешбірімен қолғап түйістірудің ретін таба алмай, өзінен әлдеқайда осал қарсыластарын қуып жүріп сабап үйреніп қалған GGG-ге 27 жасында жалындап тұрған Сауль Альварес қатты қарсылық көрсетті. Есесіне бұл кезге дейін Канело отандасы Габриэл Мартинес, Мигель Васкес, Шейн Мосли, Флойд Мейуезер, Эрисланди Лара, Мигель Котто, Әмір Хан, кіші Чавес Хулио Сесар сияқты өз дәуірінің аты шулы спортшыларымен кездесіп үлгерген болатын. Ал қазақстандықтың кәсіпқой мансаптағы статистикасында аталған боксшылармен шендесе алатын бір де бір қарсылас болмаған. Мұны біреулер қазақстандық боксшының атымен бизнес жасап жүргендердің стратегиясы сауатсыз болғанынан көрсе, бірі Головкиннің ұсынысын қасақана елемей қойған боксшылардың қорқақтығы деп бағалады. Сол «қорқақтардың» ішінде Сауль Альварестің өзі де бар болатын. 2016 жылы тіпті GGG-мен қолғап түйістірмеу үшін чемпиондық атақтарының бірінен бас тартқаны елдің есінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<